ads_banner

Полковник емес, алаяқ болып шықты

Таяуда аудандық сотта алаяқтыққа қатысты тағы бір қылмыстық іс қаралды. Бұл жолы сот орынтағында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, 39 жастағы келіншек отырды.

Айыпкер біздің аудан аумағындағы бір елді мекенде тұратын егде әйелмен кездеседі. Оған өзін полковник шеніндегі әскери қызметкермін деп таныстырады. Оның сеніміне әбден кірген соң үйінде қонақ болып, жақынырақ жүздеседі. Сөз арасында немерелерін кәмелетке толмаған балаларға арналған әскери мектепке оқуға түсіруге көмектесетінін айтып, уәде береді. Ол үшін «сыйақысына» деп үй иесінің 1 млн. 400 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен алдап алады. Алаяқ әйел оның қызын да дәл осындай жолмен тақыршаққа отырғызып кетеді. Оған баласын Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары әскери оқу орнына түсіріп, оқуына жәрдем беретініне сендіріп, 100 мыңын бір қағып алса, банктегі несиесін мерзімінен бұрын жауып, ауыр науқасқа шалдыққан қызын астанадағы белді клиникадан ота жасатамын деп қосымша 310 мың теңгесін тағы иеленіп кетеді. Астаналық алаяқтың әрекеті жалғыз мұнымен шектелмейді. Тергеу кезінде белгілі болғанындай, ол өзінің қылмыстық арам пиғылын тек Жылыой ауданында ғана емес, Атырау қаласымен іргелес поселкелерде де жүзеге асырып келген болып шықты. Онда «Бурабай» шипажайына жолдама алып беремін», «Шетелдік автокөлік сатып алуға көмектесемін» деген секілді түрлі әдемі сөздермен құрғақ уәде беріп, аңқау қазекеңнің адал ақшасын арамдық жолмен иеленіп алады.

«Бақсақ, бақа екен» дегендей, жәбірленушілер әлгі әйелдің ешқандай да полковник емес, тап-таза алаяқ екенін кейін білді. Сөйтсе, ол осыған дейін алаяқтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, Көкшетау қалалық сотының үкімімен бірнеше жылға сотталған екен. Аудандық соттың үкімімен алаяқ әйел Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігінің 3 және 4-тармақтарымен кінәлі деп танылып, түпкілікті жаза ретінде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды.

Е.Бисекенұлы

Сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner