ads_banner

Батыр баба рухы шекарашыларға дем беріп, ерлікке үндейді

Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деген-ді. Сондай есте ұстар тұлғалардың қатарында қазақ жері мен елін найзаның ұшымен, сом білектің күшімен қорғаған батырлардың аты айрықша аталады. Ендеше, мұндай біртуар баһадүрлердің есімін жай ғана есте сақтау аздық етеді. Ел ертеңі ата-бабамыздың «қар жамылып, мұз жастанған» ерлікке толы өмір жолынан да зор өнеге алуы керек. Олай болса, оларды жақсылап ұрпақ жадында жаттатып қана қоймай, ерлерімізді өзге ел алдында да паш ете алатындай қандай игілікті іс тындыра аламыз? «Ер Қосай, Тәзіке баһадүр» қоғамдық бірлестігі оның жолын таба білген секілді.

Дәл осы үкіметтік емес ұйымның ұйытқы болуымен ұрпаққа мирас боларлық үлкен игілікті іс тындырылды. Өткен жылдың желтоқсанында Құрманғазы ауданының Кудряшев ауылдық округінде орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің Кудряшев шекара бөлімшесіне Ер Қосай батыр есімі берілді. Ресей Федерациясы мен Қазақстан аралығындағы шекараны қырағы күзетіп тұрған шекарашылар заставасы енді Шекара қызметі директорының 2018 жылғы 29 қазандағы №035 бұйрығымен «2016 әскери бөлімінің Ер Қосай батыр атындағы шекара заставасы» деп аталады. Қандай керемет! Қазақ хандығы құрылған дәуірде елін сыртқы жаулардан қорғап қалған батыр бабаның айбынды атының өзі жас жауынгерлерге рух беріп, дұшпанға сес көрсетіп тұр емес пе?! Енді осы жерде сәл шегініс жасап, тарих беттерін парақтайық. Ел тыныштығын қорғап тұрған шекара заставасының атын иемденген Ер Қосай батыр кім еді?

Құдайкеұлы Ер Қосай қазаққа 42 жыл хан болған Хақназар ханның тұсында өмір сүрді. Ол ханның серігі, жауға шапса, қол бастайтын сардары, дауға салса, сөз бастайтын шешені болған деседі. Құба қалмақ шапқыншылығы кезінде жаудың бетін тойтарып қана қоймай, бас Доржы палуанды жеңіп,қазақтың сарбаздарына дем беріп,абыройын асқақтатты. Ойратты ойрандап, Хорыл батырын ат құйрығына бөктерді. Жоңғар, Хиуа шапқыншылығында да талай мәрте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Түркістан қаласын Баба Сұлтан шапқанда «Алаш!» деп аттандап атқа қонып, қазақтың қалың қолын бастап, дұшпанын тізе бүктірді.

Олай болса, ойратты ойрандап, қалмақты қырған, алашқа айбын болған жаужүрек баһадүр батыр бабамыздың есімі елдің шетінде, желдің өтінде тұрған шекара заставасына сұранып-ақ тұрғандай еді. Осы олқылықтың орнын қоғамдық бірлестік төрағасы Мерген Байболов бастаған елдің ер-азаматтары толтырды. Енді ел шебін бақылауда ұстап, жат ағым өкілдері мен заңсыз тауар тасымалдаушыларды, шекараны заңсыз кесіп өтетін өзге де арам пиғылдыларды күнбе-күн құрықтап отырған шекарашылар батыр бабаның рухымен қанаттанып, ерлігінен үлгі-өнеге алары анық. Бұл Отанын қорғауға келген әрбір жас сарбаздың бойындағы патриоттық сезімін оята түсері сөзсіз.

Елбасы өз Жолдауымен 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл тек қана ел ертеңін қолдау дегенді ғана білдірмейді. Осы жылды пайдаланып, жастарымыздың бойындағы ұлтжандылық сезімін ояту мақсатында оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелейтін іс-шаралар ауқымын да күшейте түсуіміз керек деген сөз. Ол үшін ертеңгі ел тізгінін ұстар бозбала мен жас жігіттерге Ер Қосай батыр секілді бабаларымызды жақынырақ таныта білуіміз керек. Оның бірден-бір жолы - осындай заставаларға, әскери бөлімшелерге, өзге де әскери нысандарға батыр бабалар есімін беру. Сонда ерлердің ерлігіне шын сүйсінген жастарымыз ешқашан өз ұлтын сатпайды, жат жолға түспейді.

Меніңше, осындай игі істі мықтап қолға алған Ер Қосай батырдың ұрпағы Атырау қаласы, Балықшы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамза Ғабдуллин, облыстық «Ер Қосай, Тәзіке баһадүр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мерген Байболов сынды ақсақалдар болашақ алдында зор сауапқа қалды. Өйткені жауға аруақты бабалар атын ұрандап шабатын қазаққа қашанда батырлар рухы дем беріп келген. Ел азаматтары заставаға батыр атын алып беруге атсалысқанда халқымыздың осы бір ерлік дәстүрін жалғап, ұрпақ санасында қайта жаңғыртуды мақсат тұтты. Елбасы айтқан «Рухани жаңғыру» дегеніміз осы болса керек.

Ербол Қошақанов.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner