ads_banner

Лирикалық әндерді ұнатамын

«Жылыойда таяқ тастасаң, таланттыға тиеді» деп ақын айтқандай, мұнайлы мекен өнерпаздарға кенде емес. Алдыңғы толқынды кейінгі толқын басып, сахналарда жаңа жұлдыздардың шоғы жарқырап жануда. Мереке-тойларда ән-жырдан думан жасап, өнерсүйер көпшіліктің көңіліне шуақ шашып жүрген, концерттер мен бағдарламалардың сәні боп жүрген олардың бірін білсек, бірін білмей жатамыз. Осы шағын сұхбатымызда талантымен танылып, әдемі үнімен сүйсіндіріп жүрген жас әнші, заманауи әнші Орынгүл Батыховамен таныстырмақпыз.

- Дәстүрлі сұрақ: ән айтуды қашан бастадың?

-Мен ән айтуды 11 жасымда бастадым. Ең алғашқы айтқан әнім «Гүлдерайым» еді. Бұл өзім 5 жыл көлемінде вокал пәнінен сабақ алған өнер мектебінің сахнасы болатын. Алғашқы толқуды жеңу, аудиторияны сезіну, әнді жүрекпен айтуды осы өнер ордасынан үйрендім. Бұған ұстазым Жақсығали Көшербаевтың көп еңбегі сіңді.

- Үлкен сахнаға қай жылы шықтың?

-2010 жылы Құлсары қаласында Орталық алаңда ұйымдастырылған «Мектеп бітіру кешінде» ең алғаш сахнада өнер көрсеткен едім.

-Алматы қаласында өткен «Сағындырған әндер-ай» концертіне қатысқаныңды білдік. Осындай ауқымды концертке қатысуға қалай мүмкіндік алдың?

-Көпке танымал, күміс көмей әнші Дәмелі Сарова менің даусым мен ән орындауымды ұнатып, үлкен концерттерге қосуды ойға алып жүрді. Сәті түсіп, мен осы жылдың басында «Сағындырған әндер-ай» концертіне қатыстым. Онда белгілі әнші Тахмина Әшімбековамен дуэтте «Әдемі-ау» әнін айттым. Мамыр айында қатысқан кезде Майра Ілиясовамен «Бақыт құшағында» әнін орындадық. Осындай елге танымал әншілермен қатар тұрып ән орындау, әрине, бір ғанибет.

-Ән айту бала күнгі арманың болып па еді?

-Ия бала күнгі арманым. Бала күнімде "Ани Лорак сияқты әнші болам" деген арманым болған.

-Бұл өнер кімнен дарыды?

-«Адамның жақсысы – нағашыдан» деген ғой. Нағашы әжем ауыл үйдің арасындағы той-томалақта ән айтатын ауылдың «алтауызы» еді. Өнер сол үлкен анамнан дарыған шығар деп ойлаймын.

-Қандай стильдегі әндерді орындауды ұнатасың?

-Жалпы барлық стильдегі әндерді орындай аламын. Бірақ, жаныма жақыны лирика, сондай-ақ заманауи хип-хоп, R&B стиліндегі әндерді де орындағанды ұнатамын. Қазақтың әндеріне қоса орыс тіліндегі, ағылшын тіліндегі әндерді шырқаймын.

- Жеке орындауыңдағы әнің қашан шықты? Оны кім жазды?

-Мен жеке-дара орындап жүрген «Бір сағыныш» атты әнім 2018 жылы жарыққа шықты. Сөзін жазған - қызылордалық ақын Ботакөз Бексары, әнін жазған - жылыойлық сазгер Қуат Әбілов. Қазір бұл ән жастардың арасында сұранысқа ие.

Сұхбаттасқан: Ж.Шаңқанова

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner