«Құлсары» құрамасы – чемпион

Жастар арасында көңілді тапқырлар алаңы ойыны жылдан-жылға дамып келеді.

Бұрын ең алғаш сахнаға өнер көрсетуге шыға бастаған көңілді де тапқыр ойыншылардың актерлік шеберліктері жетпей, сәл-пәл именіп тұратыны есімізде. Соның салдарынан көп жағдайда көрерменін күлкіге қарық қыла алмай қалушы еді. Бірте-бірте сахнада шыңдалып, әзілкеш командалар бірінен-бірі өте көрермен көзайымына айналды. Қазір жастар мықты ойыншылардың атын атап, түсін түстеп айта алатын болды.

Міне, өткен аптада Атырау қаласында Көңілді тапқырлар алаңы ойыны өтті. Осы кешке осы «КТА-ның» шекпенінен шыққан әзілкеш, бүгінде танымал актер, «Әзіл әлемі» театрының директоры Тұрсынбек Қабатов арнайы келіп, күлкі күнінің тізгінін өз қолына алды. Ойынға Орал қаласынан «24 сағат», Нұр-Сұлтан қаласынан «Аграрка», Ақтөбеден «Жұбанов» құрамасы, Атыраудан «Индер» құрамасы, «Жерұйық» және «Сағыз» құрамасы қатысты. Ауданымыздан «Құлсары» құрамасы командасы да бақ сынады.

kuramajaidar1

Тартысты өткен ойында жерлестеріміз I орынды жеңіп алып, Атырау облысы әкімінің кубогына ие болды. Бұл құрамада Алисамед Айтбаев, Нұрболат Қаражанов, әнші Назерке Бекболова, Әлібек Амандық және Шәкірат Елемес керемет ойын өрнегін көрсетті. Олардың өнеріне көрермендер де, қазылар алқасы да риза болып, қол соқты.

Жылыойлықтардың бұл жеңісі – үлкен жетістік. Өйткені көңілді тапқырлар алаңы тек арзан ойын-күлкіге шақыратын орта ғана емес, жастарды ізденімпаздыққа, ой ұшқырлығына жетелейді. Ойыншылар ащы шындықты уытты әзіл арқылы жеткізіп, қоғамдағы кемшіліктерді түзеуге де атсалысады. Негізі, ұшқыр ойлы адам ғана әдемі әзіл айта алады.

Ж.Шаңқанова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521