Білім-Ғылым

 Біздің оқушылар түрлі шетелдік жоғары оқу орындарында оқуға шақырту алып, қуантуда. Жуырда ғана 12-сынып оқушысы Искандер Искалиев Канаданың Калгари қаласында орналасқан Калгари Университетіне шақыртылса, білімді де зерек қыздар Ақжүніс Атабай мен Айнұр Екпін Катардағы Northwestern Universitу-ге грантқа түсіп, ұстаздарын ерекше қуанышқа бөледі. 

Тәрбиеші – ол жүрегі жақсылық пен жаңалыққа толы ұлы тұлға. Сол бойындағы барлық білім мен білікті, тәрбиені баланың жүрегіне жеткізү – үлкен қасиет. Міне, сондай асыл қасиеттер өн бойынан табылатын тәрбиешілер туралы сөз қозғамақпын. Олар қаламыздағы «Өркен» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі міндетін атқарушы Бақытгүл Жақсылықызы Есенова, әдіскер Искакова Салтанат Әбішқызы, «Дарын» мектепалды тобының тәрбиешілері Жұбаева Нұржамал Ерсайынқызы, Жумалиева Жамила Бейбітбайқызы, көмекші апай Балжан Қасымқызы туралы болмақ.
Бала жанын терең ұғына білетін, талапшыл, мәдениетті, кішіпейіл, ата-аналармен жақсы қарым-қатынас орната білген баламның тәрбиешісі Нұржамал Ерсайынқызының жақсы қасиеттерін өз баламның бойынан танып, көріп келемін. Нұржамал Ерсайынқызына балам Байболсын 3 жасынан бастап барды. Балабақшаға барған кезден бастап осы апайын қатты жақсы көреді. Тәрбиешісіне бауыр басып, ашылып, пысық болды. Апайы іс-шараларға үнемі қатыстырады. Соның арқасында Байболсын түрлі ертегілер арқылы шындалып, қатысқан байқауларынан орын алып жүр. Әр орын алған сайын балам қуанып, алға қарай ұмтыла берді.
Жақында өткен Мұқағали Мақатаевтың жырларын оқудан балам I орын иеленді. Енді Абай оқуларына қатысқалы жатыр. Жанында сондай білікті тәрбиешілері бар да Байболсын тағы да жетістікке жетеді деп сенемін. Бастысы орын алуда емес, бастысы – тәрбиешісінің баламды талпындырып, шыңдап, байқауларға қатысуына құштарлығын оятуында. Ал оның осы жетістіктеріне біз бір мақрайып отырамыз. Ал Жамила Бейбітбайқызы Байболсынға осы жылдан бастап тәлім беруде. Осы аз уақыттың ішінде екеуі жақсы тіл табыса білді. Өте мықты маман. Баламен жақсы қарым-қатынаста. Мәдениетті, жүзі жылы. Шараларға қатыстырып, жүлделі орындар алуына септігін тигізіп жүр. Баламның жетістікке жетуі, алға ұмтылып талпынуы – осы тәрбиешілердің арқасы.

Таңертеңгісін Байболсын бақшаға кіргеннен "Апай сәлеметсіз бе!" деп, бар дауысымен шаттана амандасады. Үнемі өзім апарамын ғой. Көтеріңкі көңіл-күймен, сағынып, қуанып кіріп барады. Әрине бұл да тәрбиешілерінің жылы шырай танытып, қарсы алғандығы шығар деп ойлаймын. «Апай мені мақтады, апай құшақтады» деп мәз болып айтып отырады. Баламның осындай мейірімді, жаны жайсаң, кішіпейіл тәрбиешілерінің болғанына қуанамын.

Тәрбиешілері Нұржамал Ерсайынқызына, Жамила Бейбітбайқызына мықты денсаулық, еңбегіне мол табыс тілей отырып, үлкен алғысымды білдіремін!

«Өркен» бөбекжай-бақшасының «Дарын» мектепалды тобының тәрбиеленушісі Байболсынның атасы Бақтығали ЖИЕНҚҰЛОВ

Бүгін Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссиясы және Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен «Анашым, мені тыңдашы!..» акциясы негізінде мерекелік іс-шара өтті.
Аталған жиынға ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиясының мүшесі, Атырау облысының кураторы Альфия Адиева және Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Әжіғалиева, комиссия мүшелері, ата-аналар, ұстаздар мен студенттер қатысты.

–Наурызнама мерекесімен астасқан шарада 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай ұлттық ойындар ойнау да қалыс қалмады. Жарапазан айтылып, Ұлыстың күнінің мәні айшықталды. Өнерлі студенттер домбырада күй шертіп, мың бұралған би мен әннен шашу шашты. Ана мен қыз бала әлеміндегі сәулелі сырды ашу үшін студенттер қойылым қойып, тақырыпқа назар аударды.

“Анашым, мені тыңдашы!.. деп жазылған жүздеген хат ортаға ұсынылды. Оны келген қонақтармен бірге ата-аналар да оқып, перзенттерінің алғысқа толы жазбаларына толқыған сезімдерін жасыра алмады, – дейді колледж директоры Айжан Қарабаева.

Жиында «Анашым, мені тыңдашы!..» жобасының авторы Альфия Адиева аталған жұмысының мәні мен маңызына айрықша тоқталды.

–Негізінен бұл жобаның авторы мен емес, авторы қоғам екенін атап айтқым келеді. жасыратыны жоқ, қазір таңмен тұрып ұялы телефонды ашып қалғанда неше түрлі сұмдық жаңалықтан, қатігездіктен шошимыз. Мұның түбіне үңілсек, «болып жатқан жайттың барлығы бүгінгі тәрбиенің осалдығының салдары ма?» деген орынды сұрақ туады. Өйткені қазір ана мен бала арасында диалог жоқ. Ана басқа тілде, қызы басқа тілде сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады. “Сен менімен сөйлеспейсің, ватсапта отырасың” деген баланың ішкі жан дауысы бар. Соны тыңдай білейік, бір сәтке телефонды ысырып, баламызға мән беріп қарайықшы деген ойдан туған еді бұл жоба, – дейді идея авторы.

Айта кеткен жөн, бүгінде аталған колледжде 1309 қыз бала оқыса, жоба аясында анаға арналған 700-ден аса хат жазылған. Әрбір хаттың айтары бар. Сондықтан бүгінде қыз тәрбиесі үшін бұл жобаның маңызы жоғары. Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор басқосу “Қазақ қызы” әнімен қорытындыланды.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Ұстаз деген - ұлы ұғым. Ұлы деп танылған тұлғалардың бәрі де осы ұстаздан тәлім алған. Біз алғашқы ұстаз деп танитын Аристотельді де, әлемге аты әйгі Әл-Фарабиді де, ғылым қуған Диотты да ең алғаш білім нәрімен сусындатқан осы ұстаздар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірттің зейінін ашып, белгілі бір салаға қанат қақтыратын да осы ұстаз болмақ. «Ұстазының дәрежесі төмен болған мемлекет дамымақ емес» немесе «Бүтін бір елді жойғың келсе, оның білім жүйесін құрт. Білім жүйесін құртсаң, ол ел соғыссыз-ақ өзінен-өзі құлдырайды» деген қағидалы сөздер бар әлем саясаткерлерінің арасында.

Әрине, бұл нақылды бекерден бекерге мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Өйткені, біз де сол сөзден сабақ алып, ұлағатты ұстаздардың дәрежесін әркез көтеріп жүруіміз керек. Қазір де оқушысын өз баласынан артық уайымдап отыратын ұстаздар жетіп артылады. Соның бірі - №1 мектептің математика пәнінен дәріс беретін Фарида Төреханова. Қаталдық көрсеткенімен, оқушыға болсын деген мейірімді мінезі айрықша байқалады.

Фарида Бақтығалиқызы 1965 жылы 18 наурызда бұрынғы Гурьев қаласында дүние келген. 1990 жылы Гурьев педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетін математика және физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын осы өндірістік өңірде бастап, көптеген құлсарылық оқушының «ғылымның атасы – математикаға» деген құштарлығын оятқан. 1990-2014 жылдар аралығында қаладағы №1, кейін №7 мектепте, содан соң №24 мектеп-гимназияда ұстаздық қызметте болып, алғашқы жасаған оқу ордасына кері оралады. Міне, содан бері он жылға тарта уақыт осы №1 мектепте еселі еңбек кетіп келеді.

Осы жылдар ішінде Фарида Бақтығалиқызының еңбек жолында жеткен жеңісті жетістіктері де сан алуан. 2018 жылы республикалық «Қазақстан ұстазы» және «Дарын» қашықтық олимпиадасынан ІІ, ІІІ дәрежелі дипломды иеленіп, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сол жылы облыс орталығындағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін омырауына тақты. 2019 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған ұстаз. 2020 жылы «ust.kz» халықаралық алгебра пәнінен өткен ұстаздар олимпиадасының І дәрежелі дипломын жеңіп алып, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен ұлығыланды.

Әрине, айта берсе, ұлағатты ұстаздың негізгі мамандығынан бөлек көпшілік біле бермейтін қасиеті мен жеткен жетістіктері аз емес. Фарида Бақтығалиқызы тек қана математикамен шектеліп қалмай, қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын да асқан қызығушылықпен оқиды. Соның әсерімен кей кездерде қалам тербеп, жыр жазатыны да бар.

Шәкірттерге тек қана арнаулы пәнін ғана меңгертіп қоймай, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жаңа қанат қаққалы тұрған жас түлектерден ақыл-кеңесін де аяп көрген емес. Сондықтан да Фарида апайдың шәкірттері ұстазын 10, 20 30 жылдан кейін де ұмытпай, алтын ұясына кері оралып, мұғаліміне құрмет көрсетіп жатады. Бұл сөз жоқ, парасатты педагог мамандығының мәртебесі ел арасында, соның ішінде, жастар ортасында әлі де жоғары екендігін көрсетсе керек.

Ерназ Ахметкәрімов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында  «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деген еді.

Жаңа мектептер салынып жатыр...

Президент өз сөзінде тұрды. Қазір өзге өңірлер секілді «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Құлсары қаласының «Атырау» ықшамауданынан да ұстаздар мен шәкірттер үшін өте қолайлы 1200 орындық жайлы оқу ордасының құрылысы жүріп жатыр. Жақында "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарма төрағасының ұлттық жоба және өңірлік даму жөніндегі орынбасары Амангелді Саттаров келіп, құрылыс қарқынын бақылады. Амангелді Серікұлымен бірге аудан әкімі Жұмабек Қаражанов та болып, бой көтеріп келе жатқан оқу ордасының қазіргі ахуалымен таныстырды. Былтырғы жылы басталған құрылыс жұмыстары, негізінен, 2024 жылдың соңында аяқталуы тиіс.

Жалпы қазір қарап отырсақ, ауданымызда жалпы орта білім беретін 20 мектеп бар екен. Бүгінгі таңда, осы оқу ордаларында 18 903 оқушы білім алып жатыр. Құлсары қаласы мен аудан орталығына қарасты ауылдық округтер орталығындағы елді мекендер аумағының жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын ескерсек, онда бұл білім ошақтары шәкірттер үшін тарлық етуі мүмкін. Сондықтан да Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірден жайлы бір емес, сайлы бірнеше мектеп салуға тура келеді. Бір қуанарлығы, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде өткен жылғы білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттемелер туралы брифинг өткізген аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова мәлім етті.

Оның айтуынша, Құлсары қаласындағы №5 Абай атындағы орта мектебінің апаттық жағдайдағы бастауыш сынып ғимараты бұзылып, орнына 300 орындық жаңа мектеп ғимараты салынды. Ол өткен жылғы 1 қыркүйекте пайдалануға беріліп, ұстаздар қауымы зор қуанышқа кенелді. Бұдан басқа былтыр Құлсары қаласының“Береке” ықшамауданынан 600 орындық мектеп құрылысы басталып, күні бүгін құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Бір жақсысы, құрылыс жұмыстары жалғыз мұнымен шектеліп қалмайды. Биылдан бастап қаладағы №20 орта мектепке 180 орындық қосымша оқу ғимараты салына бастайтын болады. «Жылыой ауданының 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарына» сәйкес Майкөмген ауылының №17 орта мектебіне 300 орындық жаңа оқу ғимараты салынады. Дәл осы тектес жаңа мектептер Жем, Қара Арна, Ақкиізтоғай ауылдық округтерінен де салынады. Атап айтқанда, Тұрғызба мен Шоқпартоғайдан 600 орындық, Ақкиізтоғайдан 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталады. Бұдан басқа, Құлсары қаласының “Шұғыла”, “Жадырасын”, “Атырау”, “Болашақ”, 5 ықшамауданынан да жаңа білім ошағы бой көтереді деп жоспарланған.

Құлсары қаласынан «Атырау», «Болашақ», «Жадырасын», «Теміржолшылар» ықшамаудандарынан және Қосшағыл ауылынан – барлығы 7 балабақша құрылысын салу, сонымен қатар, апатты деп танылған Шоқпартоғай ауылдық округіндегі «Балдәурен» балабақшасының орнына ТШО арқылы 280 орындық жаңа балабақша құрылысы 2024 жылдың наурыз айында бастау жоспарланған.

Гүлжансара Қалиқызы брифингте жалпы білім беру бөлімінің 2023 жылы алдына қойылған міндеттерінің орындалғанын атап өтті. Соның бірі – мектеп пен балабақшалардың күрделі жөндеу жұмыстары. Былтыр үш мектеп пен үш балабақшаның жөндеуіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, №7 мектептің күрделі жөндеуіне қаражат қарастырылған.

Расында да, бүгінгі орта мектептердің жағдайы қалай? Гүлжансара Таңатарова олардың қазіргі материалдық-техникалық жағдайы туралы да баяндады.

- 2023 жылы Қосшағыл ауылындағы №2 және Құлсары қаласындағы №18 М.Сатыбалдиев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден, «Республикадағы 1000 мектеп» жобасымен №2 және Жаңа Қаратон кентіндегі №23 орта мектептер жаңғыртудан өтті. Ұлттық қордың қаржыландыруымен 12 мектепке 3 млн 900 мың теңгеге «Робот конструктор» жинағы берілді. ТШО қаржыландыруымен №8 мектепте «СТЕМ» кабинеті алынды. Қарағай елді мекенінен балаларды тасымалдау үшін заманауи автобус алынды. Биылғы жылы №1, №7, №9, №22 – барлығы төрт орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда техникалық сараптамалары дайын, №7 орта мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір, мемлекеттік сараптамадан өту үшін қаражат бөлінді. Енді қалған үш орта мектептің және «Аққайың-1», «Еркемай», «Әсем-1». «Құлыншақ» – барлығы төрт балабақшаның күрделі жөндеуден өтуі үшін ЖСҚ жасауға облыстық білім беру басқармасына бюджеттік өтінім берілді,-дейді Г.Қалиқызы.

62 маман жетіспейді

Гүлжансара Таңатарваның берген мәліметіне сүйенсек, өткен 2023 жылы ауданның білім саласына барлығы 18 млрд. 35 млн.  193 мың теңге қаражат бөлініп, оның 99,9 пайызы игерілген екен.

Бөлім басшысы мектептердің материалдық-техникалық жағдайы жөнінде әңгімелеп қана қойған жоқ, ондағы білім сапасы мен тәрбие діңгегі жайлы да баяндады. Өйткені, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №726 «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекіту туралы» қаулысында білім сапасын арттыру жөніндегі жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті. «Олар - білім беру процесіне қатысушылардың үздік білім беру ресурстары мен технологияларына бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету, жылдам өзгермелі әлемде табыстылығын қамтамасыз ететін білім алуға деген білім алушылардың сұраныстарын қанағаттандыру,»-деді ол.

Оның айтуынша, биылғы оқу жылында аудан оқу ордалаарында білім алып жатқан 18 903 оқушының білім сапасының көрсеткіші – 55,6 (55,2% (+0,4%), үлгерім- 100 % (0). Өткен оқу жылында 19 түлек «Алтын белгі», 25 оқушы «Үздік аттестат» иегері болған. Биылғы үміткерлер саны – 34. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 600 түлек қатысып, орта балл 55,7. болып, былтырғымен салыстырғанда айырма + 5,3 құраған. 190 түлек мемлекеттік грант иегері атанып, түлектердің 80% жоғары, арнаулы оқу орнына түскен.

Жаңа мектептер бой көтеріп, барының оқу ғимараты жаңартылып, ұстаздар мен оқушыларға жайлы жағдай жасалса, онда білім мен тәрбие көрсеткіші бұрынғыдан да жоғарылар деген үміт бар. Ол үшін, әрине, мамандар мәселесін де қатар шешуге тура келеді. Өйткені, жаңа білім ордалары сапалы кадрларды қажет етеді. Білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

-Орта білім беретін мектепте – 1804, мектепке дейінгі мекемелерде 555, қосымша білім беру ұйымдарында – 134 – барлығы ауданда 2493 педагог еңбек етеді. Олардың жоғарғы, І санат және жаңа жүйе бойынша «Шебер», «Зертеуші», «Сарапшы» санаттарын алғаны 33,4 пайызды құрайды. 2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің №57 бұйрығына сәйкес, конкурстық негізінде 117 мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың ішінен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 11 жас маман жұмысқа орналасты. Өткен жылы білім жетілдіру курсынан 143 педагог өтті,-деді ол.

Дегенмен де, білім беру ұйымдарына 62 маман жетіспейді. Әсіресе, орыс сыныбының мұғалімдері қат. Мамандармен қамтамасыз ету мақсатында облыстық білім беру басқармасына, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, басқа да жоғарғы оқу орындарына мамандар жәрмеңкесіне қатысуға хат жолданды. Сонымен қоса қабат, жас мамандар мен зейнеткер ұстаздарды жұмысқа тарту, артық жүктеме арту арқылы бұл тапшылықты жою жұмыстары жүргізілуде.

1359 бала кезекте тұр

Мектептер мен балабақшалардағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын «дабыл түймелерімен», турникеттермен, мамандандырылған күзетпен және ішкі істер органының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Бұл мақсатта:

-Өткен жылы 142 млн 790 мың теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде, балабақшаларға – 94 млн 896 мың, мектепке 47 млн. 894 мың теңгеге заманауи скут, металл іздегіш, қосымша бейнебақылаулар алынды. Күні бүгін, барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен, турникетпен, мамандандырылған күзетпен қамтылып, 20 мектеп пен 20 балабақшаның «дабыл түймесі» аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығына қосылды.

Әрмен қарай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру хақында хабарлама жасаған білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Таңатарова Қадақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №249 Қаулысымен бекітілген «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндаманың басым міндеттерін атап өтті. Соның бірі – барлық бала үшін мектепке дейінгі тәрбие мен сапалы білім алуға теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету.

-Иә, ауданда да ел ертеңін 2 жасынан бастап мектепке дейінгі біліммен қамтуға қатысты шаралар қабылданып жатыр. Бұл ретте ата-ананың формат таңдау құқығы бар: үйде, орталықтарда немесе балабақшаларда тәрбиелеп оқытуына болады, - деді ол.

Оның сөзінше, аудан балабақшасында 4671 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепалды сыныптарда – 1647 бала, мектеп жанындағы шағын орталықтарда 319 бала бар. Дегенмен де, 1359 бала балабақша кезегінде тұр. Қамту пайызы - 89,6 % .

-Осы бір өзекті мәселені шешу мақсатында «Жылыой ауданы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» мектепке дейінгі жеті мекеме құрылысын салу енгізілді. Сонымен қатар, апатты деп танылған Шоқпартоғай ауылдық округіндегі 160 орындық «Балдәурен» балабақшасының орнына ТШО-ның қаржылантыруы арқылы 280 орындық жаңа нысан құрылысын салу көзделіп отыр. Бұл жұмысты 2024 жылдың наурыз айында бастау жоспарланып отыр,-деді Гүлжансара Қалиқызы.

Брифингте бұдан басқа, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар, пәндер олимпиаданың қорытындысы, қосымша білім беру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ыстық тамақпен және оқулықпен қамту секілді өзекті мәселелер де сөз болды. Соңынан білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Таңатарова қойылған сауалдарға жауап қайтарды.

Е.ҚОШАҚАНОВ

А.ж. 13-14 наурызында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бастамалары және «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасы» туралы дәрістер өтті. Дәрістердің мақсаты - съездің дамуы мен оның қазіргі әлемдегі дінаралық диалог пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін одан әрі көрсету. Дәріс барысында Орталықтың бас сарапшысы PhD докторы Руслан Ибраев студенттерді, магистранттарды және педагогикалық ұжымын «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасының» мазмұнымен және негізгі ережелерімен таныстырды.

«Съезді дамыту парадигмасының негізгі элементі адамзаттың ең өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу үшін діни лидерлердің күш-жігерін біріктіру болып табылады. Съездің миссиясы әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік пен құрметті одан әрі нығайту, сондай-ақ бүкіл адамзатқа әділ, қауіпсіз және гүлденген болашақ құруға жәрдемдесу үшін рухани дипломатияның әлеуетін іске асыру болып табылады», - дәріскер атап өтті.

Сондай-ақ, Орталық Съездің басты тұжырымдамаларын түсіндіру жөнінде Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде онлайн дәрістер өткізуді жоспарлағаның атап өткен жөн.

*Анықтама: 2023 жылғы 11 қазанда Астанада өткен Съездің XXI Хатшылығының қатысушылары қабылдаған Тұжырымдама Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің одан әрі дамуының 2033 жылға дейінгі жалпы пайымын, миссиясын, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамытудың жаңа парадигмасы шеңберінде алдағы онжылдықта Съездің миссиясы әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік пен құрметті одан әрі нығайту, сондай-ақ бүкіл адамзатқа әділ, қауіпсіз және гүлденген болашақ құруға жәрдемдесу үшін рухани дипломатияның әлеуетін іске асыру болып табылады. Съезд халықаралық ұйымдар, ұлттық үкіметтер, үкіметтік емес ұйымдар, зерттеу құрылымдары өкілдерінің қатысуына арналған ашық дін қайраткерлерінің диалогы мен ынтымақтастығының жаһандық платформасы ретінде дамитын болады.

Съезд үш жылда бір рет өткізіледі. 2003 жылдан бері Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жеті съезі өтті.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521