Кәсіпкерлік

Пайызсыз несиені дұрыс жұмсауды, жалпы кәсіпкерлікті меңгертіп, әркімнің өз ісін ілгерілетуді бүге-шүгесіне дейін үйрететін ТШО-ның «Таңдау» жобасының нәтижесі көріне бастады. Жобадан 4,5 миллион теңге қаржы алған жеңімпаз Мейрамбай Тағашев Құлсары қаласынан Халал ет өнімін сататын дүкен ашты. Ауданда кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жүзеге асқан жоба осылайша қасиетті Рамазан айы қарсаңында өз жемісін бере келді.

Жаңа дүкеннің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аудандағы өкілі Жамбыл Демеуұлы келді. Ол кәсіпкерге «Халал» сертификатын табыстады. Ал аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов дүкен иесіне сәттілік тілеп:

-Шағын және орта бизнестің дамуы аудан эканомикасының дамуына бірден бір септігін тигізеді. Осы орайда «Теңізшевройл» компаниясының Жылыой ауданын дамыту бағытындағы «Таңдау» кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы ауданда бірқатар нысанның ашылуына және кеңеюіне ықпал етіп отыр. Бұл жұмыстар тек кәсіпкер үшін маңызды емес, сонымен қатар тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан экономикасына өз үлесін қосады. Осы жобаны жүзеге асырып жатқан ТШО компаниясына және «Таңдау» жобасының жетекшілеріне алғысымды білдіремін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, - деді Н.Әлібекұлы.
Айта кетейік, Мейрамбай Тағашев 2016 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Назира есімді жұбайымен сегіз бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Олар алғашқы еңбектерін Тұрғызба ауылынан аялдама салудан бастап, кейін сол аялдамадан «Баракат» азық-түлік дүкенін ашқан болатын. Ал «Таңдау» жобасынан ұтқан қаржыға жаңадан ашылған халал ет сататын дүкеніне мұздатқыш, ет кесетін ара және вакумға арналған құрал алыпты.
П.ТӘЖІ

Мемлекет басшысы Шығыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты.

Президентке көпжылдық практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сұрыпталған күнбағыстың жаңа будандары, сондай-ақ соя мен бидай сорттары таныстырылды. Кәсіпорын дайындайтын тұқымдар отандық шаруалардың арасында жоғары сұранысқа ие әрі Ресей Федерациясының 7 өлкесіне экспортталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде майлы дақылдардың егістік алаңын көбейтудің перспективасы жөнінде сұрады. Мекеме басшысы Фарид Әбітаевтың айтуынша, соңғы кезде майлы дақылдарды егу көлемі жыл сайын 12-15 пайызға артып келеді, сәйкесінше, нарықтағы сұраныс та жоғары.

Бұған қоса, мол жем-шөп қоры мен селекциялық жұмысты сауатты жүргізудің арқасында агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері бағытындағы жетекші мал шаруашылығының қатарына кірді.

Бүгінде серіктестіктің тауарлы сүт фермаларында 3 мыңға жуық ірі қара бар. Олардың көбі – голштейн-фриз тұқымына жататын сиырлар. Фермада тәулігіне 40 тонна сүт өндіріліп, еліміздегі төрт сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның ауыл шаруашылығы ғылымындағы табысын оң бағалап, мұндай тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне тарату қажет екенін айтты.

t.me/aqorda_resmi

Несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдендіру, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар және шағын несие беру – бұл бүгінгі кәсіпкерлер мен шаруа қожалығын дамыту үшін аса қажетті тетіктер. Әсіресе ауылдық жердегі азаматтардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бизнесті биік белеске көтерудің бірден-бір мүмкіндігі. Міне, осы бағыттағы мемлекет жүзеге асырып жатқан қолдау түрлері өткен жұма күні «Кең Жылыой» мәдениет үйінде өткен жиында түсіндірілді.

Оған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, «Даму» КДҚ филиалы, «Аграрлық несие корпорациясы», облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары келіп, аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалығы жетекшілерімен кездесіп, түсінік берді. Жиынды жүргізген аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов басқосудың басты мақсатымен таныстырды.

Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау түрлері туралы баяндады. Оның айтуынша, кіші және орта бизнес өкілдері үшін ақпараттық қолдау қарқынды жүруде. «Даму», «КДҚ» АҚ-ның Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының менеджері Роза Байсалықова:

-Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында кіші, орта, ірі бизнес өкілдеріне 5 бағыт бойынша жәрдем берілуде. Бірінші бағытына сәйкес жас кәсіпкерлерге 20 млн теңгеге дейін 3 жылдық мерзімге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелер бар. Бұл қазіргі жас кәсіпкерге өз ісін бастау үшін таптырмайтын мүмкіндік. «Даму» тарапынан бизнес бастағысы келіп жүрген көптеген азаматтарға ақпараттық көмек беріліп, түрлі курс, семинарлар қарастырылған,- деді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан Дина Абишова бұл бағыттағы қазіргі мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып өтті:

-Мемлекет тарапынан көптеген шаралар қолға алынуда. Соның бірі - бизнес бастау үшін берілетін 400 АЕК есебіндегі қайтарымсыз грант. Ол арнайы бөлімдерге бөлінеді, негізгі мақсаты - жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікті дамыту. Қазір алғашқы жұмыс орны бағдарламасы жүруде. Ол жерде жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету қарастырылады. «Күміс жас» бағдарламасы да қазіргі кезде сұранысқа ие. Ол жерде зейнет жасына жақындап қалған жандарды жұмыспен қамту көзделіп отыр,- деп түсіндірді.

«Bereke» банк өкілдері де өздерінің кәсіпкерлерге арналған тиімді ұсыныстарын айтып, бірге жұмыс жасауға шақырды. Кәсіпкерлер тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Әсіресе, көпшілігін кәсіпкерлік негізде несие алғанда қойылатын міндетті кепілдік қою мәселесі толғандырды. Оған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыров былай деп жауап берді: -

Бұл жерде несие банк тарапынан беріледі. Олар өз кезегінде сол ақша үшін тәуекелді өздері алады.

Сондықтан, міндетті түрде кепіл сұрайды. Себебі, кепіл қойылмаған жағдайда, көптеген кәсіпкерлер өзінің міндеттемесін орындамай қалу қаупі бар. Сол секілді келеңсіз жағдайдың алдын алу мақсатында осындай шаралар қолданылады.

Жиында басқа да қосымша мәселелер қозғалды. Мәселен, шаруа қожалықтарының басты базынасының бірі – шабындықтың жай-күйі және жайылымдық жерді жеке тұрғындар малының таптап кетуі болды. Бұл сұраққа аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов жауап қайырды:

-Жеке тұрғындардың мал басына тіркеу жүргізіп, салық төлету алдағы жоспарда бар. Су мәселесі бойынша далаға кетіп жатқан бұлақтардың көзін жабу жұмыстары жүргізілуде. Бірақ, шаруа қожалықтары орналасқан жерлердің барлығында су мәселесі шешіліп, шабындық проблемасы алдағы уақытта күн тәртібінде тұрмайды деп ойлаймыз,-деді.

Әрине, кәсіпкерлер тарапынан көптеген мәселелер көтеріліп, сауалдар қойылды. Олардың барлығына да нақты жауап берілді. Кейбір кәсіпкерлерді облыстан келген мамандар жеке қабылдап, түсінік жұмысын жүргізді.

Ерназ Алтайұлы

Берешегі бар адам нені білуі керек?

Салыққа берешек пайда болса, онда жеке азаматқа тиісті түрде хабарлама жолданады және оның орындалуы үшін отыз жұмыс күн уақыт беріледі. Сол мерзім ішінде қарыз өтелмесе, ал бережақ сомасы 1 айлық есептік көрсеткіштен (2024 жылы 3962 теңге) жоғары болса, онда борышкерге салық бұйрығы жіберіледі.

«Даму» Қоры ШОБ қолдауға өтінім қабылдауды бастайды

2024 жылғы 5 ақпаннан бастап «Даму» Қоры жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламаны» жүзеге асыра бастайды. Бағдарлама ШОБ-қа мемлекет тарапынан тиімді қолдау көрсетіп, экономиканың түрлі салаларындағы бәсекеге қабілетті әрі импорттың орнын басатын отандық жобаларды дамыту үшін бекітілді.

Шаруаң қалай,  шаруагер?

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, онда биылғы жылдың қысында 22 740 бас мүйізді ірі қара, 80240 бас қой-ешкі, 11646 бас жылқы, 9990 бас түйе қыстаққа түскен. Елді мекендерден шалғай аймақтарда барлығы 170 орында, тарқатып айтар болсақ, 163 шаруа қожалығы мен «Жаңа Таң» ЖШС-на қарасты 7 қорада мал қыстатылып жатыр.

Малбегі үшін  пайдалы мобильді қосымша

Қазақстанда ағымдағы жылдың шілде айынан бастап ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған «Tört tülik» мобильді қосымшасы іске қосылды. Жоба Ауылшаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығымен бірлесіп әзірленді.

Қосымша ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге көмектеседі. Сол арқылы әрбір жануар иесі, яғни шаруа қожалығы жетекшісі, ЖШС, ЖШҚ басшылары өз малына түгендеу жүргізе алады. «Tört tülik» қосымшасы келесі функцияларды атқарады:

* төлді тіркеуге қою;

* жануарды сатып алу-сату (бір тұрғылықты жерде);

* өз қажеттілігіне сойылған жануарды тіркеуден шығару;

* ветеринариялық паспортты алу;

* а/ш жануарларының мәліметтеріне түзетулер жүргізу

. Қосымша смартфон арқылы жұмыс істейді. Әзірге “Android Рlaymarket”-те ғана жүктеуге қолжетімді.

Өз тілшімізден

Жылыойда үздік кәсіпкерлер марапатталды

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жылыойлық үздік кәсіпкерлер марапатталды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Салтанатты шараға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қатысып, кәсіп иелерін құттықтады.

- Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау - ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтқан болатын. Сондықтан ұлттық бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Кәсіпкерлік саласы - ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшінің бірі. Сол себепті бұл саланың көрсеткіштерінің қорытындысы ауданымыздың даму рейтингіне әсер етпей қоймайды. Осы орайда сіздерге зор алғысымды білдіре отырып, еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деді Ж.Қаражанов.

Жылдың таңдаулы кәсіпкерлері конкурсының қортындысы бойынша «Үздік жас кәсіпкер» номинациясымен тұрғындар үшін жайлы аялдама салған Бекет Құлбаев және «Үздік стартап» номинациясымен Құлсары қаласында алғаш рет кинотеатр ашқан Саламат Сәрсенов марапатталды. «Қызмет саласының үздігі» номинациясына Ерлан Асылбеков, «Ауыл шаруашылығының үздігі» номинациясына Бақтығали Жиенқұлов, «Үздік әлеуметтік кәсіпкер» номинациясына «Дельфин» сауықтыру орталығының директоры Жәнібек Балжігітов ие болды. Сонымен қатар «Үздік отбасылық бизнес» номинациясына «Құлсары» сауда үйінің директоры Мұханбет Ізтұрған, «Сауда саласының үздігі» номинациясына «Береке» сауда үйінің директоры Талғат Бекбусинов, «Үздік кәсіпкер әйел» номинациясына «Ай-Салтан» дүкендер желісінің директоры Мәншүк Жиембетова, «Үздік өндіруші номинациясына «Каусәр су» директоры Марат Құлбалиев және «Жыл үздігі» номинациясына «Аружан» супермаркетінің директоры Ақтоты Елеулиева лайық деп танылды.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша тіркелен шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны 7471-ге жетіп, былтырмен салыстырғанда 491-ге өсіп отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521