Марихуанаға мас болып...

Таяуда Теңіз қалашығындағы жұмысшылар жатақханасының ішін күзетіп жүрген қауіпсіздік бөлімінің қызметкері ондағы бір бөлменің ішінен шығып жатқан өзгеше бір иісті сезіп қалады. Оның темекінің емес, есірткіге ұқсас түтін екеніне көзі жеткен ол дереу полиция бөлімшесіне қоңырау шалады. Хабарлама бойынша жедел жеткен құқық қорғау органының қызметкерлері бөлме ішіне енгенде үстел үстінен қағаз қиындысына оралған кептірілген жасыл шөп тәріздес марихуана мен оны шегу үшін қолданылған су ыдысы «баклашка» тауып алады.Олар заттай дәлелдеме ретінде сол жерде алынып, арнайы сараптамаға жөнелтіледі.

Ал орда бұзар отыздан асқан жұмысшының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізіледі. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысы арқылы полиция тауып алған қағаз қиындысындағы шөп ұнтағының кептірілген марихуана екендігі және оның салмағы 5,52 грамм болатындығы анықталды. Ал сол жерден алынған су ыдысының ішінде де марихуананың жұғындысы бар болып шықты. Психикалық белсенді затты пайдалану және мастық күй дерегін белгілеу үшін жүргізілген медициналық куәландырудың қорытындысы да жұмысшының сол күні есірткі затын тұтынғанын айғақтап берді.

Нашақордың үстінен көтерілген қылмыстық іс алдын ала тергеу амалдары арқылы аудандық сотқа жолданды. Сот оның қылмыстық теріс қылық әрекетін Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен дұрыс сараланған деп тапты. Өйткені ол заң тілімен айтқанда «есірткі затын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтаған». Бірақ іс құжаттарын зерделеген сот сотталушыға тағылған «есірткі затын өткізу мақсатынсыз заңсыз иемденген» деген айыпты алып тастады. Себебі оны дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз болып шықты.

Сондықтан аудандық соттың үкімімен марихуанаға мас болған сабаз Қылмыстық кодекстің жоғарыдағы бабында көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 60 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Мемлекет пайдасына 27252 теңге процестік шығын мен жәбірленушілердің өтемақы қорына 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 12625 теңге мәжбүрлі төлем өндірілетін болды.

Г.Есенова, аудандық соттың бас маманы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521