Спорт

15-17 наурыз аралығында Қызылорда қаласында қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Жарысқа біздің жылыойлық палуандар да барып қайтты. Жай ғана қатысып қоймай, қанжығаларын майлап, үш алтын алқаны иеленіп, туған жер төріне үлкен жеңіспен оралды.

«Zhiger» спорт клубының ұйымдастыруымен өткен бұл турнирде республикамыздың барлық аймақтарынан 400-ден аса балғын палуан боз кілемде белдесіп, бақтарын сынады. Соның ішінде біздің жылыойлықтар ешкімге дес берген емес. Атап айтар болсақ, Ақылбек Төкен 23 кг, Ықылас Игілік 26 кг, Жұмакелді Байғали 29 кг салмақта белдесіп, бас жүлдені жеңіп алды. Барлығы да боз кілемге 4-5 реттен шығып, қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты.

Шоқпартоғайлық жас палуандарды дайындаған қазақ күресінен жоғары санатты жаттықтырушы Мейрам Лайбаев еді.

-Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қазіргі кезде қазақ күресі қарқынды даму үстінде. Дегенмен, балалардың одан әрі көптеп келіп, ұлттық спортымыздың дамығанын қалаймыз. Қазақ күресі – күрестің төресі. Сондықтан, қазақ балаларын қазақ күресіне келуге шақырамын. Ал, шәкірттеріміз жарады. Үкілеген үмітті ақтап, көңілімізді бір марқайтып тастады. Бұл балалардың ішінде болашақ чемпиондар шығатыны сөзсіз,- дейді ол.

Әрине, жылыойлық жас палуандар жеңісті жолынан таймасын дегіміз келеді. Болашақ барыстар бүгінгі жас жеткіншектердің арасынан шығары сөзсіз. Оларға қазақ күресінің қара нары болуына тілекшіміз.

Е.Ахметкәрімов

Құлсарының қоржыны тағы бір медальмен толықты. Бұл жолы Қызылорда облысының Жаңақорған қаласында өткен ұлағатты ұстаз Ұмытпа Бимырзаұлы және КСРО спорт шебері Таубай Мылтықбаевтың жүлдесіне арналған еркін күрестен 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирден Нұрасыл Сегізбай күміс алқаға ие болды. Еркін күресте өзін еркін сезінген палуанымыз боз кілемде қарсыластарының басым көпшілігін тізе бүктірді.

№1 Балалар және жөсөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Нұрасыл Сегізбай жылдың басын жеңіспен бастады. Жылыойлықтарды жақсы жаңалықпен қуантқан ол ауданымыздағы №20 мектептің 7-сынып оқушысы бұрын да спорт додаларынан ауданға жеңіспен оралып жүр. Бұл жолғы республикалық турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден аса оқушы қатысқан-ды. 2011 жылы туған балғын палуанымыз 68+ кг салмақ дәрежесінде боз кілемде 4 кездесу өткізіп, қарсыласының үшеуін айқын басымдықпен жеңді. Тек ақтық айқаста жергілікті палуанға ұпай санымен есе жіберді. Дегенмен, алтынға пара-пар күміс алқа иеленген ол жеңіске деген жігерін көрсетіп, әдемі күресімен көрермендерді сүйсінтті. Жеке жаттықтырушысы Әділет Аманов өз шәкірті жайында:

-Нұрасыл – өте мығым спортшы. Мұндай жаста осындай бой мен салмақтың иесі болу ерекшелік. Нұрасыл дайындығын үзбесе, мықты палуан болып, талай байрақты бәсекелерде топ жарары сөзсіз. Алдағы уақытта бұл шәкіртімізі құрлықтық және әлемдік жарыстарға дайындайтын боламыз,- деп оқушысына жоғарғы баға берді. Нұрасыл да өз сөзінде: «Мен жаттықтырушы ұстаздарыма көп алғыс айтамын. Еңбек осы кісілердікі. Алдағы уақытта тоқтап қалмай, тағы да көптеген сайыстардың жеңімпазы атансам деймін. Ауыр салмақта Қазақстанның көк туын көп жерде желбіреткен Әлішер Ерғали ағам секілді мен де алтыннан алқа таққым келеді. Сол жолда кешенді дайындықтар өткізіп, аянбай тер төгетін боламын»,-деп ұстазына алғысын айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.

Нұрасылдан арқасы жерге тимейтін мықты палуан шығарына біз де сенім білдіргіміз келеді.Болашақта тек Жылыойдың емес, Қазақстанның атын әлемге танытар тұлғалы спортшы болуына тілекшіміз.

Е.Ахметкәрімов

7-10 наурыз аралығында Алматы қаласында Райымбек батырды еске алуға арналған таэквондодан республикалық турнир өтті. Бұл сайыста біздің Жылыойдың жігіттері де бақ сынап көрді. Солардың ішінде 73 кг салмақта өнер көрсеткен Абыл Кенжебектің асығы алшысынан түсті.

Республикалық турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан аса спортшы келді. Талас пен тартысқа толы сайыста жерлесіміз жігерлік танытып, ақтық сынға дейін сүрінбей келді. Дегенмен, финалда аз ғана ұпай айырмасымен қарсыласына есе жіберіп алды. Бұл жолы күміс алқа алғанымен келешекте Абылдан үлкен үміт күтеріміз анық.

Жалпы спортқа 7 жасында келіп, өзінің ширақтығын көрсете білді. Атырау облысының өз салмағында бірінші нөмірлі таэквондошысы Абыл Естөреұлы еліміздің Ұлттық құрамасының құрамына да кіріп үлгерген. Әлемдік байрақты бәсекелерде бас көтеріп жүрген спортшымыз осыған дейін де көптеген жарыстың жеңімпазы атанды.

Жылды сәтті бастаған жерлесіміз бірнеше турнирлердің жүлдегері атанды. Айталық, қаңтар айында Тараз қаласында Таэквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде 73 кг салмақта қола жүлде иеленді. Ақпан айында Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджейро қаласында халықаралық (G-2) турнирде 68 кг салмақта қола алқаның иегері атанды. Ал, ақпан айының аяғында өткен Шымкент қаласында Шадияр Қондыбаевты еске алуға арналған таэквондодан республикалық турнирде 73 кг салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынды. Жеке бапкері – Дастан Қожыров.

-Абыл алғаш келген кезінен бастап спортқа өте құмар болды. Жаттығулардың өзінде жігер көрсетіп, бар күшін салатын. Алдағы уақытта да қажырлылық танытып, ересектер арасында Олимпиада шыңын бағындыруды мақсат тұтып отыр. Егер де, тынбай тер төгер болсақ, жеңістің де ауылы алыс емес.Абылымыз Жылыойға әлі талай алтын алып келеді деген үміттеміз,-дейді бапкер шәкірті жайлы.

Абыл өз кезегінде: «Күмісті қанағат тұттым. Дегенмен финалда үлкен жеңіске жеткім келген. Сәл-сәл сәттілік жетіспей қалды. Ендігі жоспарым ҚР чемпионатына тыңғылықты дайындық жасап, сол жарыстың алтынын алу. Сол үшін аянбай тер төгуге дайынмын. Чемпионатта озып шығып, Оңтүстік Корея елінде өтетін жастар арасындағы Әлем Чемпионатына жолдама алу - басты мақсатым. Қазақтың туын кәрі құрлықта көкке көтеру үшін барымды саламын»,- деді болашақ чемпион.

Жерлесіміздің Жылыойдан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы атануына тілектеспіз. Алдағы бәсекеде де топ жарып, асығы алшысынан түсе берсін.

Е.Ахметкәрімов

Дзюдодан әлемдік грэнд-слэм турнирлерінің жүлдегері Әбиба Әбужақынованың ізін қуған қаракөз қыздарымыз біздің Жылыойдан да шығып жатыр. Жыл басында өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанған жерлесіміз Шынар Бітімбай болашағынан зор үміт күттіретін спортшылар қатарына қосылды.

2006 жылы дүниеге келген Шынар 11 жасынан бастап дзюдомен белсене айналысып келеді. Жасынан спортты жанына серік еткен ол алдағы уақытта Қазақстанның намысын әлемдік аренада қорғағысы келеді. Құлсары қаласындағы №1 Балалар және жөсөспірімдер спорт мектебінде тәлім алған жерлесіміздің алғашқы ұстазы - Жаңылсын Көптілеуова. Ол да Шынардың еңбекқорлығы мен спортқа деген айрықша махаббатын атап өтті. Қазіргі таңда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің спорт факультетінде білім алуда.

Қазақстан чемпионаты 2004-2006 жылы туған жастар арасында Қарағанды қаласында өтті. Сайысқа 400-ден аса үміткер қатысып, жауырыны жерге тимеген дарабоз дзюдошылар биік тұғырдан көрінді. Соның қатарында 63 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жылыойлық Шынар Бітімбай да бар.

Ол жарыс барысында 6 белдесу өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жеткен. Тек қана жартылай финалда қарсыласына аз ғана ұпаймен есе жіберіп, ақтық «айқасқа» шыға алмады. Бірақ жігері жасымаған жас келер жылы «қалайда алтыннан алқа тағамын» деген айқын мақсат қойған. Шынар қарындасымыз алдағы жоспары жайында былай деді:

-Мен алғаш дзюдоға келгеннен бастап Елдос Сметов, Әбиба Әбужақынова сынды аға-апаларымның белдесулерін көріп өстім. Солар секілді ел намысын қарт құрлықтың басты додаларында қорғауды мақсат тұттым. Сол арманның жолында бар күшімді салып, аянбай тер төгетін боламын. Алдағы уақытта Қазақстанның келесі чемпионатында топ жарып, Азия және Әлем чемпионаттарына жолдама алғым келеді. Болашақта грэнд-слэм турнирінде қазақтың көк туын желбірету – басты мақсатым.

Шынар Ерболқызының қоласы келер чемпионатта алтынға айналып, әлі талай биік-биік белестерді бағындырады деп сенеміз. Алдағы жарыстарда сәттілік серігі болып, Татамиде жауырыны жерге тимей, жеңістің биік тұғырында көрінуіне тілектеспіз.

Е.Ахметкәрімов

Ұлыстың ұлы күні ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүріміз ұлықталды. Ежелден ерекше тойланатын наурыз мерекесі биыл да бәсеңсіп қалған жоқ. Қаламыздың қақ ортасында өткізілген ойындарға қатысушылар көрермендердің көңілін көтеріп, тұрғындардың қошеметіне ие болды.
Жылыой ауданы әкімідігінің қолдауымен, Жылыой ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және №1 Жылыой аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен мерекеге орай аудан тұрғындары арасында қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күшін сынау, қой көтеру және арқан тартудан сайыстар өтті.

Жарыстар өз бастауын таңертеңгі сағат 10:00-де орталық стадионға қарсы фудкорт алаңында бастау алды. Қазақ күресіне 8 палуан қатысып, боз кілемде бақтарын сынады. Ақтық мәреге жетіп, иығы жерге тимеген түйе палуан Манас Қайырбай I орынға ие болды. II орын Нұрлан Өрдек алса , III орын Асылбек Әбілдиев қанағат тұтты.

Шаршы топта шыңдалғандар бүгін атой салып, жеңіс тұғырынан көріне білді. 32 келілік гір тасын көтеру сайысында нағыз ептілер алға суырылып шықты. 2 минут ішінде ең көп көтере алғандардың жылдамдығы мен жігері жерге қаратпады.

Турнир қорытындысы бойынша білегі мықты Әділет Жалғасов 50 рет басынан асыра көтеріп бас жүлдені иемденді. 49 рет көтерген Ерлан Шакишов екінші болса, 47 рет жаттығуды сәтті орындаған Манас Қайырбай үздік үштікті түйіндеді. Қол күрестірген жігіттер де жұрттық назарын өздеріне аудара білді. Талас пен тартысқа толы сайыста нағыз мықтылар жүлдегер атанды. Көптен ішінен суырылып шыққан Алпамыс Жолдай 1-орын иеленіп, Манас Аманов ақтық сында жоғарыда аталған спортшыға есе жіберді, Әли Шынтас болса қола жүлдегер атанды. Халық арасында соңғы уақыттарда қайтадан жандана бастаған «қой көтеру» ойыны да бүгін ұлықталды. Ұлттық ойынды ұмытпайтын Жылыойдың жайсаң жігіттері бұл ойында да қалыс қалмады. Дегенмен, 2 минут ішінде 45рет көтерген Ерлан Шакишов жеке дара көш бастап, өзі көтерген қойды қанжығасына байлап, жеңісті жолын жалғастырды. Командалық сайыс түрлерінен тұрғындар арасынан арқан тартыс ойыны ойналды. Сайысқа бас-аяғы 8 команда қатысып, өзара күш сынасты.

Тек күш емес, ақыл мен тактика да сарапқа салынатын бұл командалық сайыс та жастар мен аға буын өкілдері де белсене қатынасты. Бірақ, жастық жалынды тәжірибе жеңіп, 1-орынды "4 ауыл - Ардагерлер" иеленді. Спорттық сайыстан бөлек Орталық алаңда тағы да басқа ұлттық ойындар ойналып, қонақтарға ақтан ұсынылды. Ал, барлық жеңімпаздарға «5A OIL» ЖШС мекемесінің өкілі қаржылай сыйлық табыс етті. Наурыз құтты болып, ұлттық құндылықтарымыз жаңғыра берсін!

Ерназ Алтайұлы

«Азаматтарға арналған үкімет» Атырау облыстық филиалы ұжымы биылғы «Наурызнама» онкүндігінің әр күнін дәріптеп, насихаттауға атсалысып келеді.

«Ұлттық спорт» күніне орай да қазақтың түрлі ұлттық ойын түрлерін қайта жаңғыртты. Мейрам барысында қазақтың көнеден келе жатқан бұқа тартыс, қой көтеру сынды ұлттық ойындары ойнатылды.

Бұқа тартыс – күш сынасып ойнайтын ойын түрі. Жиында, той-томалақта ойналатын ойынға жігіттің нары ғана шыдас беріп, күшін көрсетіп, өзін қауымға танытады. Алты құлаштай арқанды мойнына асынуға бел байлаған 10 жігіт арасынан ақпараттық техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Бекет Шатенов оқ бойы озық шығып, жеңісті қанжығалады.

Ал, қой көтеруден 70 рет көтеріп, өзгелерден басым түскен ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуді жүргізу басқармасының басшысы Рустем Бекешов наурыз-думанның басты сыйлығына ие болды.

Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Атадан балаға мұра болған ұлттық құндылығымыздың жібін үзбей, әрі қарай жалғау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз.

Сайыста қала тұрғындары асық ату, арқан тарту, ләңгі ойнау, тоғызқұмалақ сынды ойын түрлерінен бақ сынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қатысып, ұлттық ойындардың маңызына тоқталды.

-Бүгінгі іс-шарамызға кішкентай балалардан бастап ересек жігіттер, соның ішінде полиция департаментінің қызметкерлері де арнайы келіп қатысып жатыр. Жалпы ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі - балалардың жан-жақты дамуына, ер азаматтың денсаулықтарының мықты болуына тікелей әсер етеді. Мысалы, тоғыз құмалақты алып қарасақ, балалардың санасының дамуына, ойды құрастыруға, интелектуалдық дамуына ықпал етеді. Асық ойынымыз, тізе, қол қимылдарына жалпы ширақ қозғалуға, ептілікті шыңдауға маңызы зор. Ләңгі ойыны да сондай. Ал арқан тартыс ойыны білектің күшіне, қолдың қарулы болуына ықпал етпек. Кезінде ата-бабаларымыз елді қорғау үшін жігіттеріміздің рухты, қайратты болуы үшін осындай ұлттық ойындарымызды ойлап шығарған екен. Тоғызқұмалақты да қазір ойнайтын балаларымыз көбейіп жатыр. Асығымыз бен ләңгі ойыны бір кездері болмап еді, қазір қайтадан жандануда. Мұның барлығы біздің ұлттық құндылығымыздың қайтадан жаңғырып, ұлтымыздың кәдесіне жарап жатқаны. Жалпы, мемлекет басшысының наурыз мерекесін 10 күн, ерекше форматта тойлауды тапсыруы - ұлттық құндылығымызды ұлықтау, халқымыздың рухын көтеру,- деді Н.Ермұханов.

Сондай-ақ өз кезегінде Жергілікті полиция департаментінің аға-инспекторы, полиция подполковнигі Әсет Сағынтаев Полиция департаменті мен Атырау қалалық әкімдігінің бірлесе ұйымдастырған іс-шарасының маңызын айта келіп, өскелең ұрпақтың арасында осындай ұлттық ойындарымызды ұлықтау аса қажет екенін жеткізді.

Жарыс қорытындысы бойынша, асық ату ойынынан - І орынды Талғат Даулеткереев, ІІ орынды Бексұлтан Нұрмұхан, ІІІ орынды Дәурен Нұрмұханов иеленді. Арқан татудан І орынға – Арнайы жасақ командасы, ІІ орынға – Криминалдық полиция басқармасы командасы, ІІІ орынға Жергілікті полиция қызметі басқармасының командасы иелік етті. Ләңгі ойынынан – І орын Абылай Бағытжановқа, ІІ орын Бекзат Нұрсайыновқа, ІІІ орын Оралхан Махмудовқа бұйырды. Ал Тоғызқұмалақтан 2013-2014 жылы туған ұлдар арасында І орын Нұрғиса Сәбитке, ал қыздар арасында Айша Амангелдіге, 2015-2016 жылы туған ұлдар арасында І орын Бақдәулет Жетпісбайға, қыздар арасында Әдемай Мұратқа берілді. Айта кетейік, аталған сайысқа асық ату, ләңгі және арқан тарту ойындарына 30-ға жуық ересек, ал тоғызқұмалаққа 20-ға жуық жасөспірім қатысты.

Бүгін, яғни, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Осы орайда, мектеп табалдырығын аттап келген бүлдіршіндерге әріп үйретумен қатар, қазақтың ұлттық асық ойынын дәріптеп жүрген Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Эльвира Ақбатырова туралы әңгімелемекпіз, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. Ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойынды атыраулық ұстаз біраз уақыттан бері өзінің оқушыларына сабақ барысында насихаттап жүр. Бүгінде ол 200-ге жуық асық жинапты. Бұрындары дүниеге ұл келсін деп ниеттенгендер асық жинаған екен. Сол секілді Эльвира Сатанқызының ата-енесі алғашқы немересі туыла салысымен асық жинай бастайды. Олар «немереміздің соңынан ере берсін және өскен кезде ойнасын» деген ізгі мақсатты көздеген. Мал сойылғанда немесе қонаққа барғанда асық алып, оны тазалап жуып, кептіріп, бояуды әдетке айналдырған. «Бұрын біз Қызылқоға ауданында тұрдық. Үш ұлым ата-енемнің жинаған асығымен ойнап өсті. Кейінірек Атырауға қаласына қоныс аудардық. Олар ер жетіп кеткен соң асықтар елеусіз қалмасын деп, оқыту процесінде қолдана бастадым. Бастапқыда қалай қабылдар екен деген күмән болды. Өйткені қазір қала баласы асық ойнамайды. Тіпті оның не екенін білмейтіндері де бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзімде бар 200-ге тарта асықты мектепке апарып, балаларға көрсеттім. Оқушылар өте қатты қызықты. Кейбірі үйіне алып кеткісі келді. Осыдан соң кейбір оқушыларым асық жинайтын болды. Содан ұлдарға асық ату, ал қыздарға бес асық пен ханталапай ойындарын үйреттім. Асықты тастағанда, тұрғаны не алшы, не тәйке, не омпа болады да, жатса не бүк, не шік болады. Қазір осылардың бәрін біледі балалар. Бұдан бөлек, 1 сынып оқушыларына асықтан әріптерді құрастыруды үйреттім. Бұл олардың қолының моторикасының дамуына ықпалын тигізеді», – дейді мұғалім. Эльвира Ақбатырованың асық жинайтынын білетіндер асық қоржынын толтыруға үлесін қосып жүр. Өздері де ата-енесі секілді қонақа барғанда асық болса, алып кетуге тырысады. Үйіне әкеліп, тазалап, кептірген соң түрлі түске бояйды. Мәселен, оларды хнамен, қою шаймен және жүн бояуларымен түрлі реңк береді. «Асықпен бірнеше ойын түрін ойнауға болады. Сондай-ақ, баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері мол. Яғни, жүгіру, иілу, жүру, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру мен ату сияқты әртүрлі қимылдарды жасайды. Ойында барысында қимыл-қозғалыс та көп болады, – дейді Эльвира Сатанқызы. – Қазір балалардың басым бөлігі телефонға телміріп отыратыны қынжылтады. Асық ойнап өскен бала мерген, көзі қырағы, қолы икемді, қиымылы шапшаң болады, ойлау қабілеті жақсарады, түстерді ажырата біледі. Әсіресе, бастауыш сыныптарында сергіту сәттерінде пайдалануға керемет. Ұмыт болып бара жатқан асық ойынын қолымыздан келгенше дәріптесек деймін». Асық ойнаған азбайды. Ол – ұлттық құндылығымыз. Олай болса, өскелең ұрпаққа ұлттық ойындарымызды үйрете жүрейік. Өйткені ата дәстүрін ардақтау және оны насихаттау – әр адамның міндеті. Эльмира Мықтыбаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521