ads_banner

Қазақ күзді «Алтын күз» деп атамаған

Қазір ауданымыздағы мекеме, мектептерде «Алтын күз» деп аталатын шаралар өткізіліп жатыр. Мұны, бір жағынан, «күзгі бал» (осенний бал) деп те атайды екен. «Ана жерде де, мына жерде де «алтын күзге» арналған кеш өтті» деген хат-хабарлар редакция поштасына ағылып келіп жатыр. Мұндай танымдық шаралардың өткені қуантарлық, әрине. Дегенмен нақ осы жерде көптен ойымызды мазалап жүрген бір пікірді көпшіліктің талқысына ұсынғымыз келді. Оқырманға оймақтай болса да ой салса деген ниетпен.

Алдымен, қазақта «алтын күз» деген ұғым болды ма?» деген сауал төңірегінде ойланып көрелікші. Сонау түркі заманында пайда болған жыр, дастандардан бастап, беріректегі классик ақын-жазушыларымыздың кітаптарын оқып қарасаңыз, «алтын күз» деген сөзді кездестірмейсіз. Дана Абайдың өлеңдерін оқысаңыз да сол күзіңіз қазір біз айтып жүргендей «алтындай» жарқырап тұрған жоқ. Керісінше, Абайдың күзі «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, Күз келіп, дымқыл тұман жерді басқан» дегендей, біртүрлі сүреңсіз. Неге? Себебі, көшпелі қазақ халқының ұғымында күз - жаз жайлаудан қыс қыстауға үдере көшетін, мал жайылар от азаятын, ағаш үйде бала-шаға бүрсеңдеп тоңа бастайтын кез. Мұндайда «алтын күз» деп тамсанып отырудың орнына қарашаның соңын ала бұрқайтын қарлы боран соқпай тұрып, қыстауға едел-жедел көшіп алған оңды. Жаз шыға жасыл жайлауға сән-салтанатын асырып көшкенде ерекше қуанатын қазақ күз келгенде қыстан аман шығудың қамын ойлап, қамығады. Отын-суын, жем-шөбін молынан қамдап, кейбір жалқаулары қыстан «шықпа, жаным, шықпамен» әрең шығатын. Ендеше, қазақ ешқашан күзді «алтын күз» деп атамаған, керісінше, «қоңыр күз» деп атаған. Сондықтан қазақ ұғымында, қазақ генеалогиясында атадан балаға осы ұғым сіңісті болған. Ал «алтын күз» тіркесі бізге қайдан келді? Бұл - орыс әдебиетінің алтын, күміс кезеңдеріндегі (золотой век, серебрянный век) классик жазушылары қалыптастырған теңеу. Оларда А.Пушкиннен бастап «золотая осеньді» жырламаған бірде-бір ақын-жазушы жоқ. Себебі орыс қаламгерлерінің ұғымында күз «бау-бақшадағы сарғайған, күн көзіне шағылып, алтындай жарқырап көрінетін жапырақтары саулаған үйеңкі, қайың, қарағай».

Александр Пушкин «Мен күзді сүйемін» десе, қазіргі еліктегіш қазақтың ақындары да «Мен де күзді сүйемін» деп тоты құсша қайталайды. Әрине, кім нені сүйсе де өз еркі, дегенмен өз басым ұлттық қайнарымыздан қана ішуді мақұл көргендіктен нағыз «алтынды» бабалар мұрасынан іздеймін. Сондықтан ұрпақ санасына да бабалардан қалған ұлттық ұғымдарды сіңірген жөн деп ойлаймын. «Күзгі бал» деген қайдан шықты? Әрине, орыстың «осенний бал» деген сөзінен шыққан. «Бал» деген - баяғы орыс ақсүйектерінің Петербургте, Москвада жиі-жиі өткізген би кештері. Оған қаратабан кедей бара алмайтын, өңкей «шынжыр балақ, шұбар төс» шонжар байлар ғана жиналатын сауық. Осы «бал» туралы орыс әдебиетінде көп жазылды. Лев Толстойдың «Наташа Ростовалар билейтін, алуан шамдалдар жарқыраған балдары», басқа да «балдар» туралы қалың романдардан оқыдық. Міне, осы би кештері-нің көшпелі қазаққа қандай қатысы бар? Сол уақыттарда қазақ би кештерін өткізудің орнына алты ай қыс қамымен малын бағып, тебінгіге жылқысын жайып, соғымын жеп жататын болған. Қазақтың «балы» - жазда айлы түнде жастар жиналатын алтыбақан, ақсүйек. Көшпелі өмірдің ең қызық шағы да, сауығы да –сол. Ендеше, басқа халықтың тарихы, әдебиеті мен мәдениеті арқылы бізге жеткен ұғымды мектептерде, балабақшаларда балаларға неге тықпалаймыз? Сонау кеңестік заманнан бері келе жатқан «алтын күз» немесе «осенний бал» деген ұғымдарды тәуелсіздігімізді алған кезеңде де неге «ұмыта алмаймыз»?

Менің байқауымша, ұлттық салт-дәстүрімізді жылына бір-ақ рет – Наурыз мерекесі кезінде ғана ұлықтаған боламыз. Сандықта жатқан ұлттық үлгідегі шапан, қамзол, қос етек көйлек те сол кезде ғана шығарылып, қыртысы жазылып, иыққа ілінеді. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрлер де тек сол кезде ғана еске алынады. Ал бұдан соң қазақтың баласы өз ұлтын сүйген азамат боп қалай қалыптаспақ?

Орыс әдебиеті әлемге небір дарынды классиктерді берді. Сондықтан орыс қаламгерлерінің суреткерлігіне тәнтімін.Оқушылар әлем әдебиетімен қатар орыс әдебиетін де терең білуі қажет. Дегенмен көзсіз еліктеу немесе «күзгі бал», «алтын күз» ұғымдарының шығу тарихына үңілмей, оны жөн-жосықсыз насихаттай беруден ұлтымыз ештеңе ұтпайды. «Күзгі балдың» орнына ата-бабаларымыздың күзде қыстаққа қалай көшкенін , қысқы соғым туралы түсіндірген жөн тәрізді.Оқушыларға сұрақ қойған кезде көпшілігінің туған жерімізде өмір сүрген батырлар, би-шешендер туралы білмейтіндігін аңғардым. Төремұрат, Өтен, Нарынбай батырлар туралы, Қызданай сұлу тарихы жайлы көпшілігі мүлдем хабарсыз. Ал туған жерінің тарихын білу арқылы бала туған жерін сүюді үйренеді.

Әрине, бұл пікірімізді қостамайтындар да табылуы бек мүмкін. Оқырмандар өздерінің де ой-толғамдарымен бөліссе, талай мәселе таразыға тартылып, салиқалы сараптама болар еді. Біздікі - көпшілікке ой тастау.

С.Шәтенова

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner