ads_banner

Жол оқиғасына сиыр кінәлі емес

Жасыратыны жоқ, аудан аумағындағы тасжолдарда орын алып жататын жол-көлік оқиғаларына төрт түлік мал да себепші болып жатады. Өкінішке орай, оның көпшілігі жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруынан, соның салдарынан сақтық шарасын дер кезінде қолға алып үлгермеуінен болып жатады. Десек те, мұндайда көлік иелері өзінен бұрын, ең алдымен, үй жануарларын қараусыз қалдырған мал иелерін кінәлап жатады. Сөйтіп, келтірілген материалдық шығынды сот арқылы өндіріп алуға тырысады. Таяуда аудандық сотта қаралған екі бірдей азаматтық іс – дәл соның айғағы.

Сотқа шағымданған көлік иелерінің екеуі де әйел адам еді Екеуінің де шетелдік автокөлігі Доссор – Құлсары тасжолының 95 шақырымында сиыр малына соқтығысып, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен. Бірінің рөлінде баласы отырса, екіншісінде жалдамалы жүргізуші болған. Бірінің темір тұлпары 3 млн. 229 мың теңге көлемінде материалдық зардап шексе, енді бірі сот арқылы 967 214 теңге шығын мен 213328 теңге айрылып қалған пайдасын өндіруді сұрады. Бұл шығынды олар мал иелерінен өндіруді талап етті.

Екі оқиғада да сиырлар арам өліп, мал иелеріне едәуір шығын келді. Алдымен, бір азаматтық іс бойынша қаралған дерекке тоқталалық. Сот тексерісі кезінде белгілі болғанындай, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Казгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Атырау облысы бойынша филиалының мәліметіне сәйкес жол оқиғасы орын алған жаз айындағы сол күнгі сағат 22.00 минут шамасында ауаның температурасы 25 градус жылы, жауын-шашынсыз ашық болған екен. Ал автотрассаның 95-шақырымында «Мал өткізу» туралы 1.24 ескерту жол белгісі қойылған. Аудандық полиция бөлімінің мәліметі бойынша да Атырау-Доссор-Ақтау тасжолының бойындағы 88-107-шақырым аралығында ескерту белгілері орнатылған. Жол-көлік оқиғасының орнына барып, сызбасын жасаған жергілікті полиция қызметінің қызметкері автокөлікпен соқтығысқан сиырдың оқиға орнынан 47 метр қашықтықта жатқанын көреді. Мұндай жерге дейін ұшып кетуі жүргізушінің көлікті қатты айдап, жылдамдықты шамадан тыс арттырғанын айғақтайды. Ал сотта маман ретінде жауапталған «Автотехарна» ЖШС-нің мұғалімі республикалық трасса бойындағы жол белгілері түнгі уақытта көліктің жарығы түскенде 150 метрден анық көрінетінін, жол жиегіндегі жол белгілері ескерту белгілері болып табылатын қадап айтты.

Сондықтан сот жүргізушінің көлікті сағатына 90-100 шақырым жылдамдықпен жүргіздім деген жауабына сын көзбен қарады. Сиырдың 50 метрге дейінгі қашықтыққа ұшып кетуі шетелдік автокөліктің желмен жарысқандай жүйткіп келе жатқанын айғақтайды. Соның салдарынан рөлдегі жас жігіт ескерту жол белгілерін ескермей, асфальт үстіне мал шыға келгенде сақтық шарасын алып үлгермеген.

Екінші оқиға да дәл осыған ұқсас. Ол да Доссор – Құлсары тасжолының 95-шақырымында орын алды. Күз мезгілі, кешкі қараңғылық түскен уақыт. Оқиға орнына барған полиция қызметкері көліктің сиырды қаққанға дейінгі тежегішінің ізі 17 метрге дейін, ал соқтығысқан соң 8,30 метрге дейін сызылғанын көріп, құжатқа енгізді. Ал сиыр байғұс 23 метр қашықтыққа дейін ұшып кетіп, құлаған. Демек, мұнда да көліктің жүргізушісі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, жолдан өтіп бара жатқан табын сиырды көргенде сақтық шарасын қолданып үлгере алмай қалған. Мамандар көрсеткендей, бұл жерде де ескерту жол белгілері тұр.

Сондықтан сот екі әйел азаматтың да талап арызын қанағаттандырмады. Өйткені сиырға соқтығысып, автокөліктің бүлінуіне жүргізушілердің өздері кінәлі деген тұжырым жасады.

Ендеше, бұл екі оқиға темір тұлпар тақымдаған өзге жүргізушілерге ащы сабақ болса керек.

Е.Қошақанов

Сурет: ашық дереккөз

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner