ads_banner

Теңіз боп сағым көлбейді

АБАЙ

Қапастағы халқы үшін қайран Абай,

Арыстанша атылып Айға қарай.

«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп

Мыңмен жалғыз алысты» тайғанамай.

 

Қазағымның бағына анық туған,

Ақын десе, ақын ғой жанып тұрған.

Қара түннің қабағын дір еткізіп,

Жалғыз шумақ өлеңі жарық қылған.

 

Кейінгіге қалдырмай кер есепті,

Беріп кеткен кезінде ол берешекті.

Ойшыл десең, ойшыл ғой орны бөлек

Қолға ұстатқан кермиық келешекті.

 

Айтыңдаршы, Абайды кім білмеген,

Жетпейді оған дүлдүлің дүлдүл деген.

Дана десең, дана ғой бар халықтың

Кеудесінде күй болып күмбірлеген.

 

Ұлылар ғой ұлыны тегіс білген,

Арасында екі елдің өріс жүрген.

Қаба сақал Пушкинді жат санамай

Шығыстың шыңдарымен көрістірген.

 

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың»

Деген еді бір кезде, ал бүгін ше

Ішің түтін емес пе, сыртың бүтін.

 

Тайыз тартып барады тереңдерім,

Тамшы суға зар болып емендерім.

Ұрпақ азып барады арақ ішіп

Қымыз ішкен тек Абай кемеңгерім!

 

Алдында емес, Абайдың қапталында,

Жүргеніме қақым бар мақтануға.

Ұшақ мінген аласа толып жатыр

Биік өскен өзі ғой ат жалында.

 

ӘКЕММЕН ӘҢГІМЕ

Биіктен сөз аламын өз атымнан,

Ақынмын көкіректен сөз атылған.

Сонда да ойлап тұрсам, асыл әке,

Өзіңнен қылығым жоқ оза туған.

 

Болғанда үзім нанның аты қайғы,

Жарылқап жетім, жарлы-жақыбайды.

Ең алғаш колхоз құрған бір ісіңе

Менің бар атақ-даңқым татымайды.

 

Баласы деп айтты ел басқарманың,

Білемін бұл сөзде де астар барын.

Желіден үріккен құлын секілденіп

Жек көрдім лауазым баспалдағын.

 

Тексізге ұсынбайды төрін ешкім,

Келмеді кеңсе бағып өліп-өшкім.

Атаққа, дүниеге бас айналған

Кей пасық пақырлығын көріп өстім.

 

Көрдім де, бас бұрмадым ол ауылға,

Қайтарда қамшым қалды «Қарауылда.»

Ақындық – Абай жолы, азапты жол

Арқамды тосып жүрмін сан ауырға.

 

 Біреудің қан жыладым мұңын көріп,

Жұбаттым қара өлеңмен шұғыл келіп.

Мен-Абай, сен-Құнанбай болмасақ та

Атыңды ерттеп жүрдім ұлың болып.

 

Біреуге бұл дүние тез өткендей,

Ошағын жандыра алмас тезек термей.

Тоқырау тұсындағы тоқ бастықтар

Жазып жүр естелігін кезек бермей.

 

Жайы жоқ олардың да жатып алар,

Салмақтар өмір деген сахна бар.

Біледі әкімдіктен аты қалмас

Абай салған соқпақтың аты қалар.

 

Жайым жоқ ақындықтан жалтаруға,

Ынтам жоқ, атқа мініп, мал табуға.

Өксік атқан өлеңнің ізі жатыр

Бурыл тартқан шашымның әр талында.

 

Жарыққа көрінуге жан ұшырар,

Жырларым маңдайымның бағы шығар.

Қан қысымы қақсатқан жүрегімде

Мынау қилы өмірдің ағысы бар.

 

Көкем-ау, ойлап нені тұнжырадың,

Бекер-ау, мен несіне қынжыламын?

Отауым орта мектеп ауылдағы

Отыз жыл бір орыннан жылжымадым.

 

Сүттен ақ, судан таза жан құсаған,

Ау, әке, ризамын мәңгі саған.

Өзіңдей адал билік жүргізбесем

Қасиетті халқымнан қарғыс алам.

 

Біреуге-бал, біреуге-қымыранмын,

Таяқ жеген талайдан сірі жанмын.

Сексен жасап семсерді маған бердің

Әке, мен өзің үшін тірі қалдым.

 

Ұлыңның не айтса да еркі бүгін,

Алда талай самғауым, мертігуім.

Әке, мына мен барда сен тірісің

Абай жыры тұрғанда мен тірімін!

 

КЕРУЕНДЕРІМ

Ақындық жолдың азабы-ай,

Керуендерін құм басқан.

Тағдыры тартқан жазадай

Түн бойы көзін жұмбастан.

 

Бір шумақ жырға шөлдейді

Аңызақ жатып, аһ ұрып.

Теңіз боп сағым көлбейді,

Жылт еткен үміт шақырып.

 

Табады дауа тек сонан,

Талайлар белді бір буып.

Теңізге дейін жетсе аман,

Керуендері қым-қуыт.

 

Жетуге қалдым енді мен,

Өзекті өртке күйдіріп.

Өмірім үшін көндігем

Өлеңім салса қиғылық.

 

Арқама артып теңдерді

Ешкім жоқ мені қыстаған.

Шөлдетпейінші сендерді

Керуен жырым — құс табан.

 

ТҮЙСІК

Алтын Ай, жұлдыз-жауһар, қырмызы Күн.

Кигізді саусағыма жыр-жүзігін.

Аспанға алып ұшты періштелер,

Демінен жаратылған үр қызының.

 

Қара бұлт – жабағы жүн түтіп өтем,

Құс жолы – құстың тамған сүті ме екен?!

Елдегі сапарымды қоя тұрып,

Ғарышқа қол созамын, шүкір етем!

 

Қараймын кең дүние келбетіне,

Қатар жүр зиялысы, жендеті де.

Бір кезде Алдаркөсе ат қып мінген,

Шайтанның тұқымы бар жер бетінде.

 

Арғы жағым кетеді жүген жұлқып,

Бір сәтке жерге түсем, сілем құртып.

Жай таппай жай оғындай түйілемін,

Кетердей түйсігімді түлен түртіп...

 

ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ

Аптап ыстық, Өң-түссіз өлі дала,

Жортатын некен-саяқ бөрі ғана.

Керуен сахарада сандалады,

Алар ма алақанға өмір-ана?!

 

Аралап астанасын көп өлкенің,

Тиеген қазынасын, нелер теңін.

Ал қазір бір құмыра су түгілі,

Келеді қат боп өзі көлеңкенің.

 

Сағым да теңіз болып кеткен алдап,

Жұтады уайым деген дерт те жалмап.

Оңай ма, оппа құмды омыраулап,

Қалт тұрды қара нарлар төрт тағандап.

 

Адамдар омырауын ашты мұңға,

Алжасып ақылынан шаш жұлуда.

– Ей, аспан, бір тамшы су, су, – десіп,

Аямай алтындарын шашты құмға.

 

Бәрі де бағынышты, жалынышты.

Байлығын қара дауыл алып ұшты.

Тоймаған дүниеге керуеннің,

Шөл дала шөпілдетіп қанын ішті.

 

Айтады осылайша хабар далам,

Бұл сурет сабақ болар Саған, Маған.

Тағдырды, тарыдай боп шашыларда

Алтын да аман сақтап қала алмаған.

 

ЕСЕНИННІҢ МОНОЛОГЫ

Мен осы шынымен шатпын ба?

Табылар өзімдік шертер мұң.

Теңіздің түбіне баттым да,

Найзағай отына өртендім.

 

Түспесең өмірдің тезіне,

Несіне жігіт боп туасың?

Талтүсте адасқан кезіме,

Достарым, өздерің куәсің.

 

Жанымның тарқамас құмары,

Қайдасың, сайрауық бұлбұлдар?

Досыңды түсінбей жүр әлі,

Мұндағы өсекші құрғырлар.

 

Тиді ауыр барлығы төзімге,

Адасып қалдым ба еріктен.

Бейтаныс сұлудың көзінде,

Жас тұрды неліктен, неліктен?

 

Жалынын жан-жаққа таратқан,

Жаныма қалайша қыс кірген?!

Өшімді алардай шараптан

Тағы да іштім мен...

 

Әлгі қыз жас төгіп тұр әлі,

Жанына бір сөзім батып-ақ.

Мен шығар оған да кінәлі,

Мен шығар ақымақ.

 

Білмеймін, не болды, осымен,

Өтті ғой зымырап қысқа күн.

Қастастым аяулы досыммен,

Дос болды күлегеш дұшпаным.

 

Бейшара жүректі тулатып,

Қайтемін күншілдер өсегін?!

Орыстың орманын шулатып,

Ортаңа оралар Есенин!..

 

ТАСИДЫ ТЕҢІЗІМ

Мен теңізбін әлі бір тасымаған,

Шар болатпын мұқалып жасымаған.

Қасиетті қаламын қалдырыпты

Қарай-қарай артына Қасым ағам.

 

Аруағын пip тұтқан аға ақынды —

Риза қып қомдадым қанатымды.

Жырымның сырлы сазын тыңдатамын,

Ұйқысынан оятып қара түнді.

 

Мың әуенмен жаныма бойлап алған,

Көкіректе салады ойнақ арман.

Жанартаумын әлі бір атылмаған,

Атылмаған, атуға жақындаған.

 

«Тауға шығып, қараймын кең далама»,

Табиғаттың бар сыры ақыл маған.

Келер жылдар жұлдыздай ағып өткен,

Кеудем тасыр таситын шағы жеткен,

Сонда менің сімірер толқынымды

Сары дала сағымды қаны кепкен.

 

Ағар едім тау-тасты басып өтіп,

Бір өзімді бір бөлек ғасыр етіп.

Бақытыммен байыған сол шағымды,

Көрсе деймін анамның жасы жетіп.

Аманқос ЕРШУОВ

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner