Үш жылдан кейінгі үй дауы

Қазір ажырасу көбейген.

Қазір ажырасу көбейді. Ерлі-зайыптылар айрылған соң, арада мүлік дауының да туындайтыны белгілі. Ал бұл жолғы сот табалдырығын аттаған талап арыз иесі күйеуімен екеуінің ортақ үйін үш жылдан кейін бөлісуді жөн көріпті.

Олар осыдан тура 20 жыл бұрын үйленген-ді. Ортақ некесінен екі перзент өмірге келді. Бүгінде қырықтың қырқасынан асқан әйелдің сотта берген жауабына қарағанда, некеде болған кезінде жолдасы жиі-жиі шаңырақтың шырқын бұзып келген. Бірте-бірте үйдің берекеті кеткен соң әйелі ажырасуға бел буады. 2016 жылғы наурыздағы соттың шешімімен 17 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың өмірі біржолға екі айрылады. Неке бұзылған үш жылдың ішінде алимент төлемек түгілі, әкесі балалар іздеп те келмеді. Осы уақыт аралығында тұңғышы Алматы қаласынан білімін жалғастырып, кішісі облыс орталығындағы мектепте оқып жатты. Олардың оқу шығынын жалғызбасты ана өзі жауып тұрды.

Ажырасардан үш жыл бұрын олар қаладағы көпқабатты ықшамауданның бірінен ортақ пәтер сатып алған еді. Ұл-қызы есейген жалғызбасты ана енді сол ортақ мүлікті бөлісуді ұйғарып, сотқа талап арыз түсірді. Өйткені Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 37-бабының 1-бөлігіне сәйкес ерлі-зайыпты адамдардың ортақ мүлкін бөлісуі некеде тұрған кезінде де, ол бұзылғаннан кейін де жүргізілуі мүмкін еді. Сондықтан кәмелетке толмаған балаларының мүддесін және олардың анасымен бірге тұрып жатқанын ескеріп, ортақ мүліктегі үлесін 60 пайыз деп анықтап, соттан пәтерді бөлуді сұрады. Бағалау есебі бойынша пәтердің құны 4 млн. теңгенің үстіне шықты.

Сотта бұрынғы ерлі-зайыптының мәселесіне судья-медиатор араласты. Ол «Соттағы татуласу рәсімдері» пилоттық жобасы аясында екі жақты татуластыруға қол жеткізді. Сөйтіп, ортақ мүлік үшін туындаған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өзара медиациялық келісімге келді. Судья соған сәйкес ұйғарым шығарды. Ұйғарым бойынша жауапкер әке меншігіндегі пәтерді талапкердің пайдасы үшін биылғы 31 желтоқсанда өз иелігінен шығаруға міндеттенді. Ал талап арыз иесі болса пәтер құнының 40 пайызын төлеп, «сатып алып», арызынан бас тартатын болды.

А.Еділова,

аудандық соттың бас маманы, сот отырысының хатшысы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521