Базардағы Абай кеші

Сауда үйінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай іс-шара өтті

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың мерейтойына арналған дайындық жұмыстары өткен жылдың бел ортасында-ақ басталып кеткен болатын. Жыл басында елордада ұлы ақынның 175 жылдығын республика көлемінде тойлау рәсімі салтанатты түрде ашылып, биыл өткізілетін 500-ден астам іс-шараның жоспары таныстырылды. Осыған сәйкес еліміздің түкпір-түкпірінде Абай тойына арналған әртүрлі бағыттағы шаралар легі өткізіліп келеді.

Ақынның шығармашылығы мен өмірін барша Жылыой халқына насихаттау мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығы «Беркад» сауда үйінде алғаш рет мәдени шара ұйымдастырып, рухани шөлдеген қалың жұртты Абай жырларымен сусындатты. Бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне Т.Құлтумиев атындағы №1 балалар саз мектебі және аудандық балалар кітапханасы да атсалысты. Сенбінің шуақты күні сауда жасамақ оймен базарлатып келген қала тұрғындары Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін скрипканың нәзік үнінде естігенде таңданып, біраз тосылып қалды.

Күнделікті күйбең тірлікпен байыз таппайтын жылыойлықтар үшін бұл шара ерекше серпіліс әкелді. Сауда орнына келгендегі мақсаттарын ұмытқан бір топ адамдар концерттік шара өтіп жатырған орыннан бір табан да ұзай алмай, өнерпаздардың көрсеткен өнерлерін ұйып тамашалады. Сондай-ақ аталған сауда үйінің бір бұрышына Абайдың кітаптары қойылып, көрушілер ақынның асыл мұрасымен жақын танысып үлгерді. Шараның ойдағыдай өтуін қадағалап, басы-қасында жүрген орталық басшысы Сержан Серікбаев көпшілік алдында сөз сөйлеп, іс-шараны өткізудегі басты ойын айтып өтті.

Сондай-ақ ол тұрғындардан ақынның қара сөздерін, жырларын оқуды қолқалады. Сол сәтте өзінің белсенділігін танытқан №8 мектептің оқушысы Мұхаммед Раханұлы ақынның қара сөзін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шараның соңы саз мектебі оқушыларының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521