Ойыншық машинаның дауы

Ойыншық машина сатып алған тұтынушы оны үйіне әкеліп жүргізіп қарайды.

Таяуда аудандық сотта тұтынушы мен сатушының арасында орын алған дауға қатысты талап арыз түскен еді. Бірақ ол сотқа дейін жеткізілмей, медиацияның көмегімен мәселенің түйіні тез тарқатылады.

Қаладағы сауда орындарының біріндегі жеке кәсіпкерден кішкентай баласына ойыншық машина сатып алған тұтынушы оны үйіне әкеліп жүргізіп қарайды.

Алайда бөбегінің де, өзінің де қуанышы су сепкендей басылады. Өйткені көлік іске қосылғанымен, арада 5-10 минут өтер-өтпесте бұзылып қалады. Қарайған ақшаға сатып алған төрт дөңгелектінің көп адым аттамай үні өшіп қалғанына ашынған тұтынушы ойыншықты кері әкеліп, сатушыдан ақшасын талап етеді. Бірақ ол қаржыны қайтарудан үзілді-кесілді бас тартады.

Ақыры амалы таусылған тұтынушы жеке кәсіпкердің үстінен шағымданып, аудандық сотқа талап арыз түсіреді. Бірақ «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасы аясында судья-медиатор оларды сотқа дейін татуластыруға тырысады. Көп ұзамай екі жақ бір мәмілеге келеді. «Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы» өзара медиациялық келісімге қол қойған олар сотпен оны бекітуді сұрайды. Арадағы келісімшарт бойынша сатушы бұзылған машинаның құнын, яғни тұтынушыға келтірген 60 мың теңге материалдық шығынды белгілі бір мерзімнің ішінде қайтарып беруге міндеттеме алды. Ал талап қоюшы болса, сотқа берген арызынан бас тартады.

Осылайша ойыншық машинаның дауы медиация арқылы шешіліп, екі жақ соттан татуласып шықты.

Е.Бисекенұлы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521