Консервіленген тағамдар тұтынғанда сақ болыңыз

Ботулизм ауруының алдын алу

Ботулизм ауруы – тамақтан уланудың ауыр түрі, дер кезінде дәрігерге қаралмаса, өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Көбінесе үй жағдайында дайындалған қолдан жапқан саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, салат, ет, балық консервілерін пайдаланғаннан болады. Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды. Науқас адамның басы ауырып, ұйқысы қашады, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, аузы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Сонымен қатар көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, адамның жұтынуы қиындап, бірте-бірте даусынан айрылады.

Аурудың алдын алу жолдары:

  • – Базардан, өзге де сауда нысандарынан консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, балық өнімдерін сатып алуға болмайды;
  • – Консервіленген салаттарды пайдаланған кезде қақпағы күмпиген (ісінген) салаттарды пайдаланбаңыз;
  • – Жеміс-жидек, көкөніс консервілеген кезде оларды жақсылап жуып, бүлінбегенін пайдаланғаныңыз жөн.

Ботулизмнің алғашқы белгісі байқалғаннан-ақ дереу жедел жәрдем шақыру қажет. Науқасқа жедел түрде ботулизмге қарсы арнаулы иммунды сарысу егіледі. Мұндай сарысуды науқаспен бірге тамақтанған басқа адамдарға да егу қажет. Үй жағдайында салат дайындағанда, жеміс-жидек, көкөніс тұздағанда, банкілерді залалсыздандырып, санитарлық-гигиеналық талаптарды мұқият орындау керек екендігін есте сақтауларыңыз қажет. Өйткені адамдар өнімдерді дайындау, тасымалдау, сақтау жəне өңдеу барысында санитарлық ережелерді дұрыс сақтамағандықтан, ботулизм ауруына шалдығады.

Ботулизмнің қоздырғышы көп уақытқа дейін топырақта спора түрінде сақталады. Сонымен қатар спора ауылшаруашылық малдарының бөлінділерінен, тұщы балық өнімдерінде болады. Азық-түліктерді консервілеу кезінде ботулизмнің бактериялары көбейіп, токсин бөледі. Бөлінген токсин аса қауіпті бактериалды у болып табылады. Бактериалды у адамның ішек сөлінде ыдырамайды, керісінше, өзінің əсерін күшейтеді. Əдетте, токсин - дайындалу үрдісі бұзылған тағамдарда, үй жағдайында консервіленген өнімдерде, тұздалған балықта, шұжықта, сүрленген шошқа етінде, саңырауқұлақтарда жиналады. Аурудың жасырын кезеңі 2-3 сағаттан 1-2 күнге дейін ғана созылады.

Бастапқы көріністер - жалпы əлсіздік, бастың ауруы. Ботулизм кезінде адамның жүйке жүйесі зақымдалады. Науқасқа айналасындағы барлық заттар бұлыңғыр, қосарланып көрінеді. Көз қарашығының бірі үлкейіп, бірі кішірейеді. Көбінесе қитарлық, бір қабағының түсуі, аккомадацияның бұзылуы байқалады. Науқас ауыз қуысында құрғақшылықты сезінеді, даусы əлсіз, сөзі түсініксіз болады. Есі сақталып, дене қызуы қалыпты жағдайда немесе сəл жоғары (37,2-37,3 градус) болады. Бұл ауруға дер кезінде көмек көрсетілмесе, аз уақыттың ішінде өлімге алып келеді. Адам өлімінің алдын алатын жалғыз дəрі-дəрмек поливалентті сарысу болып табылады.

Әрбір тағамды пайдалану жəне дайындау кезінде, жеміс-жидектердің консервілерін дайындауда, малды сойғанда жəне етті өңдеуде қатаң санитарлық ережелерді сақтау қажет. Ботулизм - өткір тамақтану ауруы, адам ағзасына түсетін ботулинум токсиннің нәтижесінде дамиды. Ботулизм нерв талшығының ацетилхолинді рецепторларын блоктайтын ботулинум токсинінің нерв жүйесінің бұзылуымен сипатталады.

Н.Құлекенова, Ж.Төлеушова,

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен

қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші мамандары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521