Қаламыздың тасжолдары неге тар?

осы мәселе аудан әкімінің есебінде биыл тағы көтерілді.

Жылыой - облысымыздағы халқының саны жағынан да, өндіріс ошақтарының көптігі жағынан да ең үлкен аудан. Әрі бір қалыпта тұрған жоқ қой, жылдан-жылға қанатын кең жайып, өсіп келеді. Өткен жылдарда бұл мекенде 70 мыңдай тұрғын бар деп жүрсек, соңғы жылдарда бұл сан 80 мыңнан артып кетіпті. Бұның 90 пайыздайы аудан орталығында шоғырланып қоныстанған. Белгілі жайттарды тізгендегі айтпағымыз мынау ғой: аудан өсіп, ал аудан орталығының маңдайына біткен бір-ақ орталық даңғыл тарылып бара жатқандығы.

Өзге қалаларды айтпай-ақ қоялық, өзге аудандардың да орталықтары, бас тасжолдары біздікінен анағұрлым кеңірек. Ол жақта темір тұлпар кең жолда кең тыныстап, адымын аша желіп отырса, біздің қалаға кіре салысымен екі авто әрең сиятын тар жолға сығылысып, көлік біткен тұсалған аттай кібіртіктеп қалады. Содан қаланың арғы шетіне шығып кеткенше «ыжың-ыжың» деп бір-біріне тіркесіп діңкелейді. Бұрынырақтағыдай көшесі қаңыраған, ілуде бір келетін пұшық мұрын сары автобусты күтіп тұратын, болмаса, о шеті мен бұ шетіне жаяу-жалпылап басып кететін Құлсары емес бұл. «Елу жылда ел, отыз жылда қазан жаңармай ма?» Заман өзгерді, тұрмыс түзелді. Бұрынғы поселке - бүгінде қала!

Қазір барар жеріңе көліксіз жету, шаруаңды көліксіз ыңғайлау да - оңай іс емес. Ал темір тұлпар дегеніңіз құлсарылықтарда жетеді! Бір үйде екі-үштен автомашина бар көбінде. «Бес саусақ бірдей емес», «Бай ауданда тұратындардың бәрі бірдей бай емес қой» деген уәжге келсек, жоқ дегеннің өзінде бір-екі түтінде бір «драндулет» бар шығар енді. Бұл көліктің бәрі аулаларда қаңтарылып тұрмасы белгілі ғой, қалың нөпір қала көшелеріне ағылғанда көшеге сыймай, кептеліс болады да қалады. Халық жұмысқа баратын, қайта оралатын уақта жалғыз ғана күре жол – Махамбет даңғылында нағыз «час пик» орнайды. Тар тасжолға қамалған өңкиген-дөңкиген, ыздиған-сыздиған, томпиған-сопиған көліктер зығырданы қайнап, ызу-қию бір-бірін өкшелетіп бара жатқаны. Қыстыгүні автобуспен әрі кетсе 10 минутта жететін жер - базар жақтан ықшамауданға жолда табандап тұрып, сағатқа жақындата жеткеніміз бар.

Мұндай кептелістер уақытыңды ғана ұрлап қоймайды, жол-көлік оқиғаларының болуына да кесірін тигізері анық. Өйткені былайғы кезде де Махамбет даңғылы бойында бір емес, бірнеше рет көлік қақтығысы, адам өлімі болғаны рас. Ал тасжолдың сапасы - бір бөлек әңгіме. Өткен жылы күзде орталықтағы жол жөндеу жұмыстары аяқталмай тоқтатылғаны, жауапты мекеме сапасыз жұмысы үшін сотқа берілгені жайлы аудан әкімінің есебінде айтылғанын көзі қарақты жанның бәрі біледі. Иә, тасжол жөнделер, бірақ көшенің тарлығы одан күрделі мәселе боп қала бермек. Қателеспесем, 7-8 жыл бұрын бір мәслихат сессиясында ма, әлде қаланың генпланын жоспарлау, талқылау барысында ма, депутат Халел Жамалов орталық даңғылды кеңейтудің бір жолын ұсынған еді. Ол Махамбет даңғылы бойындағы ескі екіқабатты үйлерді бұзу арқылы қала орталығын ашуға болатынын айтқаны есімізде. Дегенмен бұл пікір сол күйінде қалған сияқты. Одан кейін ол әңгіме қозғалған да жоқ, естілген де жоқ. Есесіне орталықтағы жол жиегіне тақау әлденеше жаңа кәсіп нысандары, ғимараттар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Ескі үйлерді орнынан қозғауға шама келмей отырғанда енді су жаңа ғимараттарды қопара көтеріп әкететін Толағайдай пәрмен қайдан болсын?! Қаланың басжоспарын жасағанда алысты болжай, өсімталдықты ескеріп жасаған дұрыс емес пе, негізі...

Дегенмен осы мәселе аудан әкімінің есебінде биыл тағы көтерілді. Аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов есепті жиналыста былай деп сөз сөйледі: -Өндірісті өлкемізде халық саны артып келеді, осыған орай автокөліктер де көбейіп, көлік кептелістері жиі орын алып отыр. Осы кептелістерді болдырмау үшін алдағы уақытта орталық көшенің жолы кеңейтіліп, қазіргі заман талабына сай төрт жолақты жол салу жоспары қолға алынса дейміз. Сонымен қатар мәслихат хатшысы көлік кептелістерін азайту үшін қаладағы 7-ауыл мен орталық аурухана маңынан, Құрсай өзенінен көпір салынса деген жылыойлықтар ұсынысын көп назарының нысанасына ілді. Бұл қала көшелеріндегі кептеліс мәселесін шешіп, тұрғындардың кедергісіз қатынауына, уақытын үнемдеуге септігін тигізетінін айтты.

Бұдан басқа тасжолдағы автокөлік тығынына Атырау – Ақтау республикалық тасжолы себеп боп отыр екен. Ал күндіз-түні ағылған жүк көліктері осы бағыттағы қалаішілік көлік қозғалыстарына кедергі келтіретіні анық. Сондықтан соңғы жылдарда қала құрылысының өсуіне, тұрғын үйлердің көбірек салынуына байланысты қаланың ішінде қалып қойған осы тасжолды қала сыртына шығару жолдарын қарастыру да аталған мәселені шешудің бір жолы болмақ. Мінекей, осы айтылған мәселелер оң шешімін тапса, құмығып қалған көшелердің арнасы ашылар ма еді дейсің ғой. Әйтпесе тап-тар көшелер, жапатармағай салынған үйлер мен ғимараттар тек кедергі ғана емес, бүкіл қаланың сәніне нұқсан келтіріп тұрған жоқ па?! Қаланың сәні даңғарадай даңғылдарымен, кең көшелерімен, күре жолдың екі бетін көмкерген ағаштар мен қаз-қатар тізілген биік ғимараттарымен кіреді емес пе? Алдағы уақытта жол кеңейтіліп, қосымша айналма жолдар, көпірлер салынып, кептелістер мәселесі шешілмесе, үйлер мен ғимараттар ретімен, сәнімен салынбаса, күндердің күні қаламыз құмырсқаның илеуіндей боп, көшелерінде ине шаншар орын қалмай жүрмесін...

 Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521