Сырғаның сыңғырлаған сырғаларын-ай

Әшекей бұйымдарын жасауды хобби әрі қосымша табыс көзі деп санайды

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп басталатын әйгілі ән жолдары ұлтымыздың үкілісінің сұлулығына тәнті болған ақынның жантебіренісінен туғаны анық. Расымен де, қазақ даласында сұлулығы мен даналығы, бекзаттығы мен батырлығы, іскерлігі мен ісмерлігі тал бойында бұрымдай өріліп жатқан арулар аз болды ма? Жаңа заманымыздың да толған айдай нұрланған, қайыңдай күнге ұмтылған, білім мен өнерді бойына сіңірген перизаттарын көргенде де «бәрекелді» дейсің! Атына заты сай Сырға Жақсылық деген жылыойлық бойжеткен - дәл осындай мақтаулы ару. Көз бен көңіл қуантар көрікті, сымға тартқандай сымбатты ғана емес, дәрігерліктей жауапты мамандықты игерген білімді маман, он саусағынан өнер тамған шебер де.

syrga2

syrga1

Кіндік қаны Ақтөбе қаласында тамған Сырға – Жылыойда өскен өркен. Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университетті жеті жыл оқып, дәрігер-терапевт мамандығын алып шықты. Қазір жас маман ауданымызда қызмет етуде. Бір қызығы, Сырғаның өзі айтқандай, кез келген адамның бойында өзіне ғана тән қабілеті, бейімі болады ғой, сол ішкі түйсік оны әшекей бұйымдарын жасауға жетектеп әкелді. Әрине, ол, ең алдымен, дәрігерлік қызметіне зор ден қояды, өйткені бұл мамандық иесіне асқан жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті. Ал әшекей бұйымдарын жасауды хобби әрі қосымша табыс көзі деп санайды. Демалыс күндері, бос уақытында осы сүйікті кәсібін рахаттана қолға алып, қиялына қанат бітірсе болды - сырға, жүзік, алқа, білезік, өңіржиек, белбеу сияқты ұлттық нақыштағы сәнді әшекейлер бірінен соң бірі туындай береді.

syrga3

-Әшекей бұйымдарын жасау сүйікті хоббиім екенін білгенмін. Бұрынырақ әшекей бұйымдарын жасап, сататын дүкенім болса деп те армандап қоятынмын. Бірақ ол кезде бұл менің қолымнан келе ме, келмей ме, анық көзім жеткен жоқ. Алайда ойда пісіп-жетілген нәрсе өңіңде жемісін бермей қоймайтыны рас екен, сәті түсіп, Ақтау қаласындағы арнайы курсқа барып, осы кәсіпті үйрендім. Жұмыстарымды әлеуметтік желідегі парақшама салып көріп едім, ұлттық нақыштағы сәндік бұйымдарға сұраныс бар екен, содан соң бір тапсырыстан соң, екінші тапсырыс алып, осы кәсіпке кірісіп кеттім, - дейді ол. Шебер қыз әшекей бұйымдарын жасау үшін мельхиор, түрлі тастар мен моншақтарды пайдаланады екен.

syrga5

Осылайша өз өнерін дамытқан Сырғаның сырғаларын көрсеңіз, таңғаласыз! Парақшасындағы ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдары небір талғампаз деген қыз-келіншектердің көңілінен шығары сөзсіз. Сонымен қатар Сырға мұны тек қосымша пайда көзі ғана емес, ұлттық құндылығымызға қосқан үлесім деп біледі. Өйткені ұлттық әшекейлерді таққан қыз-келіншектер ұзату, сырға салу т.б. той-томалақтарда ерекше сән-салтанатты көрініп қана қоймай, бойларын түзеп, киімдерін соған лайықты таңдауға тырысады. Ал етек-жеңі жабық, көркем де жинақы киінген қыз-келіншектің мінез-құлқы да соған бейімделе бастайды. Дана халқымыз шолпы менен шашпау таққан қыз-келіншектердің басқан қадамына қарап-ақ, әшекейінің сыңғырына қарап-ақ олардың инабаттылығын, ибалылығын аңғарып отырған ғой.

syrga4

Көркіне ақылы сай қыз «Жем аруы» халықтық би ансамблінің құрамында жеті жыл биші боп, шетелдерде өнер көрсеткен. 2015 жылы 726 үміткердің ішінен 26 қыз қатысуға жолдама алған «Қазақ аруы - 2015» байқауында Атыраудың келбеті болды. Ал 2016 жылы «Жылыой аруы» таңдауында қазылар алқасының құрамында болып, жеңімпаз аруға тәж кигізді. Міне, осындай сан өнердің иесі жетістіктерге жетудің кілті сенімділік, ізденіс және өзін-өзі жан-жақты дамытуда екенін айтады. Иә, шебер қызға тәнті болған біз де ол туралы мақаламызды «Бәрін айт та, бірін айт лайықсың, Қазақтың қызы деген ғажап атқа» деген ән жолдарымен аяқтасақ дейміз.

С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521