Медиация болмағанда...

мәжбүрлеп өндіріп алар еді

Қазақта «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деген нақыл сөз бар. Расында да, қарызға алынған қомақты қаржы тығырыққа тірелген жанды уақытша қиындықтан құтқарғанымен, оның артынан көтертер жауапкершілігінің жүгі ауыр. Өйткені «Алаған қолым - береген» деп те бекер айтылмаған. Алынған ақша уақтылы иесін таппаса, «даудың басы Дайрабайдың ала сиырына» айналып кетері анық. Мұндайда кей азаматтар амалсыздан сот төрелігіне жүгініп жатады. Таяуда аудандық сотта қаралған азаматтық іс – дәл соның айғағы.

Талапкердің сотқа жолдаған арызында көрсетілгендей, өткен жылдың қараша айының ішінде оған бір таныс әйелі келіп, қарызға 1 млн. 600 мың теңге көлемінде беруін өтініп сұрайды. Оны бір айдың ішінде кері қайтаруға уәде береді. Келісімін алғаннан кейін соңғысы өз қолымен қолхат жазып береді де, ақшаны санап тұрып, қалтасына салып алады.

Көп ұзамай межелі мерзім де келіп жетеді. Әлгі әйелдің өзі аяқтай келіп қаржысын қайтармаған соң, ақша иесі амалсыздан телефон шалады. Бірақ түрлі сылтауды алға тарта берген борышкер әр нәрсені айтып, уақыт оздыра береді. Сөйтіп жүргенде арада бір ай емес, бірнеше ай зымырап өте шығады. Ақыры «Шыдамның да шегі бар» дегендей, ақшаны өз еркімен қайтармайтынына көзі жеткен ол борышкерден алажақ миллион жарымын даулап сотқа талап арыз түсіреді.

Қарыз ақша өндіру туралы арыздың арты дауға ұласа жаздады. Сотта борышкер әйелдің күйеуімен бірге тұрып жатқан ортақ үйі мен астындағы көліктеріне де тоқтам салу туралы сот ұйғарымы шығады. Оған келіспеген жауапкер қарсы шағым түсіреді. Міне, осы арада мәселеге кәсіпқой емес медиатор Ж. Байжанов пен У.Қалашева араласады. Олар екі жақты татуластырып, келісімге келтіруге қол жеткізді.

Қарыздың жүгі әйелмен бірге оның күйеуіне де біраз салмақ салды. Енді оны ерлі-зайыптылар бірлесіп төлейтін болды. Яғни ол - ақша иесінің сотта сенімді өкілі ретінде жалдаған заңгеріне төлеген 100 мың теңгесін қосқанда барлығы 1 млн. 700 мың теңгені құрады. Оның 1200000 теңгесін күйеуі ай сайын 100 мың теңгеден өтеп, бір жыл ішінде төлеп тұруға келіссе, ал әйелі 35 мың теңгеден беріп, 13 айдың ішінде бережағынан толық тазаратын болып келісті. Соңғы қалған 10 мыңды борышкер 2020 жылдың тамызында беріп құтылады. Бірақ оған дейін ерлі-зайыптыларға көлік құралдарының тоқтамда болуына келісімін беруіне тура келді. Ол үшін борышкер дүние-мүлкіне, банктік шоттарға тоқтам салу туралы сот ұйғарымының күшін жою туралы жеке шағымын қараусыз қалдыруға келісті. Медиациялық келісімнің арқасында талапкердің сотқа төлеген 16 мың теңге мемлекеттік баж кері қайтарылды. Ал жауапкер жақтың дүние-мүлкі тоқтамнан, ал есепшоттары бұғаттаудан аман қалды.

Медиацияның дауласқан азаматтар үшін осындай пайдалы жақтары бар.

Н.Абулханов, аудандық соттың бас маманы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521