ads_banner

Қос некенің қырсығы

Өткен жылы жолдасы қайтыс болған бір әйел күйеуінің артында қалған үйі мен дүние-мүлкін өз атағына аудару үшін қаладағы бір нотариат кеңсесіне келеді. Мақсаты мұрагерлік іс ашып, заңға сәйкес мұраға құқық беру туралы куәлігін алу болатын-ды. Алайда мәселе ол ойлағандай оп-оңай шешіле қоймады. Жеке нотариус марқұмға қатысты мұрагерлік іс ашқанымен, арыз беруші әйелдің өзін мұрагер деп танудан бас тартты. Ашынған әйел амалсыздан аудандық сот табалдырығынан аттап, нотариустың үстінен шағымданды. Сотта біраз нәрсе анықталғандай болды.

«Бақсақ, бақа екен» дегендей, марқұм күйеуі осыдан 40 жылға тарта уақыт бұрын үйленген екен. Бірақ бірінші әйелімен арадағы некесін заңды түрде бұзбаған болып шықты. Онымен өткен ғасырдың сонау 80-жылдарының аяғында ажырасып, бір-бірінен бөлек кеткенімен, ешқайсысы сотқа арызданбаған. Бір сөзбен, қазақшылыққа салынып жүре берген ғой. Сөйтіп, қос тағдыр іс жүзінде екі айрылып кеткенімен, заң жүзінде ерлі-зайыпты болып қалады.

Арада бірнеше жыл өткен соң ер-азамат тағы үйленеді. Бұл уақытта Кеңес өкіметі құлап, еліміз егемендік алып, екі аяғынан тік тұра бастаған мезгіл еді. Алғашқы некеден қос қызы бар еді. Көп ұзамай екінші келіншегі де бір қыз сыйлады. Сондықтан некесін заңдастыруды ойлаған олар АХАЖ бөліміне бас сұқты. Мұнда екеуі де бұрын отбасын құрмаған күйеу мен қалыңдық болып анкета толтырып, неке туралы куәлікті иеленеді. Осылайша марқұм көзі тірісінде заңды екі әйелдің күйеуі болып шыға келеді.

Сотта жауапкер ретінде жауап берген нотариус өз әрекетін Қазақстан Республикасы «Нотариус туралы» заңына сәйкес жүзеге асырғанын мәлім етті. Оның айтуынша, арызданушы әйел күйеуінің мүлкіне толық қожайындық ете алмайды. Өйткені марқұмның атында екі бірдей неке туралы куәлік тіркелген. Бұл заңды қос некеден ортақ үш қызы бар. Демек, олардың да бірінші кезекте әкесінің мүлкіне иелік етуіне құқығы бар. Оның үстіне бірінші әйелі де нотариусқа келіп, өзінің мұрагерлік құқығын алға тартып, дауласып отыр.

Міне, осының бәрін ескерген сот нотариустың үстінен шағымданған әйелдің арызын қанағаттандырмай тастады. Бұл бірнеше әйел алуға рұқсат беретін заң шығаруды қолдап жүрген кейбір пысықай еркектерге ащы сабақ болса керек.

Б.Жұмабаев, аудандық соттың төрағасы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

Жарнама

ads_banner2

Жарнама

ads_banner2

ads_banner