ads_banner

Жаны жайсаң Таслима апай

Бүкіл ғұмырының жартысынан астамын ұрпаққа білім беруге арнаған, бүгінгі күнде өз еңбегінің жемісін татып, бейнетті жылдардың зейнетін көріп отырған ізгі жандардың бірі - ұлағатты ұстаз, тәлімді тәлімгер Таслима Бестекқызы. Тумысынан қайсар да турашыл мінезді, жаны жайсаң жан бүгінде 85 жаста.

Қазір немере-шөберелерінің қасында ақ жаулықты әже, отбасының ортасында берекесін кіргізіп, бірлігін сақтап отырған ақылман кейуана. Таслима Бестекқызы 1933 жылы 25 желтоқсанда Орал қаласындағы Фурманов ауданына қарасты Еңбекші ауылында дүниеге келген. Балалық шағы нәубет жылдар мен Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келгендіктен өмір оны ерте есейтті. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімесе де тылдағы үлкендерге қолғабыс берді. Ол жоғары білімді педагог болуды армандады. 1957 жылы Гурьев педучилищесінің мектепке дейінгі тәрбие бөлімін бітірді.

1958-1975 жылдар аралығында Қосшағыл поселкесіндегі «Гагарин» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек жолын бастады.Таслима Бестекқызының еңбек жолында жетістіктері мен марапаттары көп. Себебі арманы асқақ қыздың талабы да таудай еді. Алғыр да еңбекқорлығымен көзге түсті. 1963 жылы Қосшағыл поселкелік кеңесінің депутаты болды. Халықтың аманатын арқалап, ауылдың дамуына үлесін қосты. 1963-1968 жылдары «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері атанды. 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдық медалімен марапатталды.

1975 жылы «Василек» балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасады. Осы кездері 1978-1979 жылдары «Озат тәрбиеші» грамотасын иеленді. 1981-1986 жылдар аралығында «Василек» балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Педагог бола жүріп, жауапты басшылық жұмыстарда жүріп ол ана боп алтын асықтай ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Үй тірлігі мен бала тәрбиесі, жұмысы мен қоғамдық істі қатар атқарып, бәріне де үлгірді. 1960-1970 жылдары 1, 2, 3-дәрежелі «Ардақты ана» медалінің иегері болды. 1970 жылы КСРО кезінде 3 дәрежелі «Ана даңқы» медалімен наградталды.

2008 жылы «Ардақты ана» медалін өңіріне тақты. «Ақырын жүріп,анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас Үйретуден балаға», -деп адамзаттың данышпаны атанған ақын Абай жырлағандай, Таслима апай өмірінің ең қажырлы шақтарын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Өз перзенттерімен қатар елінің жүздеген келешегіне тәлім-тәрбие берді. Таслима апаның бүгінгі күні зейнет шағында туған жерін көркейтуге, қоғам өміріне шын ниетпен араласып жүргені облыс, аудан көлеміне белгілі. «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла, ол саған бойындағы бар асылын берді: өнер үйретті, әкең жасамаған бар жақсылықты жасады! Шын шәкірт болсаң, ұстазыңның үмітін ақта, жолын қу, өнерін жалғастыр!»-деп бір ғұлама айтқандай мен де ұстазыма еліктеп ұстаздық жолды таңдадым.

Өзім туып-өскен ауылымда 34 жылдан бері шәкірт тәрбиелеудемін. Бүгінгі күнде ардақты ана, әдемі әже Таслима Бестекқызының шәкірттері әр қияға қанат сермеп, өмірден өз орындарын тауып, еліне елеулі, халқына қалаулы атпал азаматтарға айналды. Әр шәкіртінің жетістігін көрген сайын ұстаз қуанады. Себебі шәкіртті биікке құлшындырған сол ұстаз емес пе!

Өз шәкірттерім де солайша биіктен көрініп жатса, төбем көкке жеткендей марқайып қаламын. Ұстаздардың ұстазы атанған ұлағатты Таслима апаға кәсіби мерекемізде ел алдында, барша шәкірттеріңіздің алдында әрқашан мерейіңіз үстем боп, жүз жасаңыз деген ақ тілек айтамын.

Гүлсім Жаңабайқызы,

«Айгөлек» балабақшасы

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner