Құлсары қаласы, И.Тайманов к-сі, 4 5-07-66

«Азынап пароход келіп тұратын...»

Марқұм шежіреші қарт Жанаш Нұрмахан әңгіме тиегін ағыта қалса, «...баяғыда теңіздің үстімен арқырап пароход келіп тұратын» дегенді көп айтатын. Біз аң-таңбыз. Ау, қайдағы теңіз? Қайдағы пароход?...Кесіртке қашқан құмнан басқаны көрмеген бізге «баяғыда бұл жерде азынап пароход келіп тұрған» деген ұғым қиял-ғажайып ертегілері сияқты санамызға қоныңқырамайтын. Алайда бұл деректер ертегі емес, шындық.

Туған жерімізде мыңжылдықтар бұрын алып теңіз болғаны да ақиқат. Қазіргі тұз шөгінділерінен пайда болған Ақкерегешың бор тауларын аралап, ерінбей-жалықпай іздесеңіз, тасқа айналған теңіз жануарлары - бембит, амонит мен акуланың қарайып кеткен тістерін, суасты фауналарының қалдықтарын таба аласыз.

Қазан төңкерісіне дейін қазіргі аудан аумағында бірнеше болыстар: Ақжал, Қарашағыр, Бестөбе, Жаршық, Ақбас, Жем-Атырау, Жем, Былан, Қарабайлы болыстары болыпты. Ол кезде жол қатынас көлігі негізінен ат, ат арба екен. Ал ат арбадан кейінгі қатынас құралы кеме, қайық болған. Ракөш тәрізді жақын жерлерге жұрт қайық, кемемен , Гурьев, Форт-Александровск (кейін Форт-Шевченко), қазақша Кетік қалаларына үлкен кемелермен қатынайтын. Қыста мұз үстімен шана арқылы жүретін болған.

Жылой кенті тұрған Каспий теңізінің шығыс-солтүстік жағалауына 17-ғасырда балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер орныға бастаған. Балығы тайдай тулаған бұл жерге Орал казактары да келе бастайды. 1859 жылы Орынбор шекара комиссиясы Қаңбақтыға, Жылойға (орысша Жилая коса), Прорваға (Прорвинская коса), Ракөшке орыс-казактардың келуіне рұқсат берген бұйрық шығарған. Осылайша келімсектер Жылойға ағылған. Казак-орыстардың арасында кемінде қос-қостан қайығы, екі мыңдай қармағы мен ауы бар ауқатты байлары да болыпты. Оларға жергілікті кедей қазақтар жалданып балық аулайды. Сол кездері мыңға жуық қайық теңізге шығады екен. 10 мыңдай балықшы болса, соның 7 мыңы қазақтар болған.

1861 жылы Жемнің жағасында мың үй кедей адайлар тұрған. Аздаған дәулет жинағандар саудамен айналысып, малы барлар көлігін жалдайды. Жемнің екі бетінде отырғандар балық аулап, отырықшылыққа айналған. Көшуге жағдайы келетіндер жазда киіз үйлерін тігіп, жайлауға шығады да, күзде қайта қыстауға көшеді. Отырықшы қазақтар көбейген соң Жылой кенті 19-ғасырдың ортасында үлкен кентке айналады. 1893 жылы патша үкіметі осы жерден бірнеше балық кәсіпшіліктерін салуға Жарлық шығарған. Осылайша Жылой кентінде үлкен балық кәсіпшіліктері ашылады. Кентте қарағайдан қиып салынған әсем үйлер пайда болады, балшықтан соққан тамдар да көбейеді. Базар, көптеген сауда нүктелері ашылады. Жылой кентінде болыстық басқарма орналасады. Полиция жандармдары қызмет жасаған полицей кеңсесі болған. Патша үкіметінің пәрменімен келген келімсектердің діні христиан болғандықтан шіркеу салынып, оның күмбірлеген қоңырауларының даусы естіліп тұрады екен. Ал көк толқынды кесіп өтіп, жағалауға жақындаған кемелердің азынаған даусы да кент тұрғындарына әбден таныс үйреншікті жайт болған. Сол заманда :

...Біз шықтық Гурьевтен сағат үште,

Салдыртып пароходты алып күшке...,-деген ән жолдары да шырқалатын. Дәу пароходтар сол азынаған қалпы Жылой кентіне жетіп тұмсығын тірейтін.

Орыс мектептері (школалары) ашылып, онда дәулеттілердің балалары оқыған. Ракөште аурухана жұмыс істейді. Кенттің көлемі ұлғайып, мұнда балық шаруашылығына байланысты ашылған тұз диірмені, май қайнататын цех, ұстахана, казармалар іске қосылады.

Балық шаруашылығының дамығаны соншалық, Жылойдың балығының дәмді уылдырығының даңқы шетелге, Еуропаға да жайылады. Сол уақытта балық шаруашылығымен шұғылданған Пустобаев, Афанасьев, Бляхин, Шараев деген ірі көпестер болған. Олардың қазақ жеріндегі кәсіпшіліктері өсіп-өркендеп, шашетектен пайда тауып, көл-көсір табысқа кенелген. Күзге салым Ресейден, Украинадан жалданушы қара жұмысшылар лек-легімен келетін. Жергілікті байырғы халық та балық шаруашылықтарында көптеп жұмыс жасаған. Оған мына деректер арқылы көз жеткізуге болады. «...1901 жылы жергілікті қазақтардан Жем кәсіпшіліктеріне 5000 адам жалданыпты. 1915 жылы Жылойдың балық кәсіпшіліктерінде 160 орыс, 1170 қазақ жұмыс істеген» («Жылыой энциклопедиясы». 2002 жыл). Осыншама балықшы, жалданушылардың жұмыс істегеніне қарағанда біздің жерімізде ірі-ірі балық шаруашылығы кәсіпшіліктері болғаны анық.

Ауданымыздың құрылғанына биыл - 90 жыл. Бір кезде өсіп-өркендеген балық шаруашылығы туралы тарихи деректерден мақала жазғанды жөн көрдік. Сол жылдарды көзімен көрген көнекөз қариялар азайды. Алайда осы балық шаруашылығы туралы мағлұмат білетін жандар болса, өзі білетін, естіген деректерді көпшілікпен бөліссе жөн болар еді. Жылыой ауданының тарихынан орын алатын балық шаруашылығы туралы алдағы кездері зерттелуі қажет деп ойлаймыз.

С.ТӘЖІҚЫЗЫ.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?

k

k