Жылыойдан шұбат ішсең тамсанарсың!

Басқа қалаларда тұратын таныстарымыз осылай дейді.

Қандай сырқаттарға ем?

Шұбат қанның құрамдас бөліктеріне және қанның түзілуіне қолайлы әсер етеді. Бауырдағы зат алмасу процестері қалпына келеді. Қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз етеді. Жасы ұлғайған қарттарға, ауру салдарынан дене қуаты төмендеген науқастарға бір мезгіл шұбат ішкізеді. Құрамы макро және микро элементтерге бай болғандықтан шұбатты қазақтың халық емінде қырқұлақ, мешел ауруларымен қоса созылмалы түрлі дерттерден әлсіреген ағзаны қайта қалпына келтіру үшін қолданған және ағза уланғанда да емге пайдаланған. Ол сондай-ақ қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің моторлық қызметін жақсартады. Тәбет ашып, қарындағы ауруды басады.Тамақтың құрамындағы белоктардың әдетте асқазан-ішек жолында тамақ қорытылған кезде ғана ыдырайтындығы белгілі. Ал шұбат құрамындағы белоктардың едәуір бөлігі организмге ыдыраған күйінде түседі. Шұбаттың жеңіл қорытылатындығы да сондықтан. Бұл сусынның асқазан жолының бездерінен мықтап сөл шығаратын қасиеті бар екендігі анықталды. Шұбат дені сау адамдар асқазанының секрециялық көрсеткіштерін, сондай-ақ науқас адамдардың да осындай көрсеткіштерін бастапқыға қарағанда арттыратындығы белгілі болды. Шұбат созылмалы гастрит ауруына шалдыққан кісілердің осы науқастан айығуына жақсы әсер етеді. Қарын сөлінің қышқылдығы төмен кісілер де 15-20 күн шұбат ішкеннен кейін құлан-таза айығады. Шұбат созылмалы колитке шалдыққан кісілерге де бірден-бір шипа. Осы аурулардың бәрін шұбатпен аурухана жағдайында да, амбулаториялық жағдайда да емдеуге болады. Шұбат ішкеннен кейін кісі аздап қызады. Содан соң ол жағдай басылады да, аздан соң адамды ұйқы басады. Бірақ ол ұйқыдан сергек тұрады. Шұбаттың нерв жүйесіне ықпалы сүт қышқылының және көмір қышқыл газының әсеріне байланысты. Әсіресе, шұбат түрлі өкпе дертінің барлық түріне шипа. Дәрігерлердің байқауына қарағанда үнемі шұбат ішетін, яғни түйе ұстайтын кісілер туберкулезбен аз ауырады екен. Өкпе туберкулезіне шалдыққан кісілерге бактерияға қарсы препараттар мен шұбатты қосып бергенде туберкулезбен улану белгілері кетеді. Дене қызуы да қалпына келеді. Функционалды бұзылу реттеледі. Қандағы патологиялық өзгерістер жойылып, науқас салмақ қоса бастайды. Өкпенің ыдыраған тұсы жабылады. Өкпе туберкулезін шұбатпен емдеумен айналысқан А.А.Ахунд бүкіл емдеушілердің 85,2 процентіне бұл шипалы сусынның қолайлы әсер еткенін айта келіп, шұбатпен өкпе туберкулезінің барлық формасын, әсіресе белогы, витаминдері жетіспейтін жағдайда, қаны азайып, жүдегенде емдеуді ұсынады. Республикалық Қазақ тағамтану академиясы МОФ жетекшісі Әлімжан Сағынбаев аллергияға қарсы ем бірден-бір осы түйе сүті екенін айтқан. Бұл шипалы сусынмен емдеу ерекшелігінің бірі - науқастарды дәрі мен емдегенде пайда болатын кейбір құбылыстар 2,5 есе азаяды. Авитаминоз сипатындағы құбылыстар жиілігінің бұзылуы да 4 есе азаяды. Шұбатты Альцгеймер дерті, сары ауру, рак ауруларына шалдыққандарды емдеуге болатындығы, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Шымкенттік ғалымдар түйе сүтінен лактоферрин затын алу әдісін ойлап тапты. Дәрігерлер оны қатерлі ісікке қарсы қосалқы ем ретінде пайдалануға болатынын айтады. Шұбатты 14 күнге дейiн сақтауға болады. Ал оны ұзақ сақтау үшін Шымкенттік ғалымдар Академик Асылбек Баймұхановтың басқаруымен ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Дастанбек Баймұханов, ғылым кандидаты Мүсәтiллә Тоқанов және Болат Тоқанов таблетка түріндегі шұбатты шығарудың технологиясын ойлап тапты. Шұбаттың құрғақ ұнтағы үш жылға дейiн жарамды. Оның 1 таблеткасында 1,24 грамм шұбат бар.

s

Жылыойдың шұбатын-ай!

Басқа қалаларда тұратын таныстарымыз осылай дейді. «Құлсарыға келсек, базарға соғып қалайда шұбат сатып алып кетуге тырысамыз» деген еді тағы бір танысым. Балалық шағы ауылда өскен, шұбаттың дәмі таңдайында қалған біз қазір қалалыққа айналғандықтан базардан сатып аламыз. Ал орталық базарда шұбат сататындар көп емес. Көкөніс сататын бөлімде бірнеше әйелдер қаймақ, құрт-ірімшік, сүзбемен қатар шұбат та сатуда. Бұл жердегі шұбаттың бір литрі қымбат. Біз аудандық кәсіпкерлік бөлімі бас маманы Ахан Мәмбетиязовқа, аудандық ауылшаруашылығы бөлімі бас маманы Ерлан Нұрғановтарға хабарластық. Мамандардың берген мәліметі бойынша, ауданымызда түйе келесін ұстап, шұбат саудыртып отырған шаруашылықтар аз емес. «Манас» шаруа қожалығының иесі Нұртас Байжанов қазір түйе шұбатын Атырау қаласына тасымалдауда. Ол үшін кәсіпкер алдын ала Үкіметтің қолдау бағдарламалары аясында несие алды. Нұртас күн сайын 500 литр шұбатын Сарайшық коммуналдық базарына өткізеді. Өнімін тіркемелі бөшкесі бар арнайы көлікпен апарады. «Достан» шаруа қожалығы иесі Сейітжан Балжігітов түйе ұстап, шұбат дайындауда. Әр сенбі сайын ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне 1 тоннадай шұбат әкеледі. Сол бойда тұтынушылар оны үлкен сұраныспен сатып алады. Сондай-ақ, «Ідіріс» (Бисенбей Құлбаев), «Дархан дала» (Жаймұхан Жұбанов), «Ерназар» (Әлім Байжанов) сияқты шаруашылықтар да түйе ұстап отыр. Жекелеген аудан азаматтары да түйе сауып, шұбат сатуда.

-Ауданымызда биыл осы уақытқа дейін 554 тонна шұбат өндірілді,- дейді ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Е.Нұрғанов. Шындығында да, сонау көктемнен бастап күзге дейін қазақтың күрпілдетіп шелек-шелек түйе сауып, көбігін бұрқыратып шұбат ішетін кезі де – осы кез. Бұл кездерде ұлттық сусын құны арзандайды, ал суық түсе сауын азайып, кейбір түйе малы суалған соң шұбат құны да қымбаттап кетеді.

Ағарған сататындарға арнайы орын керек

Құлсары қаласында шұбат пен айран, сүт, құрт-ірімшік сататындарға үлкен павильон керек-ақ. Қазіргі уақытта жекелеген шаруашылық қожайындары қаланың әр жерінен шағын дүкендер ашып, өнімдерін саудалауда. Оның мекен-жайын біреу білсе, біреу білмейді. Орталық базарда сүт өнімдерін сатушылар көп емес әрі ол жерде тұратындардың өнімі басқа жердегілерге қарағанда қымбат. Егер осы өнімдер бір жерге шоғырландырылса, халыққа сатып алуға оңай болар ма еді деген ой біздікі.

t

Шұбатқа су араластыра ма?

Кейде әр сатушының шұбатының сапасы, дәмі де әртүрлі болады. Бір-екі мәрте сатып алған тауарым ішуге жарамай қалды. Базардан сатып алған шұбат тоңазытқышқа қойған бойда суы бетіне қалқып шығып, ал қоюы ыдыстың түбіне шөгіп қалды. Бала кезімізде әжелеміз дайындайтын шұбат қандай температурада да еш бұзылмай қоп-қою боп, көбіктеніп тұратын. Енді бірде көшеден сатып алған сусын жылы жерде тұрғанда өз-өзінен іріді де кетті. Бұдан соң ақшаға сатып алсақ та әлгі «шұбаттарды» ішуге бата алмадық. Жылыой халқы арасында «саудагерлер шұбатқа көбірек пайда табу үшін су не әлдебір нәрселерді қосады екен» деген қауесет бар екенін жоққа шығармаймыз. Бұл қаншалықты рас? Жұпар есімді Ақкиізтоғайлық апай - шұбат дайындап, сататындардың бірі. Жұпар апайдың шұбаты бала кезіміздегі әжелеріміздің шұбаты секілді тіл үйіреді, қоп-қою. Сол апайдан жоғарыдағы қауесеттің рас-өтірігі туралы сұрап көрдік.

-Адал адамдар шұбатына ештеңе қоспауы керек. Ондай оқиғаны естімеппін де, көрмеппін де. Кейде шұбаттың сапасы оны дайындауға да байланысты болады. Мысалы, шұбаттың іріп кететін себебі, өңкей сүттен дайындалғандықтан, оны жылы жерге қойғанда бірден іриді. Сондықтан жақсылап баптау керек. Апайдың айтқаны дұрыс та болар. Дегенмен, халық арасында осындай қауесеттердің таралмауы үшін санитар дәрігер мамандардың ауданымызда сатылатын шұбат сапасының құрамын тексергені жөн дер едік. Себебі мыңда бір ауруға ем сусынды ел денсаулығымды нығайтайын деп қалтасындағы маңдай терімен тапқан қаражатына сатып алады. Көптеген адамдардың күнде шұбат ішуге қаражаты да жетпейді. Сондықтан шұбат сататындар обал-сауапты да ойлағаны жөн.

«Жылыойдың шұбатын-ай» деп өзге өңірлерді тамсандырған шұбатымыз сарқылмасын!

С.Тәжіқызы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521