Шілдеден бастап газ қымбаттайды. Неге?...

Бірден айта кету керек, бұл жолғы көгілдір отын бағасының өсуіне «Жылыойгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ешқандай қатысы жоқ.

Жазғы қымбаттауға «Теңізшевройл» компаниясының газды сату бағасын өсіруі себепші болғалы тұр. Бұл жөнінде «Жылыойгаз» ЖШС-ның директоры Ғалым Жақашев мекеменің өткен жылғы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлы міндеттері туралы аудан тұрғындары алдындағы есеп беру жиынында мәлім етті.

Бірақ бағаны қыста «Жылыойгаз» көтермегенімен, жазда ТШО өсіргелі отыр. Неге? Газды сату саясатында алпауыт компания Атырау аймағындағы инфляция иірімдерін мұқият зерделеп отырады. Соған сәйкес жылдағы әдетімен әрбір 1 шілдеден бастап газды сату бағасының «қызуын» қолдан көтереді. Атырау облысындағы биылғы теңгенің құнсыздануы 5,9 пайызды құрады. Демек, "Теңізшевройл" ЖШС-ның жылыойлықтарға сататын газының бағасы да сол мөлшерде қымбаттайды деген сөз.

Бұл қымбатшылық аудан тұрғындары үшін жаз мезгілінде көп біліне қоймайды.Себебі осы уақытта жұрт көгілдір отынды тек тамақ пісіру үшін ғана пайдаланады. Сондықтан тұтыну деңгейі де төмендері белгілі. Тек алдағы мезгілде жылу беру маусымы басталып, күз-қысқы қара суық пен қақаған аяз қысқанда қара халықты қымбатшылық та қоса қысады. Оның үстіне былтырғы Елбасының Жолдауын қолдаған «жылыойгаздықтар» алдағы 1 қаңтардан бастап жаңа 2020 жылға бекітілген тарифін іске қосады. «Жығылған үстіне жұдырықтың» көкесі сонда болмақ. 2019 жылдың 1 шілдесінен - бір, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – екі қымбаттаған газ қарапайым халықтың қалтасын жақсылап тұрып қағары хақ.

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521