Кенттегі дүбірлі дода

Жақында  үстел теннисінен өмірден ерте кеткен жас кәсіпкер, спорт жанашыры Салават Құлғазиевті еске алуға арналған облыстық ашық турнир болып өтті.

Тұңғыш өткен турнирге Атырау облысының Жылыой, Мақат, Исатай аудандары мен Атырау қаласынан және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан командалар қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қаһарман Бағынов, кент әкімінің орынбасары Шаштыбике Жалғасбаева және Салаваттың әкесі Келбатыр Құлғазиевтар сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жақында ғана Сингапурда аралас жекпе-жектен өткен дүбірлі додада Әлем чемпионы атанған Қаратон спорт мектебінің бапкері Талғат Жұмағалиевке «Мако» ЖШС атынан мың доллар ақшалай сыйлық тапсырылып, шапан жабылды.

Осы турнирдің демеушісі, спорт пен өнер жанашыры, қайырымдылық істерімен елге танылып жүрген азамат, «Мако» ЖШС-нің президенті Келбатыр Құлғазиевке «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті. Тартысты өткен турнирде Бейнеу ауданы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды Исатай ауданы иеленді. Үшінші орын тұғырынан жылыойлықтар көрінді. Турнирдің үздік ойыншысы боп Әділ Мұратов, Махамбет Насихан, Әли Мақұлбек атанса, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясына Сәнібек Жаманбаев, Дәрібек Сүлейменов ие болды.

Жеңімпаз команда 300 мың теңгенің жүлдесін қанжығаларына байласа, екінші орын иегерлеріне 200 мың, үшінші орын иегерлеріне 100 мың теңге ақшалай сыйлық пен кубок, диплом, медальдар табыс етілді. Жекелей сында жүлдегер атанғандар мен төрешілерге 20-30 мыңнан берілді. Осы турнирге арнайы келіп, ауыл спортын насихаттауға атсалысып жүргені үшін «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев те алғысхатпен марапатталды. Осылайша Қаратонда тамаша спорттық доданың тұсауы кесілді.

Болатбек Тұрарұлы,

Еркін Серікқалиұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521