Айналайын, сахна!

Әнші өзінің өнер кешінде елге белгілі сазгерлердің әндерімен бірге қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп орындады. 

Аудандық мәдениет үйінде халықаралық, республикалық, облыстық фестивальдардың лауреаты, дәстүрлі әнші Назгүл Жиенбаеваның «Айналайын, сахна!» атты ән кеші өтті. Кеш жүргізушілері көрермендерді, ең алдымен, Назгүл Өмірғалиқызының өмірдерегімен таныстырды. Назгүл - бұлбұл дауысты әнші ғана емес, талантты әртіс, дарынды жүргізуші. Ол 15 жылға жуық киелі сахнада өнер көрсетіп келеді. Өзінің әнге, өнерге деген құштарлығының арқасында көптеген байқауларда бақ сынап, жүлдегер атанды.

nazgul1

Сахна шымылдығы Назгүлдің орындауындағы әсем әнмен ашылды. Содан соң аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров сөз сөйлеп, әнші қыздың өнеріне сәттілік тілеп, аудан әкімі Азамат Бекеттің алғысхатымен марапаттады. Ән салу – таңғажайып өнер. Назгүлдің шырқаған әндері тыңдаушының тұла бойын бойлай өтіп, терең де ашық дауысы көрерменнің жүрек қылын қозғады. Әнші өзінің өнер кешінде елге белгілі сазгерлердің әндерімен бірге қазақтың дәстүрлі әндерін нақышына келтіріп орындады. Сондай-ақ ол эстрадалық бағытта және орыс тілінде де ән шырқады.

nazgul2

Көрерменнің көңіліне ерекше сезім ұялатқан әннің бірі - жерлесіміз Әлібек Амандықтың сөзіне жазылған «Өлмейтіндер» әні. Оның себебі өнер иесінің Жылыойдың өмірден өткен талантты перзенттерінің есімдерін тізіп, әнге қосуы болды. Әншінің сырт келбеті мен сахнада өзін-өзі ұстауы, әр әннің мағынасына қарай өрілген қимыл-қозғалысы көрерменді елітпей қоймады.

nazgul3

Әншінің жеке кешінде өзінен бөлек сахнадағы әріптестері Асқар Қоңыров пен Дәмелі Сарова өнер көрсетті. Назгүлдің сахна төрінде «Сағындым, сағым жылдар» деп төгілте ән шырқағанын тамашалаған көрермен қазақтың «Ақбаяны» атанған Мәдина Ералиеваны есіне алды. Кеш барысында әнші өзінің өнерге келуіне ықпал еткен ата-анасына, ұстаздарына алғысын білдіріп, ақ тілегін жаудырды. Жүрегі өнер деп соққан Жылыойдың ерке қызының мерейі халық алдында тағы да биік дәрежеге көтерілді.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521