var base_url = 'http://www.ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

Сарғайған тістің сарсаңы

Сондықтан бойжеткен таңнан тұра шаш күтімімен бірге тісінің де тазалығына баса мән береді.

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз ол кезде 22 жаста еді. Жазға салым, неге екені белгісіз, әдемі де түзу аппақ тістері сарғая бастады. Қанша күтінсе де, оның бабын таба алмады. Көрікті бойжеткенге бұл бір мұң болды. Бұрынғыдай еркін сөйлеп, ашық-жарқын күлуден қалды. Амалсыздан жеке тіс емханасына жол тартты. Көмекке жүгінген дәрігері сыртынан ақ керамикамен қаптауға ұсыныс жасады. Бойжеткеннің келіспеске шарасы бар ма?! Алдыңғы төрт тісті қаптаған «ақ халатты абзал жан» еңбегі үшін сытырлатып тұрып 52 мың теңгені санап алды.

Арада екі айға тарта уақыт өтті. Бір күні қапталған жасанды тістер ауырта бастады. Сырқырағаны аздай, бір күні қанап, жағымсыз иіс шығып, үстіңгі иек ісініп, көгеріп кетті. Жағымен бірге басы да қоса ауырған нәзік жанның жаны көзіне көрінді. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. Ақыры шыдай алмай тіс дәрігерінің алдына қайта барды. «Басы ауырмастың қасында балтырың сыздамасын» деген рас екен. Ол болса «Листеринмен» жақсылап шай, орнығады, ауруы басылады» деп шығарып салды. Бірақ қанша шайса да нәтиже шықпады. Аузын шайып-шайып шаршаған қыз ауру жанына батқан соң өзге дәрілерге ауыз салды. Бірақ олар «шипасымен» бірге асқазанға да кесірін тигізді.

«Шыдамның да шегі бар» емес пе?! Ала жаздай жасанды тіспен арпалысқан бойжеткен ақыры Атырау қаласына жолға шықты. Тіс дәрігері «панорамаға» түсіріп, керамиканың дұрыс салынбағанын анықтап берді. Тісі құрғыр шыдатсын ба?! Қарашада Ақтөбеден бір-ақ шықты. Ондағы тіс емханасының мамандары да құлсарылық бойжеткеннің «маржандай» тістерін суретке түсіріп, үстіңгі жағының қызарып, ісініп әрі іріңдеп тұрғанын айтты. Білікті тіс дәрігеріне қаралуға кеңес берді. Ауылға оралған бойжеткен Құлсарыдағы жекеменшік клиникаға қаралды. Ондағы тіс дәрігерінің қойған диагнозы Атырау мен Ақтөбедегі әріптестерімен дәл келді. Керамиканы алып тастауға ұсыныс берді. Келіспеске амал бар ма?! «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, көресіні жасанды тісті суырып алғанда көрді. Ішінен қатып қалған ине шыға келгенде қыздың қос жанары шарасынан шығып кете жаздады. Сөйтсе нәзік жанның жанын көзіне көрсетіп, қинап келген осы титтей бәле екен. Ол жыл жарым бойына тістің етіне кіріп тұрған. Соның кесірінен «коронканың» астындағы тіс пайдаға аспай қалды. Амалсыз оны суыртып тастауға тура келді.

Сарғайған тістің әуре-сарсаңы осылай аяқталды. Маржандай ақ керамика салдырамын деп жыл жарым зар жылап – бір, тісінен айрылып – екі зардап шекті. Білікті тіс дәрігерімен ісік басылған соң «имплант» салдыруға келісті.

Бірақ бойжеткен мұның бәрін аяқсыз қалдырмады.Керамикасының кесірінен кеселге тап қылған құлсарылық тіс дәрігерін сотқа берді. Атырау, Ақтөбе, Құлсары қалаларындағы тіс емханаларына қаралып, күні-түні дәрі-дәрмек сатып алып, қаншама шығын шекті. Енді келіп 450 мың теңгеге «имплант» жасатып, қосымша қаржы жұмсайды. Осының бәрін ескеріп, талапкер «дантист»-тен 541 мың теңге материалдық және 100 мың теңге моральдық шығын өндіруді талап етті.

Екі жақтың дау-дамайына осы жерде медиатор араласты. «Медиация туралы» заңына сәйкес ол тіс жауапкердің талап қоюшымен бір мәмілеге келуіне қол жеткізді. Медиациялық келісімге сәйкес тіс дәрігері тіс салдыратын бойжеткенге белгілі бір мерзім ішінде 500 мың теңгені толық төлеуге міндеттенді. Соңғысы өз кезегінде талап қою арызынан бас тартатын болды. Осыған сәйкес азаматтық іс тоқтатылып, аудандық соттың ұйғарымымен екі жақтың шарты бекітілді.

А.Балмұханова,

аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз.

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner