Ақындық – Тәңірден

Жылыойлық жас ақын Әлібек Амандықовпен сұхбатымыды назарларыңызға ұсынамыз.

Құлсары қаласында өнерлі жастар аз емес. Солардың бірі «Кең Жылыой» мәдениет үйі қызметкері, жас ақын, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт Әлібек Амандықовпен сұхбаттасқан едік.

-Алғашқы өлеңіңді қашан жаздың?

-Алғашқы өлең 13 жасымда, яғни 7-сыныпта оқып жүрген уақытта жазылды. Ол бірақ шабыттан емес, әдебиеттен сабақ беретін Бәтима апайымыздың үйге берген тапсырмасының арқасында шықты. Өлең «Өр тұлғалы Мұқағали» деп аталды. Міне, осы жағдай менің поэзияға қызығушылығымды арттырды.

-Ақын болу қандай жауапкершілікті жүктейді?

-Мен өзімді ақын деп айтуға ұяламын. Әзірге өлең құрастырушы деген дұрыс сияқты. Себебі ақын болу, ол жай ғана өз ішіңдегіні ұйқастырып жаза салу емес. Ақын – тасқын сезім мен ойды қара өлеңге сыйдырып, халықтың мұң-мұқтажын бейнелеп, астарлы шумақтармен қылыштан өткір, қылдан жұмсақ қылып жеткізетін жан. Ақын – ол менің ойымша, ешкім ойламайтын нәрселерді ойлап, ешкім армандамайтын нәрселерді армандайтын адам.  Қазақтың «Ақын-ұлттың жүрегі, батыр-көптің білегі» деген сөзінен-ақ ақындарда жауапкершіліктің жоғары екені көрініп тұр.

-Жаныңа жақыны не? Концерт жүргізушісі болу ма, әлде поэзия ма?  

-Дәл қазіргі таңда жаныма жақыны, жанымның қалауы – конферансье болу. Себебі халықтың алдына шығып, ықыласына бөлену маған ерекше шабыт сыйлайды, өзгеше бақытқа бөлейді. Ал ақындық өнер екінші орында. Неге деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі әр ақынның өзінің шабыт алатын Музасы болады, ал мен қазір шабытты жай ауадан құрастырып алып жүрмін. Мүмкін алдағы уақытта бұл ойым өзгеретін болар.

a

-Қазіргі жастар Мәдениет үйіндегі мәдени бағдарламаларды көруге қызығушылық таныта ма?

-Сөздің шыны керек, жастар тарапынан белсенділік жоғары деңгейде деп айту қиын. Себебі көбінің ақша табуға немесе қыдырып, демалуға ғана құлшыныстары зор. Ал арнайы байқауларға сыйлық үшін немесе мәжбүрлі түрде, кейде өтініш арқылы қатысады. Сондықтан да аудан жастарын белсенді болуға шақырамын. Сіз бен біз болып атқаратын шаралар ауданымызда жетерлік.

-Алдағы уақытта қандай жоспар бар?

-Бұйырса бір ай бойы өтетін аймақтық «Жастар fest» өнер фестивалі ұйымдастырылып жатыр. Фестивальде өнердің түрлі бағыттары бойынша аймақ жастары өз бақтарын сынайды. Қорытындысы жастар күніне арналған гала-концертте жарияланатын болады. Ал одан басқа гитара party, домбыра party, эстафеталық ойындар, танымдық кездесу кештері жоспар бойынша өткізілетін болады. Алға қойған жоспар өте көп. Ауданымызда замандас және өкше басып келе жатқан жас ақындардың басын біріктіріп, үлкен поэзия кешін өткізу және Жылыой ақындар клубын құру.  Жалпы аудан жастарын белсенді болуға шақыратын түрлі шаралар ұйымдастырып, өнерлі жастар қоғамдық бірлестігін ашу ойда бар. Сонымен қатар соңғы уақытта әуендерге сөз жазу жағы ұнап жүр. Жастар жылына орай «Жылыой жастары» деген атаумен әуенін де, сөзін де өзім жазып бір ән шығардым. Алдағы уақытта ұсыныстар болса, танымал әншілердің әндеріне сөз жазу жоспарда бар.

Сұхбаттасқан: Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521