Арал Шағыров атындағы сынып ашылды

Білім күнінде Тұрғызба ауылындағы №4 М.Әуезов атындағы мектепте Қазақ КСР-ы халық ағарту ісінің үздігі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Арал Шағыров атындағы сынып ашылды.

Ол – бар өмірін халық ағарту ісіне арнаған жан. Гурьев педагогикалық училищесін бітірген ол ауыл баласының сапалы білім алуына ден қойды. Оның білім берудегі әдістемесі өзгелерден ерекше болған.

Сыныптың ашылуына орай салтанатты шара өткізілді. Зейнеткер, кәсіпкер Манас Ізтұрғанов А.Шағыров туралы шағын баяндама жасады. Содан соң ұстаздың ұлы Ерболат Шағыров пен білім бөлімінің әдіскері Алтынай Рашева алқызыл лентаны қиды. Келген қонақтар сынып ішін тамашалады. Кабинетті ұстаздың ұлы Е.Шағыров заманауи білім талабына сай жабдықтаған. Оның айтуынша, тоқсан сайын жақсы оқыған оқушыға А.Шағыров атындағы стипендия беріледі.

Бұл бастауыш сыныпта аудандық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері оқиды екен. Олар ұстазға арналған арнау өлеңдерін оқып берді. Кабинетке Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегері Жаңыл Бекқұлқызы жетекшілік етеді.

Мектеп директоры Сымбат Қабдырахманова Е.Шағыровқа осындай сынып ашып бергені үшін алғысхат табыс етті.

Ұстаздың шәкірті, ғалым Аманғали Әміржанов Атырау қаласынан арнайы келіпті. Ол сыныптың ашылуымен құттықтап, өзінің 2 томдық кітабын сыйға тартты.

Аға оқытушы Жамиға Нығмет ұстаз Жанаш Нұрмаханның ұлағатты сөздері жазылған картинаны сыныпқа сыйға берді.

Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521