Нан бағасы неге өсті?

Қош, баға өсті, ал оны тұрақтандыру жайы қалай болмақ?

Бірнеше жыл бұрын азық-түлік бағасы қалтаны қағатындай көтеріліп, халықтың оған да еті өліп кеткен еді. Бұқара «Ау, бұл қалай?» десе, қымбатшылықтың себебі түлкінің құйрығындай бұлғаңдап ұстатпайды, ұшы «анау әлемдік мұнай бағасына» барып бір-ақ тіреледі. Әлемдік мұнай бағасын бақылайтын, АҚШ долларын тұсаулайтын амалы, кәне, бар тапқаны - әмиянындағы азғантай қаржысын қайткенде айдың аяғына жеткіземін деп «Мынау - азық-түлікке», «Мынау - коммуналдық төлемдерге», «Мынау - қажетті киім-кешекке» деп қайта-қайта бөлшектеп отырғаны. Бірақ қанша қайтара бөлшектесе де, бағаға еңбекақысы теңдестіріліп отырмағасын, ақшасы түскір желкесі қиылып кем шықпаса, басы артық ештеңе қалмайтыны белгілі ғой.


Ал биылғы қазан айының басында басқа басқа, ас атасы – нанның бағасының өсуіне не себеп? Бидай өзімізде өседі, ұн өзімізде өндіріледі. Астыққа бай ел бола тұра нан неге қымбатсыйды? Кімнің айтқаны есімде жоқ, бірақ экономиканың жілігін шағып, майын ішкен білгір «Елде не қымбатсыса да, нан қымбатсымау керек, нан бағасының көтерілуі - нағыз инфляцияның белгісі» дегенді айтқан еді. Ауданымызда былтырдан бері 75-80 теңге боп тұрған әлеуметтік нан (кәдімгі нан) қазан айының басында барлық сауда нүктелерінде 90 теңгеге көтеріліп кетсе, кей жерлерде 100 теңге болды. Бақсақ, нан жалпы еліміз бойынша қымбаттаған. Ауылшаруашылығы министрлігі мұны диқандарымыздың биыл қамбаға 19 млн тонна астық құйғанын, ал бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 2 миллионға аз болғандығымен түсіндіріп отыр. Себебі жазда астықты аймақтарда қуаңшылық болған. 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасына мониторинг жасайтын аудандық ауылшаруашылығы бөлімі де І сұрыпты ұннан жасалған нанның көпшілік сауда нүктелерінде 90 теңгеден сатылып жатқанын, ал бұл ұн бағасының көтерілуімен байланысты деген мәлімет берді. Әлеуметтік тағамдардың көшін бастайтын І сұрыпты ұнның келісінің бағасы ауданда орта есеппен 108 теңге болса, айдың ортасында 110 теңгені көрсеткен. Наннан өзге қырыққабат пен сәбіз бағасы шарықтап кетіп, келісі 130 теңгеге жеткен. Қош, баға өсті, ал оны тұрақтандыру жайы қалай болмақ?

nanbagasynegeosty

Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысы Нұртас Қуатбаевтың айтуынша, бөлімнің міндетіне аудандағы 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасына мониторинг жасау кіреді, бұл мәлімет облыстық басқармаға жолданылады, әрі қарай министрлікте қаралады. Министрлік қай өңірде баға шектен шығып тұрса, бағаны тұрақтандыру мақсатында сол өңірге Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы көмек көрсетеді, яғни азық-түлік қорынан арзандатылған тауарлар халыққа ұсынылады. Ал бағаның шарықтауы қолдан жасалған жағдайда монополияға қарсы комитет іске кіріспек. Алайда бөлім басшысының айтуынша, ауданымыздағы нан бағасы Үкімет бекітіп қойған шекті бағадан асып тұрған жоқ, меже – 123 теңге көрінеді. Ал нанның көп жерде 90 теңге, бірнеше жерде 100 теңгеден сатылуы, маманның пікірінше, ұнның сапасы мен қай өңірден әкелінетіндігінде болуы кәдік. Қостанайдан ба, Павлодардан ба, Ақтөбеден бе, Оралдан ба – баға тең болмауы мүмкін.

Білуімізше, бұған нанның грамы да әсер етеді. Өйткені нанның стандарт өлшемі 600 грамм болуы тиіс болса, кей қалыптарға бұдан артық я кем салынады. Бөлім аудандағы ұн бағасын орта есеппен көрсетіп отырғанын айттық. Әрі бақылауда ұсталатын, яғни әлеуметтік маңызы бар тағамға енетін тек І сұрыпты ұн екен. Ал күнде базардан азық-түлік алып жүрген қарапайым жұрт жоғары сұрыпты ұнның 50 келісінің бағасы 7800 теңгеге дейін қымбаттағанын айтса, наубайхана иелері жоғары сұрыпты ұнның 50 келісін 8000 теңгеге, І сұрыпты ұнның 50 келісін 7000 теңгеге сатып алып отырғандарын айтты.

Ауданымызда аудандық кәсіпкерлік және туризмді дамыту бөлімінің мәліметінше, ауданымызда 13 шақты наубайхана болса, оның толық қуатында жұмыс жасап отырғаны 8-9 сыңайлы. Оның ішінде «Атырау - Сауда», «Карат», «Керемет» наубайханалары өнікті жұмыс жасауда. Осылардың ішіндегі «Керемет» наубайханасының иесі Мейрамгүл Ізтілеуова да бүгінде наубайханада пісірілетін нанның қай түрінің болсын көтерме бағасын 80 теңгеге, сатылу бағасын 90 теңгеге бағалаған. Кәсіпкердің айтуынша, осы айдың басында І сұрыпты ұнның 50 келісін 5800 теңгеге, жоғары сұрыпты ұнның 50 келісін 6300 теңгеге сатып алған болса, қазір алдыңғысын 7000 теңгеге, кейінгісін 8000 теңгеге сатып алыпты.

-Осыдан 10 шақты күн бұрын нан 70 теңгеге сатылып келді. Ұн бағасының шарықтап кетуіне байланысты нанның көтерме бағасын 80 теңгеге, сатылу бағасын 90 теңгеге көтеруімізге тура келді. Нанның қалыбына 600 грамм қамыр саламыз. Күніге 1500-2000 нан пісіреміз. Ұн бағасының өсуінен бөлек, жанармай, тоқ, жарық, жұмысшылардың ақысы да наубайханаға күш түсіріп тұрған жайы бар. Нан бағасын әлі де бұрынғыша ұстағымыз келетін ниетіміз зор болғанмен, қымбатшылық бастырмалатып, бас бермей барады, - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлердің ау-жайынан баға бұлай бұлтақтай берсе, нанның бұдан да қымбатсуы мүмкін екенін аңғарғандай болдық. Өйткені кәсіп шығын емес, пайда әкелуі тиіс екені рас. Иә, алтын дән даласы бар елге ас атасы саналатын нанның бағасының өсуі көңілге қонымсыздау көрінеді. «Нан болса, ән де болады» деп шүкірлік айтатын бұқараның нан бағасы өскен қазандағы әні әзірге көңілсіздеу естіліп тұр...

С.МҰРАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521