Айыппұл салса да айылын жимады

Қаладағы жаңа балабақша құрылысының жұмыстарын жүргізуге атсалысып жатқан бір кәсіпкер жұмыс көлемін алған соң ерте көктемнен іске кірісті.

Ол үшін арзанқол деп Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген азаматтарды жұмысқа тартты. Бірақ атыраулық кәсіпкердің бұл әрекеті тәртіп сақшыларына әшкере болып қалды. Өйткені ол заңсыз еді.

Шетелдікті алуға, ең алдымен, жергілікті атқарушы және ішкі істер органдары рұқсат етпейтін-ді. Бірақ соған қарамастан, ол жақын шетел азаматтарының еңбегін пайдаланып, заңның ала жібін аттап кетті. Сондықтан үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 519-бабының 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Аудандық соттың биылғы наурыздағы шешімімен оған 252 мың 500 теңге айыппұл салынған-ды.

Алайда кәсіпкер айыппұл арқаласа да айылын жимады. Көп ұзамай бұрынғы «әніне» қайта басты. Сәуір айында тағы да құрылыс жұмыстарына өзбектерді жалдап, оларға ай сайын 70 мың мен 80 мың теңге аралығында ақша төлеп тұруға уәде беріп, ауызша келісім жасады. Заңды екінші мәрте бұзған азаматты тәртіп сақшылары қайтадан жауапқа тартты. Бұл жолы бір жыл ішінде екінші мәрте құқық бұзушылық жасағаны үшін ӘҚБтК-нің 519-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырып, 505 мың теңге көлемінде айып салды.

Тәртіп сақшылары жаз мезгілінде кәсіпкердің құрылыс объектісінен тағы да бірнеше өзбек азаматын ұстады. Олардың әрқайсысы бұл кезде 90 мың теңге айлыққа келісіп, жұмыс жасап жатқаны аян болды. Аталған шетел азаматтарының үстінен полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Аудандық соттың қаулысымен оларға әкімшілік қамаққа алу және еліміздің аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.

Ал өзбектерді рұқсатсыз қайта-қайта қарауына жұмысқа алып, еңбегін пайдаланған кәсіпкер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Үстінен Қылмыстық кодекстің 395-бабымен іс қозғалып, сотқа жолданды.

Сот өз кезегінде сотталушының әрекетін аталған баппен дұрыс сараланған деп тапты. Заң тілімен айтқанда, «Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу, яғни жұмыс берушінің уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз Қазақстан Республикасының аумағына келген шетелдіктерді жұмысқа бірнеше рет қабылдауы, сол сияқты Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу» болып табылады.

Сондықтан аудандық соттың үкімімен ол 395-бапта көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу жазасына кесілді.

А.Адаева, аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы

Ербол Бисекенұлы, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521