ads_banner

ЖҮЗДЕГЕН БАЛАНЫҢ КІНДІК ШЕШЕСІ

Қазір аурухана мен емханада жұмыс жасап жүрген дәрігердің барлығын «ақ халатты абзал жан» дей алмайсың. Өйткені өзге мамандық иелері секілді Гиппократ антына адал болғысы келген адамға дәрігерлік дарын да керек-ау! Мен әңгіме еткелі отырған жан – дәл сондай ерекше қабілеттің иесі десем қателеспеспін. Зейнеткерлікке қалса да, өзінің сүйікті кәсібінен қол үзбей жүрген Рәзия Мәмбетованы бүкіл жылыойлық әйел-аналар жақсы таниды десем, артық айтқандық емес. Өткен ғасырдың сонау 80-жылында Ақтөбе қаласындағы сол кездегі медицина институтын ойдағыдай тәмамдап, жолдамамен туған жеріне оралған жас маман еді ол.

Құлсары поселкесіндегі орталық ауруханаға жұмысқа орналасып, дәрігер-гинеколог болып еңбек жолын бастады. Еліміздің батыс өңіріндегі іргелі жоғарғы оқу орнынан алған теориялық терең білімін тәжірибемен ұштастыра жүріп, перзентханада талай перзенттің жарық дүние есігін ашуына көп көмегін тигізді. Жылыой өңірінде туып-өсіп, туған жердің топырағын басып жүрген қазіргі жас буынның талайының кіндігін кесіп, кіндік шешесі атанды. Өмірге ұрпақ әкелетін аналардың денсаулығын қатаң қадағалап, жаны да, тәні де сау сәбилердің өмірге келуіне жәрдемдесті. Ол уақытта замана ағымына қарай көпбалалы, батыр аналардың көп болғаны белгілі. Бұл ретте еліміздің демографиялық ахуалының жақсаруына Рәзия Қалхашқызының қосқан үлесі де қомақты.

Ауданның денсаулық сақтау саласына сіңірген 40 жылға тарта еселі еңбегі үшін Рәзия Мәмбетова бірнеше алғысхаттармен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Ол үшін ең басты құрмет – өзі денсаулық күзетінде болған аналардың алғысы, сәбилердің бақытты күлкісі. Ана мен балаға өмір сыйлаған Рәзия апа бүгінде өзі де өмірге ұрпақ әкеліп, жолдасы Мейрамбай екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да - жоғары білімді. Кенже қызы Жұлдыз анасының жолын қуып, дәрігерлік мамандықты таңдады.

2012 жылы зейнеткерлікке шығып, құрметті еңбек демалысына қалды. Десек те бар ғибратты ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жан үйінде қарап жата алмады. Өмірлік бай тәжірибесін әлі де болса ана мен бала денсаулығын нығайтуға жұмсағысы келді. Сөйтіп, Құлсары қаласындағы «Интертич» клиникасында өз мамандығы бойынша еселі еңбек етіп келеді.

Е.Бисекенұлы

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner