Мәдениет

Осы күні отбасылық құндылықтар дәріптеліп, үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады

Бүгін, Наурызнаманың төртінші күні – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінде Шаңырақ күні қазақстандықтардың жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға үндейтіні атап өтілді.

Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан материалдық және рухани мұра, сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен ұрпақтың үздіксіз жалғасуының символы.

Шаңырақ – отбасы белгісі, сондықтан да қазақ халқы жас жұбайлардың отау құрып, шаңырақ көтеруіне ерекше мән берген. Ата-бабаларымызда «Шаңырақ көтеру» атты ерекше дәстүр-салт болған. Жалпы, Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күні жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.

Айта кетсек, Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурызнама онкүндігі:

14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады. 15 наурыз – Қайырымдылық күні.

Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Бүгін Наурыз мейрамы онкүндігінің төртінші күні.
Шаңырақ күні сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналады.
Бүгінде барлық өңірде 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық киім киген жастардың неке қию рәсімі өтіп, сыйлы ақсақалдар бата беріп, жас жұбайларға бақ-береке тілейді.
Астанадағы «Бәйтерек» монументі залында жас жұбайлардың салтанатты неке қию рәсімі, үлгілі жұптарды алтын тойларымен құттықтау рәсімі өтті.

Шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Астана қалалық филиалы.
Жас жұбайларға неке куәліктері табыс етіліп, 55 жыл отасқан ерлі-зайыптылар мерейтойлар кітабына енгізілді.
Айта кету керек, бүгінде еліміздің барлық елді мекендерінде 50 және 25 жыл бірге өмір сүрген «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» отбасыларына құрмет көрсету шаралары өтіп жатыр.
Отбасылық өмірге дайындықты қалыптастыру және студенттер арасында жауапкершілікті арттыру мақсатында оқу орындарында «Қара шаңырағым – алтын бесігім», «Өнегелі отбасы – елдің тірегі» тақырыптарында кездесулер өткізілуде.
Наурыз балалар үшін де ерекше сүйікті мерекеге айналады. Атап айтқанда, «Шаңырақ» күні дүниеге келген нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтары тарту етеді.
Сондай-ақ бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде естелік сыйлықтар мен ұлттық тәттілер ұсынылатын түрлі танымдық, шығармашылық, спорттық шаралар ұйымдастырылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты.

«Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту да маңызды. Қазір көптеген мемлекетте өткен күннің елеулі оқиғаларына қатысты көзқарастар ақпараттық және саяси ойынның құралына айналып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті.

Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды. Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі.

Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин дұрыс айтты, айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек. Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр.

«Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін» ашу үшін жүйелі жұмыс жасалып жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Осы орайда «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасын ерекше атап өткім келеді.

Жобаға Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді. Осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрді. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған» деді Мемлекет басшысы.

Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың ұшінші отырысында айтты.

«Еліміздің жылнамасына есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес. Мен халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Сұрапыл соғыстың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Айрықша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қатысты, батальон, полк, дивизия басқарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне «Момышұлы спиралі» деген атаумен енді. Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерлігі де бүгінде еш талас тудырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен батыр.

Мен былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында бірқатар ордендерді көрнекті тұлғаларымыздың атымен атау туралы айтқанымды білесіздер. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар. Бұл отаншылдықты және ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға ықпал етеді. Қазір мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыспен Республикалық комиссия айналысып жатыр. Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін» деді Мемлекет басшысы.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты.

«Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Мен былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айттым. Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда.

Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін. Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды.

Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан. Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр.

Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады» деді Мемлекет басшысы.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан үшінші Ұлттық құрылтай барысында айтты.

«Осы тұста, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық Құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті.

Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін. Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс» деді Мемлекет басшысы.

Жүргізуші болу да өнер. Белгілі бір шараның сценарийін сахна мәдениетіне сай сөйлете білу, көрерменнің көңілінен шығу кез келген жанның қолынан келе бермейді. Сондықтан мәдениет үйі қабілеті бар жастарды ел ішінен іздейді. Осы мақсатпен жылма-жыл өткізіліп тұратын жүргізушілер байқауы биыл да өз мәресіне жетті.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен “Кең Жылыой” мәдениет үйі ұйымдастырған “КОНФЕРАНСЬЕ-2024” аудандық жүргізушілер байқауына осы жолы 10 үміткер қатысып, бақ сынады. 16-35 жас аралығындағы жастар үш кезеңнен тұрған сайыста өздерінің қабілет-қарымын жан-жақтан көрсетті.

Көрерменнің қарасы аз болғанымен, өнерді сүйетін нағыз жанкүйерлер жиналып, үміткерлерге кеңінен қолдау көрсете білді. Алғашқы кезеңде үміткер сахнада сөйлеу мәдениеті мен дауыс ырғағын көрсетуі тиіс-ті. Ол үшін монолог немесе өлең оқу шарт болса, келесі кезеңде алдын ала дайындап әкелген сценарийін оқыды. Ақтық кезеңде қатысушылар сахнада арнайы ситуациалық және импровизациялық сұрақтарға жауап берді.

Жеңіске ұмтылған үміткерлердің өнеріне аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров, облыстық конферансьенің жеңімпазы Назгүл Жиенбаева, «Жастар» театрының әртісі Шакират Елеместер лайықты бағасын берді. Нәтижесінде қазылар алқасының ұйғаруымен ІІІ орынды Арайлым Бауыржанқызы, ал ІІ орынды Айсәуле Құтжанова иеленді. Ал «Кең Жылой» газетінің тілшісі Ерназ Ахметкәрімов жүлделі І орынды жеңіп алса, байқаудың Бас жүлдесін майкөмгендік мұғалім Дәулет Мәдиев қанжығасына байлады. Жеңімпаздар арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Байқаудың қорытындысында сөз алған ұйымдастырушылар алдағы уақытта барлық жеңімпазға мерекелік шаралар тізгінін ұстатып, өнерін одан әрі шыңдауына мүмкіндік беретінін айтты. Өнерді сүйген жастар да болашақта қапы қалмай, қоғамдық жұмысқа белсене атсалысатынын жеткізді.

П.Қизатова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521