Теңіз кенішіндегі «қара тізім»

немесе жұмысшылардың еңбек ету құқығы бұзылмасын

Атырау аймағында өндіріс басында орын алып жататын жазатайым оқиғалардың басым көпшілігі жұмыстың жеткілікті ұйымдастырылмауынан, жарамсыз көліктер мен қондырғыны пайдаланудың кесірінен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілмеуінен болып жатады екен. Мұның барлығы көп жағдайда жұмыс берушілердің кінәсінен орын алатындығы анық. Бұл жөнінде таяуда ауданға іссапармен келген облыстық мемлекеттік инспекциясы басқармасының еңбек инспекторы Бақтыбай Ізтелеуов ауданның кәсіпкерлік, шаруа қожалығы басшылары мен мекеме-кәсіпорынның жетекші мамандарымен еңбек заңнамасына құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі семинар-кеңес кезінде мәлім етті.

Б.Ізтелеуовпен бірге Жанна Ермекқалиева, Ахметова Дина, Абылай Нұрланұлы сынды еңбек инспекторлары келіп, жұртшылыққа заңдылық талаптарын ұғындырды.

Ж.Ермекқалиеваның сөзінен соңғы жылдары мемлекеттік инспекцияға шағымданушы жұмысшылар арызының 10 пайызға артқанын, көпшілігі еңбекақыны дұрыс есептемеудің салдарынан және жалақыны уақтылы төлемей, кешіктірудің кесірінен туындап жататыны білдік. Жанна Сергейқызы, сондай-ақ, жасөспірімдер еңбегін пайдаланудың заңсыз жақтары хақында да мәселе көтерді. Оның айтуынша, өткен жылы тек Мақат ауданының полиция бөлімінен ғана кәмелетке толмаған баланың еңбегін пайдаланған бір кәсіпкерлік субъектісінің үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша материал түскен. Өзге аудандарда мұндай деректер мүлдем жоқ секілді. Әрине, семинар үстінде бұл мәселе бөлек қозғалды. Оған аудандық кәсіпкерлік бірлестігінің төрағасы Қуаныш Аязбаевтың қойған сауалы себеп болды. Таяқ лақтырсаң, тойханаға тиетін Жылыой ауданында түнімен өтіп жататын тойларда қызмет көрсетіп жүрген даяшы қыздардың барлығы дерлік жасөспірімдер екеніне ешкім де шүбә келтірмейді. Еңбек инспекторының сөзінен білгеніміз, тіпті олардың қасында ата-анасы еріп жүрсе де, кешкісін, түнде кез келген жерде жұмыс жасауына заң тыйым салады. Әсіресе, бұл тойхана иелеріне қатысты. Демек, оның қожайындары еңбек заңдылығын белден басып, Әкімшілік кодексте көрсетілген өрескел құқық бұзушылыққа жол беріп отыр деген сөз. Бұл ретте біздің ауданда Мақаттағы секілді, тым болмаса, бірде-бір деректің анықталмауы кім-кімді болса да бейжай қалдырмаса керек.

Әрмен қарай семинар сұрақ-жауап түрінде өрбіп, еңбек инспекторларына сауал тастаушылар аз болмады. Солардың бірі еңбек шарты жөнінде болды. Көпшілік сауалына жауап қатқан Жанна Сергейқызы мен Дина Орынбасарқызының сөздерінен жаңа заңдылық талаптарына сәйкес наурыз айынан бастап жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек шарты электрондық нұсқаға көшкендігін білдік. Бірақ семинарға келген көптеген бизнес иелері, әсіресе ауыл кәсіпкерлері, мекеменің мамандар бөлімінің инспекторлары, есепшілер бұл өзгерістен бейхабар болып шықты. Сондықтан инспекторлар бұл мәселені тездетіп шешуге шақырды.

Семинарда көтерілген өзекті мәселенің бірі – Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелердің ортақ базасы. Онда арнайы енгізілген «қара тізім» бар. Егер бір жұмысшы еңбек тәртібін бұзып, қызметімен қош айтысса, оның есімін міндетті түрде әлгі «қара тізімге» енгізіп қою дәстүрі қалыптасқан. Ал онда аты-жөні тұрған жұмысшы Теңіздегі өзге мекеме-кәсіпорындардың қақпасынан да қарай алмайды деген сөз. Өйткені қай компанияға барса да, алдынан баяғы «қара тізімге» іліккен тәртіпсіздігі шыға келеді. Демек, оған өмір бақи кеніштің қақпасы жабық деген сөз. Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң, ашылғанның айыбы жоқ, қайтып етек жапқан соң» деген қанатты сөз бар. Бұл дегеніңіз Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығын шектеу емес пе? Теңізде жүздеген компания бар. Оның біреуінде еңбек тәртібін бұзғаны үшін ТШО-ның өзге мердігер мекемесіне кіргізбей қою секілді тыйым еліміздің басқа қай жерінде бар? Сондықтан семинарды жүргізген аудан әкімі аппаратының жетекшісі А.Нұғыман, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАЖ бөлімінің басшысы Н.Сауытовтар осы мәселені арнайы көтеріп, заң аясында тексеріп, реттеуге өтініш білдірді.

Бұдан басқа, декреттік демалыстан кейінгі жұмысқа қосу, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындағы сменамен жұмыс жасайтын техникалық қызметкерлердің еңбек демалысының есептелу заңдылығы, қосымша ставкамен жұмыс жасаудың тәртібі, жұмысшы сағаттарын бухгалтерлік тұрғыдан дұрыс есептеу сынды басқа да мәселелер туралы сауалдар қойылып, оған еңбек инспекторлары тұшымды жауап қайтарды.

Семинар түстен кейін аудандық әкімдіктің мәжіліс залында жалғасты. Оған мемлекеттік қызметшілер мен өзге де мемлекеттік мекеме-ұйымдарында еңбек ететін қызметкерлер қатысып, еңбек заңдылығына қатысты құқықтық түсінік беріліп, сұрақ-жауап түріндегі жақсы жүздесу болды.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521