Ән салшы, Назгүл...

Ол соңғы жылдарда тағы бір қырымен аудан халқына танылып үлгерді. Ол – оның жүргізушілік қабілеті.

Менімен бірге жылап, бірге күлген сахна,

Жанарымда жанған шырақ жан досымсың - сахна.

Кейде жалғыз жылай қалсам, мұңайдың сен - сахна,

Қайта күліп шырайлансам, қуандың сен - сахна.

Біздің қазақ халқы өнерді өрге өрлете білетіндер санатынан. Сондай өнерлі жанның бірі – аудан асып, облыстық, республикалық түрлі-түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген, дәстүрлі ән, театр, эстрадалық вокал жанрында көптеген жетістікке жеткен Жиенбаева Назгүл Өмірғалиқызы.

Жыл басында Назгүлдің «Айналайын, сахна!» атты кешіне қатыстым. Осы концертті тамашалай отырып, оның ашық та кең тынысты даусына, әр әнді мақамына сай жеріне жеткізе білетіндігіне тәнті болдым.

Назгүл Өмірғалиқызы 1990 жылы 2 мамыр күні Құлсары қаласында дүниеге келген. Назгүлдің әкесі Өмірғали Құлсары технологиялық көлік басқармасында жүргізуші болып жұмыс істеді. Алыстағы мұнай алаңдарына халық шаруашылығы жүгін таситын. Дала желіне бетін сүйгізіп, машина рөлінде күндіз-түні отыратын Өмірғали ұзақ жолда жанына әнді серік ететін. Өйткені Өмірғали сонымен бірге сол жылдарда көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі бола білді. «Мұнайшылар» клубы жанындағы «Жалын» аспаптар ансамблінде гитарада шебер ойнап, көзге түсті. Ал Назгүлдің анасы Күләш балабақша қызметкері болып еңбек етті.

Осы отбасында дүниеге келген төрт перзенттің кенжесі - Назгүл. Әке жолымен өнерге берілген Нұртан мен Ерлан ағалары - Назгүлге үлгі-өнеге. Нұртан да, Ерлан да мұнай саласы бойынша білім алғанмен, өнердің айналасынан алыстай алмай жүр. Ал Назгүл сахнаға ең алғаш мектеп қабырғасында «Әнші балапан» байқауына қатысып, өнер көрсетуімен көзге түсті. Есейе келе, Назгүл 2005 жылдары аудан сахнасына шығып, ауданның мерекелік шараларына қатысып, домбырамен ән айта бастады. Ең алғаш әкесі Өмірғали үйреткен «Нұрымның термесін» сахнаға алып шығып, дәстүрлі әнге бейім екенін байқатты.

Назгүл Құлсарыдағы Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектепті аяқтап, Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің педагогика, психология және өнер факультетінің «Дәстүрлі ән өнері» мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған Назгүл ешқайда бұрылмастан Жылыой ауданының «Кең Жылыой» мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Осы мәдениет үйінде Жылыой халық театрының жетекшісі болып әлі күнге жұмыс істеп келеді.

Ол соңғы жылдарда тағы бір қырымен аудан халқына танылып үлгерді. Ол – оның жүргізушілік қабілеті.

Сонымен бірге театр сахнасында да түрлі образдарды сомдап, көрерменнің көзайымына айналғаны ақиқат. Оның репертуарында 50-ден астам ән бар. Оның дені - халық және халық композиторларының әндері.

Назгүлдің өнеріне тәнті болған мен оны әңгімеге тартып, сұхбаттастым.

nazgul

- Сені өнерге алғаш мектепте баулыған кім?

-Мектеп қабырғасында түрлі ән байқауларына қатысып, бақ сынап, жүлделі орындарды иеленіп жүрдім, - деп бастады Назгүл әңгімесін. –Ең алғаш өнерге баулыған әкем болса, одан кейін мектепте оқып жүргенімде ән сабағынан дәріс берген - марқұм Майлыбаев Кенжебай ағайым.

-Қазіргі өнерде қатар жүрген құрбыларыңнан кімдерді үлгі-өнеге тұтасың, сырласасың, пейілдессің?

- Қазіргі өнерде қатар жүрген құрбы-қатарлар ішінде сырласар, сыйласар, ниеттес, қатарлас, сапарлас жүрген өнегелі өнер иелері ауданымызға танымал әншілер – Сарова Дәмелі, Қоңыров Асқар, Сәмендирова Риталарды және басқа бірқатар өнерлі өрендерді, жалынды жастарды айтар едім.

- Отбасың жайында айтып берсең. Келін боп түскен жерің өнеріңді қалай қабылдады?

- Нағашыларым жақтан өнерге бейім, жақын жандар бар. Домбырада ойнап, ән салатын нағашы апамды айтар ем. Келін боп түскен жерімде де өнерден құралақан емес жандар бар. Қайынатам - жиын-тойларда, отырыстарда ән салып, көңілді көтеріп отыратын жан. Өмірде де көңілді жүргенді ұнататын кісі. Жолдасымның жалғыз қарындасы да мектеп бітірген соң Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музыка бөліміне оқуға түсіп, І курс студенті атанды. Менің отбасым, ата-енем - өнеріме, өнерде жүргеніме еш қарсылық білдіре қоймайтын жайсаң жандар. Үнемі шабыт беріп, қолдау көрсетіп келеді. Сол үшін де мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін.

nazgul1

Атам – Сәрсенғалиев Еркін Ерсайынұлы, «Мұнайкөлік» мекемесінде көп жылдан бері кран жүргізуші болып істейді. Енем – Мұқитова Айсұлу, мамандығы бойынша есепші. Еңбек жолын «Тенгизопторг» мекемесінде қойма меңгерушісі болып істеді.

Ал жолдасым Батырбек - қаржы саласының маманы 2018 жылы халқымыздың салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына сай құда түсіріп, сырға салып өз ұямнан ұшып, Батырбектің отбасына келін болдым.

Ұлымыз бар, бір жастан енді асып барады. Есімін атасы Дінмұхаммед Қонаев атамыздай дана болсын, Димаш Құдайбергеновтей бүкіл қазақты төрткүл дүниеге танытатындай өрелі өнерпаз, әйдік әнші болсын деген ниетпен Димаш қойған болатын.

Адам болғасын басыңнан әртүрлі оқиғалар өтіп тұрады. Ол оқиғалардың ішінде қызықтысы да, басқасы да болады. Өмірімді қызыққа, қуанышқа, бақытқа толы десем, жалған болмас. Маған өмір берген, алдымен, Аллаға, қалды, ата-анама мың алғыс. Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойыма өнер деген асыл сезім дарығаны үшін шүкіршілік етемін. Одан кейін өзімнің жанымды түсінетін, шын бағалайтын, өнеріме әркез демеу болар өмірлік серігімді адастырмай жолықтырғаны үшін шүкіршілік етемін. Әрине, тірлік дегенің тек қуаныштан тұрмайтыны анық. Әсіресе өзімнің әжемнің өмірден өткен қайғылы күні жаныма ауыр тиді. Үйдің сүт кенжесі болғандықтан, әжемнің жекеменшік қызымын деп еркелейтінмін.

-Көптеген халықаралық, республикалық, облыстық сайыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие болдыңыз. Атап айтқанда...

-Атап айтар болсам, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен орындаушылардың «Бақыт құшағында» атты республикалық ән байқауының дипломанты;

- Хиуаз Доспанова атындағы облыстық патриоттық әндер байқауының лауреаты;

- «Европа+Азия» 6-шы Халықаралық фестиваль конкурсының дипломанты;

- «Жылыойым – жырдың мекені» атты аймақтық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты;

- Ғарифолла Құрманғалиев атындағы «Ақ Жайықтан ән оздырған» атты 2-ші аймақтық әншілер байқауының дипломанты;

- Роза Рымбаеваның әндерін орындаудан «Атамекен-ай» атты фестивалінің сертификат иегері;

-Айтқали Жайымов шығармашылығына арналған «Жылойға сәлем» ән-күй фестивалінің дипломанты;

- 2016 жылдың қорытындысы бойынша аудандық «Жыл мәдениет қызметкері» атағының иегері;

- 2019 жылдың қорытындысы бойынша Жылыой ауданы «Жастар сыйлығының» иегері атандым. Шүкір, еңбегім еленіп, жетістігім бағаланып жатыр.

Жас келіншектің аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінің әзірлік бөлмесіне кіргені әлгінде ғана. Жүрісі шапшаң, әлденеден құр қалғандай, аз-кем демін алды да, жаңадан үйреніп жүрген әндерін нақтылай түсуге кірісті. Домбыра құлағын дауысына лайық келтірді де қағып-қағып жіберді. Жас келіншектің сүйріктей саусағы перне бойымен зыр қақты. Енді бір сәтте ашық даусымен шырқалған ән әуені шыңыраудан шығып, шыңға жеткенше қанат қақты... Оны қошеметтеп, қол соғып, сахнадан жібермей қойды. Ол композитор Ләтиф Хамидидің «Бұлбұлына» басты. Бұлбұл десе, бұлбұл екен Назгүл.

Қонаш Қалдыоразұлы,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521