Таразы

Бас Прокурор Ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесіп, онда Үшінші Ұлттық құрылтайда Президент жариялаған «Әділетті Қазақстан – Жауапты азамат – Прогрессивті ұлт» тұжырымдамасының құндылықтарын ілгерілету шараларын талқылап, жастардың арасында «Адал aзамат» дүниетанымын қалыптастыруына белсене қатысуға шақырды. Бұдан кейін Б.Асылов облыс және аудан прокурорларымен кеңес өткізіп, оларды прокуратура органдарының құрметті зейнеткерлерімен, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен бірлесіп, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді жүзеге асыруға кірісуге бағыттады.

«Тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік сияқты маңызды әлеуметтік құндылықтар мен адами қасиеттер призмасы арқылы, халыққа заңсыз мінез-құлықтың салдары мен кез келген құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы туралы белсенді түрде түсіндіру қажет. Біздің басты міндетіміз – құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділікке қол жеткізу», - деді Бас прокурор.

Осыған байланысты прокурорларға Бас прокуратурада студенттерді және қоғамның барлық мүшелерін қамтитын Кешенді медиа-жоспар әзірлеу, құқық қорғау органдарының қоғамды толғандыратын мәселелері бойынша бейнелекциялар топтамасын дайындау, сондай-ақ азаматтардың құқықтық өтініштеріне жауаптары бар «мобильді прокурор» қосымшасын іске қосу тапсырылды. Жиында сондай-ақ көбіне мас күйінде жасалатын вандализм мен бұзақылық сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алуға да назар аударылды. Тыйым салынғанына қарамастан тәулік бойы алкоголь сататын дүкендер мысалға келтірілді. Ағымдағы жылдың наурыз айында ғана елордада прокурорлар полициямен бірлесіп, «бар» деген желеумен түнде спирттік ішімдіктерді еркін сатқан, алкомаркеттердің алкогольдік ішімдіктерді заңсыз сатуының 41 фактісін анықтаған, соның ішінде онлайн тапсырыстар бойынша да. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар қадағалау органының басшысы прокурорларға үйлестіру шаралары арқылы облыс әкімдері жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Соңында Б. Асылов лаңкестік әрекеттерге осал нысандардың қауіпсіздігін тексеруді тапсырды, әсіресе, көп адамның қатысуымен өтетін мәдени-көпшілік және басқа да іс-шаралар кезінде. Осы жұмыс аясында прокурорлар осындай жерлерде лаңкестік қауіптерді дер кезінде анықтау және жолын кесу бойынша озық әлемдік тәжірибені зерделейтін болады.

Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

Ауданда өз туған ұлын бағындыра алмай, үстінен арызданып, «әрі қарай тәрбиелеуге әлім келмейді» деп 18 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелейтін арнайы орындарға тапсыруды сұрайтын ата-аналар да бар екен. Олар артынша баласына деген ашуы мен реніші тарқаған соң, шағымын қайтып алып, құзырлы органдарды әрі-сәрі күйде қалдырады. Осындай бір тәртіпке көнбейтін жасөспірім мен ананың арасындағы мәселе аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралды.

«Ұмытса да сабақты...»

№16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы М.А-ға қатысты іс комиссия отырысында бірінші рет қаралып тұрған жоқ. Бұл жеткіншек сабақтан себепсіз жиі қалатын көрінеді. Биылғы жылы қаңтар айының өзінде мектепке бірнеше күн келмеген. Оның алдыңғы уақытта да күн сайын дерлік сабаққа қатыспағаны анықталып отыр. Осыған байланысты тиісті орындарға қатынас қағаз да жөнелтілген. Оқушыны мектеп психологы К.Өмірзақова мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі Н.Беріков үйіне барып та іздеген. Алайда, есікті ешкім ашпаған. Ақыры болмаған соң, М-ның жұмыста жүрген анасы А.О-ны шақырып аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері үйдің есігін бұзып кіреді. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің сол кезде іште екені анықталды.

Сөйтсе, М-ды анасы таңертең жұмысқа кетіп бара жатқанда сабаққа бару үшін ертемен оятып кетеді. Алайда, түнімен телефон қарап, ұйқы көрмеген бала ұйқысын қимай анасы жұмысқа кеткен уақытта қайтадан төсекке құлайды екен.

М.А 2022 жылдан бері аудандық полиция бөлімінің және аудандық емхананың наркология бөлімінде «Токсикоман» есебінде тұрған жасөспірім. Таяуда анасы, аудандық полиция бөлімі, ювеналды полиция тобының қызметкері және алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі болып, үшеуі аудандық аурухананың нарколог дәрігері З.Мусинаның қабылдауында болып, М.А-ны медициналық тескеруден өткізген. Осы жылдың қаңтар айының соңында кәмелет жасқа толмаған жасөспірім М.А аудандық полиция бөліміне «99» санатымен есепке қойылған. Оқушының ісіне қатысты жадығаттар жинақталып Облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданған. Жоғарыда аталған дерек негізінде, баланың түзу жолға түспеуіне байланысты Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп интернатына орналастыруға ұсыныс берілді. Алайда, комиссия отырысына қатысқан жасөспірімнің анасы соңғы уақытта баласымен ара-қатынасы түзеліп келе жатқандығын, тәртібінің де жөнделіп, сабақтан да қалмай барып жүргендігін алға тартып, ұлы өзінің қасында бола бергенін құп көріп отыр.

Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова М.А-мен жеке сөйлесіп, сұхбаттасып та көрген. Г.Аязберікқызы баланың тәртібінен қатты қауіптенетіндей бұзақы немесе агрессивтік мінез көрмегенін айтады. Ол қоғамдық жұмыстарға да жиі қатысып жүрген оқушы екен. Тіпті, аудандық Жастар ресурстық орталығымен де тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың ұйымдастырған шараларына жиі атсалысатын көрінеді. Өзі ұяңдау әрі ұялшақ сынды. Былайынша, арман-мақсаты бар, үлкен қалаларда жоғарғы білім алғысы келетін қиялшыл бала екен. Комиссия мүшелері мен төрағасы баланың анасымен жақынырақ сөйлесіп, ұлын анасының жанында қалдыратын болды. Тек наркологиялық дәрігердің тексеруіне уақытылы әкеліп, тәртібін қадағалап, сабақтан қалмауына мүмкіндік жасап, баламен ашық сөйлесіп, аналық мейіріммен қарауға кеңес берді.

Киім ұрлаған күдікті қыз

Биылғы 5 ақпанда аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына Құлсары қаласының 3-ықшамауданында орналасқан «Спорт Ландия» ЖШС филиалының әкімші қызметкері С.Сәуледен хабарлама түскен. Ол белгісіз адамның жасырын түрде сөреде тұрған спорттық киімдерді ұрлап алып кеткендігіне шағымданады. Оқиғаны тергеп-тексерудің нәтижесінде күдіктінің кім екені анықталды. Ол кәмелет жасқа толмаған 2007 жылы туған М.Б. есімді қыз бала болып шықты.

Күдікті өз жауабында, анасы мен сіңілісі үшеуі «Спорт Ландия» спорттық киімдер дүкеніне киім қарауға барып, бір дана «Columbia» маркалы қара түсті термобелье, бір «Demix» маркалы қара түсті лосина және маркасы «Anta» қара түсті бір футболканы ұрлап кеткенін айтып көрсетіп, өз кінәсін толық мойындады. Күдікті өз ісін мойындай отырып ұрлап алған киімдерін де дүкенге қайтарып берген. Сонымен қатар, жасөспірім қыз «күдікті немесе айыпталушы» ретінде аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының есебіне қойылды. Сондай-ақ, жасөспірімнің бұдан кейін де осы тектес құқық бұзушылықты қайталамауы үшін оған қылмыстың арты жазаға әкеліп соқтыратындығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның сабақтан тыс уақытта мектептегі түрлі іс-шараларға қатысуын қадағалап, қатаң бақылауға алынғандығы айтылды. Осы тектес теріс әрекеттің алдын алу үшін де ісі комиссия отырысына жолданып отыр екен.

Жалғызға жәбір көрсеткендер жазасыз жүр

Комиссия отырысында, бұдан бөлек, айдың-күннің аманында бір-бірін аяусыз соққыға жығып, денсаулығына қасақана зиян келтірген жасөспірімдердің жайы да сөз болды. Шоқпартоғай ауылының 2007 жылы туған тұрғыны Н.Ж. тұрғызбалық бір топ баладан таяқ жеген. Оқиға былай өрбіген.

2023 жылдың желтоқсан айының 28-і күні Д.Қ тұрғылықты мекен-жайы Тұрғызба ауылының Х.Досмұхамедов көшесі №3 үйінен жаяулатып шығып, «Ортақ» атауы бар аумақта қыдырып жүрген. Ол бір топ таныс балаларына кезігіп, өзара әңгіме айтып тұрады. Сөз арасында А. есімді жасөспірім шоқпартоғайлық Н.Ж есімді жасөспіріммен келісе алмай, араздасып қалғанын хабарлайды. Дереу сол «мәселені» шешу керектігін жеткізген. Сөйтіп, олар әлгі баланы кездестірсе түйінді шешеміз деп уағдаласқан. Сол айдың 30-жұлдызында сағат 14.00 шамасында «Отырыс» атты ватсап желісінен чат ашып, Тұрғызбадағы бір топ сыныптастар жиналып жаңа жыл тойламақ болған. Отырысқа қажетті тағамдарды сатып алу үшін Құлсарыға базарға келіп, шаруалары аяқталған соң Тұрғызбадағы «Перизат» тойханасының алдында кездесуге келіседі. Құлсарыдағы базарға келгенде тұрғызбалық жасөпірімдердің қарсы алдынан Н.Ж. кездесе кетеді. Мұны көрген олар шоқпартоғайлық баланы Құрсай жағалауының солтүстік бағытында тұрған вагонның тасасына сүйрелейді.

Сол жерге алып барып, алдын ала келісіп алған топ оны соққыға жыққан. Жұдырығымен бетінен ұрып, теуіп денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген. Қатігез жасөспірімдер өз істеріне риза болып, шаруаларымен кете барған. Ал оқиғаның салдарынан ауыр дене жарақатын алған жәбірленуші жедел түрде аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін Атырау қаласындағы облыстық ауруханаға жөнелтіледі. Ал төбелестің бел ортасында жүрген жасөспірім Д.Қ «Күдікті немесе айыпталушы» ретінде полиция есебіне алынған.

Комиссия отырысына жалғызға көп болып жабылып, денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтірген балалардың ата-аналары, жәбірленушінің сынып жетекшісі мен әкесі келді. Сынып жетекшісі баланың басынан өте ауыр соққы алғанын, оны ота жасау барысында қалған тігістен байқап-көруге болатынын айтады. Жәбірленушінің ұстазы баланың бұрынғыдай көңілді ортаға араласпайтынын, тіпті соңғы сабақты аяқтағанша денсаулығы шыдап отыра алмай, үйіне кететін ашып айтты. Әкесі де ұлының ауыр жағдайына налып, мазасыз күй кешіп жүргені бірден байқалады. Ал «көрші ауылдың баласы» деп ұрып-соққан жасөспірімдердің ата-аналарында ондай сезім табы білінбеді. Олардың бойынан не аяушылық, не өз ұлдарының қылығы үшін ұялу деген нәрсе байқалмады. Керісінше, баланың намысына тиер ауыр сөз айтып, әкесі мен мұғалімін жерден алып, жерге салып тұр...

Иә, қазіргі қоғамда үйдегі ата-ананың, мектептегі мұғалімнің тәрбиесіне көнбейтін тәртібі қиын балалар өте көп. Оның ішінде жылыойлық кәмелетке толмаған жасөспірімдер де бар. Түнде үйіне қонбайтын, сабақтан себепсіз жиі қалатын, әке-шешенің айтқанына бағынбайтын, топтасып төбелесіп, бір-бірінің денесіне ауыр жарақат салатын қатігез жеткіншектерді тізгіндеу мүмкін болмай бара жатыр. Қасиеті мен киесі қатар жүретін аудан атағын жаман жағынан шығарып, бүкіл жылыойлықтардың атына кір келтіріп отырған сотқарлардың ісі қиындап бара жатқанға ұқсайды. Шамасы атамыз қазақ «Баланы жастан,..» деп бекер айтпаса керек.

Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында бұдан басқа жалпы орта білім беретін мектептердегі ата-аналар комитетінің атқарған жұмыстарының есебі де тыңдалды.

Ш.Хамитова

Департаментпен бұзылған құқықтарды қалпына келтіру жұмыстары қана шағым негізінде ғана емес, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қашықтықтан мониторинг жүргізу арқылы да жүзеге асырылады. Осылайша, Департаментпен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ақпараттық жүйелерге қашықтықтан жүргізілген мониторинг нәтижесінде 20-дан астам қызмет алушының құқығы бұзылып, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту деректері анықталды.

Атап айтқанда, Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі қызмет алушылардан ауыл шаруашылық техникалық құралдарға қатысты фото материалдарды талап етіп, оларды ұсынбауына байланысты мемлекеттік көрсетілетін қызмет ұсынудан бас тартқан.

Алайда, аталған талап мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін заңнамаға енгізілген өзгеріс нәтижесінде жойылған. Осыған қарамастан, Бөлім қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан.

Сондай-ақ, Атырау қаласының тағы бір қызмет алушысы Zoomlion FD30 маркалы тиегішін сатуына байланысты, тіркеу есебінен шығару үшін қызмет берушіге жүгініп, өз кезегінде сату-сатып алу шарты заңнамаға сәйкес келмеу себебімен көлік құралын тіркеу есебінен шығарудан бас тартылған. Дәл осындай мәселе, Wecan GM8000 тиегіші тіркеу есебінен шығарылмай, қызмет беруші қызмет алушыны әуре сарсаңға салған.

Мәселені зерделей келе, аталған келісім шарттар тиісті заңдылықтың нормалары мен талаптарына сәйкес келетіндігі белгілі болды. Департаменттің жедел әрекет ету нәтижесінде, көрсетілетін қызметтерге қатысты шаралар қабылданып, қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Алдағы уақытта осыған ұқсас жағдай қайталанбас үшін, Бөлім басшысының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезінде қалыптасатынын атап өтті.

Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде барлық меншік нысанындағы білім беру ұйымдарында 1200-ден астам бұзушылық (қауіпсіздік, құрылыс, мемлекеттік сатып алу, білім беру сапасы, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, өрт қауіпсіздігі және т.б.) фактілері анықталды.

Мәселен, мектептерге кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты және денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 3 адам жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларының ұрып-соғу фактілерін және басқа да құқыққа қарсы іс-қимылдарды жасырғаны үшін ӘҚБтК-нің 127-1-бабы бойынша 5 мектеп директоры әкімшілік жауаптылыққа тартылды (кәмелетке толмағандар жасаған құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы хабарламау).

16 мемлекеттік және 1 жекеменшік мектепте тыйым салынған интернет-контентке еркін қол жеткізу фактілері анықталды. Қазіргі уақытта осы сайттарға қолжетімділік шектеліп, кінәлі тұлғалар ӘҚБтК 409-бабының 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды (білім беру ұйымдарының Интернет желісіне білім алушылардың қолжеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтамауы).

Барлығы 129 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектеп тексерумен қамтылып, нәтижелері бойынша заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы 91 ұсыныс енгізілді, 108 заңды және 55 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 1 адам жалған дипломды пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, осыған ұқсас фактілер бойынша тағы 2 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, 353 млн теңге сомасына негізсіз жоспарланған мемлекеттік сатып алу тоқтатылды.

Осы бағыттағы тексерулер жалғасуда. Прокурорлар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталды.

Атырау облысының прокуратурасы

Атырау облысының прокуратурасы Полиция департаментімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын жүзеге асыруда. Облыста прокуратура, полиция, қорғаншылық және қамқоршылық, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, психологтар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да мүдделі органдардың қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылды.

Бұл жоба балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған, оның негізгі мақсаты қауіп төнген немесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтау болып табылады.

Мобильді топтар өткен айда тұрмыстық қиын жағдайда қалған 50-ден астам отбасына барды, кәмелетке толмағандар арасында қайыр сұраудың 2 фактісі анықталды, ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттама жасалды, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болу 23 жағдай бойынша ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.

Қаланың 67 мектебі мен 13 колледжінде смартфон камерасын QR-кодқа бағыттау арқылы прокуратура сайтына онлайн-хабарлама жіберу үшін жағдайлар жасалған, оның көмегімен оқушылар мен ата-аналар кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу фактілері немесе басқа да проблемалар туралы ашық хабарлай алады. Облыс тұрғындары біздің жобаға қатыса алады.

Азаматтардан балаларға қатысты құқық бұзушылық жасау фактілері туралы біздің ұялы нөмірімізге хабарлауды сұраймыз: +7-778-555-77-24.

Анонимділікке кепілдік беріледі.

Атырау облысының прокуратурасы

Президент халық пен елдің игілігі үшін экономикамыздың ілгері, қарқынды дамуына бағытталған бірқатар шешімдер қабылдап, оның ішінде инвесторлардың құқықтарын қорғауды және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын қадағалауды прокуратура органдарына тапсырды.

Мемлекет басшысының талабын сапалы, әрі мінсіз орындау бағытында Бас Прокурормен нақты нұсқаулар беріліп, прокуратура органдары инвесторларға қатысты мемлекеттік органдармен қабылданатын барлық шешімдер мен шектеу шараларының алдын ала заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуде.

Аталған маңызды тапсырманы жүзеге асыру үшін «Теңізшевройл» ЖШС-нің офисында, өңірдегі ірі инвесторлардың қатысуымен кездесу өткізілді.

Шараға «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Кевин Лайон, «NCOC» компаниясының басқарушы директорының орынбасары Е.Мұқай, «GPS Investment», «Бутадиен» және т.б. инвестициялық жобалардың иелері мен уәкілетті органдар қатысты.

Жиын барысында облыс прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ, Президенттің 04.12.2023 жылғы Жарлығымен Инвестициялық штабтың қызметі қайта қаралғаны және оның ішінде прокуратураның оларды қолдаудағы ерекше орнын атап өтті.

Ендігі кезекте мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері, инвесторларға қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды, яғни сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауды, әкімшілік жауаптылыққа тартуды және сотқа шағым беруді прокурормен келісім алғаннан кейін жүзеге асырылатынын түсіндірді.

Бүгінгі күні облысымызда 5,1 трлн теңгеге 23 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Әрбір жобаға прокуратура қызметкерлері бекітіліп, олардың сапалы әрі кедергісіз аяқталуы қатаң бақылауға алынды.

Кездесуде «Теңізшевройл» басшысы және Атырау өңірінің инвесторлары алғыстарын жеткізіп, нәтижелі жетістіктердің болатынына прокурорларға сенім білдірді. Біздің Президенттің шешімдерін іске асыру ерекше бақылауда.

Атырау облысының прокуратурасы

Атырау облысының Үйлестіру кеңесінің отырысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері қаралды. Уәкілетті органдарға 2023 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы жалпы құқық бұзушылықтың 21% (100-ден 121-ге), о.і. жыныстық тиіспеушілік 38,7% (31-ден 43-ке), балалар суициді 156,3% (16-дан 41-ге) өскені атап көрсетілді. Тексеріспен барлық меншік нысанындағы білім беру ұйымдарында 1 200-ден астам (қауіпсіздік, құрылыс, мемлекеттік сатып алу, білім сапасы, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, өрт қауіпсіздігі және т.б. салаларда) құқық бұзушылық фактілері анықталды. Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы керек.

«Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыру негізгі басымдықтардың бірі», - деп атап өтті қадағалау органының басшысы Бауыржан ЖҰМАҚАНОВ.

Қорытынды сөзінде облыс прокуроры «профилактикаға жауапты мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде сапалы жұмыс жүргізуге міндетті және қылмысқа қарсы күрес шараларын күшейтуі тиіс екенін» - тапсырды. Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысымен ұсынымдар әзірленіп, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Орындалу барысы бақылауда.

Атырау облысының прокуратурасы

Әрбір азаматтың ақпаратқа қол жеткізу құқығы бар. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында анық көрсетілген. Соған сәйкес әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алу және тарату құқығына кепілдік беріледі.

Әлемдік тәжірибеге сүйенген Ұлт жоспарының аясында құрылған «Ашық Үкімет» порталы арқылы Үкіметтің, министрліктердің, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларымен, сондай-ақ бюджет жобаларымен танысуға интернет желісін пайдаланушы кез-келген азаматтың мүмкіндігі бар.

2016 жылғы 6 сәуірде  «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Онда қабылданатын актілердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында актілердің жобаларын алдын ала ашық порталда жариялау, жергілікті жерде қабылданатын шешімдерді қоғамдық кеңестердің талқысына салу, сараптамадан өткізу нормалары енгізілген.

Елімізде нормашығармашылық қызметінің ашықтығы мен тиімділігін жетілдіру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. «Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 464 және «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 3 шiлдедегi № 448 бұйрықтары қабылданып нормашығармашылық қызметінің тиімділігін бұдан әрі жетілдіру тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, жергілікті органдар мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын актілері қағаз түрінде емес мемлекеттік органның интернет порталы арқылы жолданады. Сондай-ақ актілерді әділет органдарына ұсыну, кері жолдау, пысықтау, бас тарту және тағы да басқа рәсімдерінің мерзімі өзгертіліп, қазіргі уақыттың талабы ескерілді.

Бүгінгі таңда саяси-әлеуметтік және азаматтардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін заңнама мен құқықтық актілердің статистикалық өсуі артып келе жатқаны мәлім. Сондықтан заңның 37-бабын басшылыққа алатын болсақ, мәслихаттардың нормативтік-құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік-құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік-құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік-құқықтық шешімдерін ресми жариялау Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жүзеге асырылады деп ресімделген. Яғни, заңнама жаңалықтарымен, сондай-ақ барлық әділет органдарымен тіркелген құқықтық актілермен әрбір азамат НҚА эталондық бақылау банкінде Әділет министрлігінің интернет-ресурсы арқылы таныса алады.

Нормашығармашылығындағы ашықтық дегеніміз шешім қабылдау процесінің ашықтығы, жұртшылықты дайындалып жатқан және қабылданған шешімдер жайлы және олардың іске асырылуы туралы кеңінен ақпараттандыру екені белгілі. Сондықтан да қабылданатын заңдар мен шешімдердің ашық әрі тиімді болғанына қоғам мүдделі екені анық.

С. Ермышева,

нормативтік-құқықтық актілерді

тіркеу бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521