Жаяу жүргіншіге жағдай жасалса

Жақында базар маңындағы көше қиылысына бағдаршам орнатылды.

Қазір Құлсары қаласы көшелерінің көп жерлеріне жаяу жүргіншіге арналған жол белгілері қойылып, арнайы ақ жолақтар төселді. Ал түнгі мезгілде автокөлік иелерінің жолды кесіп өтіп бара жатқан адамды анық көруі үшін белгіге қоса жарық шамдар орнатылды. Тіпті орталық көшелерде көлікпен келе жатып «Сақ болыңыз, жаяу жүргінші!» деген самаладай жарқыраған жазуды анадайдан көруге болады. Мұның барлығы қала ішіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан игі шаралар.

Алайда, мұндай жақсы бастамадан қаланың шеткі көшелері құр қалып жатыр. Мәселен, Мақсот Таңқыбаев көшесінің бойындағы 9-уческе мен «СМП-224» ауылының аралығындағы жалғыз жаяу адамдар өтуге арналған жерді түнгі мезгілде автокөлік жүргізушісі түгілі жаяу адамның өзі аңғармайды. Өйткені ол белгінің тұсына орталықтағыдай жарықшамдар орнатылмаған, ақ жолақ та төселмеген. Жол белгісінің өзі үп еткен желге шыдай алмай жерге түсіп қалды. Ал бұл жер тоғыз жолдың торабында орналасқан.

Олай дейтініміз, теміржол өткелінен (шлагбаум) ағылған көліктер нөпірі осы көшедегі тасжолға соқпай кете алмайды. Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Тұрғызба ауылдары мен әрісі Теңіз кенішінен ағылған сан қилы автомашиналар қалаға кіру үшін бірден осы жолға табан тірейді. Бұл жердегі теміржол өткелі - Құлсарының қақпасы, ал М.Таңқыбаев көшесі кіреберіс іспеттес. Ал оның бойында көз тартарлық жол белгісінің болмауы, ең алдымен, жаяу адамның қауіпсіздігіне қатер төндірсе, екіншіден көше көркіне де көлеңке түсіріп тұр. Қараңғыда жаяу жүргінші өтуге арналған жол белгісінің көзге шалынбауынан өткелден өткен көп көліктер жылдамдықты шамадан тыс арттырып жібереді. Тіпті бірін-бірі басып озып, желмен жарысатындар жетерлік.

Сондықтан бұл жерге күндіз де, түнде де көзге түсетін көрнекі жаяу жүргінші жол белгісін мықтап орнатқан абзал. Осы тектес жол белгісін қондыруды қажет ететін жерлер қаланың орталығында да бар. Соның бірі – Орталық базар маңы. Мұндағы барлық сауда орындары И.Тайманов көшесінің бойында орналасқан. Өкінішке орай, бұл жерде жаяу жүргінші өтуге арналған жалғыз-ақ «пешеход» тұр. Ол - «Теңізавтокөлік» ЖШС-не қарасты Автобекет пен «Шаңырақ» ойын-сауық кешенінің автотұрағы аралығына қондырылған. Әрмен қарай жүрсеңіз ешқандай жаяу жүргінші жол белгісін көрмейсіз. Ал 4-учаске жақтан келе жатқан адамдардың, амалсыздан, жол ережесін бұзып, тасжолды белгіленбеген жерден кесіп өтуіне тура келеді.

Расында да Орталық базар мен «Болашақ» базардың аралығы күні бойына ерсілі-қарсылы ағылған адамдарға толы. Олар онсызда тар көшенің бойымен әрлі-берлі сеңдей соғылысқан көлік нөпірімен жағаласып, тасжолды қиып өтуге мәжбүр болады. Соның салдарынан, кейде апаттық ахуал да туындап жататыны жасырын емес. Жақында базар маңындағы көше қиылысына бағдаршам орнатылды. Енді көп ұзамай жаяу жүргінші жол белгісі салынса, нұр үстіне нұр болар еді. Халықтың ең көп қатынайтын жері - базар. Ендеше жергілікті құзырлы органдар «Беркад» ЖШС мен «Болашақ» базарларының аралығына тағы бір жаяу жүргінші жол белгісін орнатып, қарапайым халықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасар деген сенімдеміз.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521