Мұнай

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды аяқтады. Екі апта ішінде АМӨЗ және мердігер компаниялардың қызметкерлерінен құралған жұмылдыру тобы қаланың түрлі аудандарында және қала маңында жалпы ұзындығы 8 953 метрді құрайтын бөгеттер тұрғызды.
Атап айтқанда, Соколок каналы аймағында ұзындықтары 660 және 925 метр, биіктіктері 2,5 метрге дейін жететін екі дамбы салынып, нығайтылды. Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Томарлы елді мекенінде ұзындығы 1 715 метр және Жайық өзені деңгейінен 7 метр биік бөгет тұрғызылды.

Өндірістік активтерді су басудан қорғау мақсатында зауыттың периметрі бойынша қоршаулар құм салынған қапшықтармен нығайтылып, герметизацияланды: Перетаска каналы жағынан – 918 метр, факельді қондырғылар жағынан – 1 995 метр, бұрынғы химия зауыты жағынан – 865 метр, қала жақтан – 1 875 метр.

Зауыт және «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС аумағындағы маңызды нысандардың периметрін қорғау және нығайту жұмыстары да жүргізілді. АМӨЗ-дің Жайық өзеніндегі су алу ғимараттарының металл құрылымдары нығайтылып, су деңгейі тұрақты бақылануда.

Аталған шараларды жүзеге асыруға зауытпен әріптестік қатынастағы мердігер компаниялар да атсалысып, қаржылай көмек, қажетті құрал-жабдықтар, көлік, жанар-жағар май және түскі аспен қамтамасыз етті. Су тасқынына қарсы іс-шараларға әр түрлі кезеңдерде «АМӨЗ» ЖШС мен мердігер компаниялардың 750 қызметкері, 70-тен астам әскери қызметші мен жергілікті тұрғындар қатысып, 40-тан астам арнайы техника (соның ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның атыраулық филиалынан) тартылды.

Жұмыстарға барлығы 44 900 қапшық, 256 орам полиэтиленді пленка, 2 002 құты монтаждау көбігі, 8 700 текше метр топырақ пайдаланылды. Бұдан бөлек, АМӨЗ ұжымы табиғи апаттан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына қаржылай көмек көрсетті.

«Жөндеу-механикалық цехының жұмысшылары азаматтық белсенділік танытып, жерлестеріне көмек ретінде бір күндік жалақыларын аударуға ниет білдірді. Зауыт ұжымы олардың бастамаларын қолдап, нәтижесінде үлкен игі іске ұласты. Қиын жағдайға тап болған отандастарымызға қол ұшын созу – әр қазақстандықтың міндеті», - деді «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Абзал Досжанов.

Бастама нәтижесінде 39,4 млн.тг көлеміндегі қаражат «Атырау» корпоративтік әлеуметтік даму қорының есепшотына аударылды. Қор мамандарының айтуынша, зауыт жұмысшылары жинаған ақша су тасқынынан жапа шеккен отбасыларға көмек көрсетуге, сондай-ақ жағалаудағы бөгеттерді нығайту үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, табиғи апаттың зардаптарын жою жұмыстарына қатыспақ.

Атап айтқанда, кәсіпорын ұжымы Атырау облысының су тасқынынан жапа шеккендерге қаржылай көмек ретінде біркүндік еңбекақыларын аударады. Сондай-ақ «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Абзал Досжановтың тапсырмасымен арнайы штаб пен 150 зауыт жұмысшыларынан тұратын жұмылдыру жасағы құрылып, облыс әкімдігімен бекітілген аумақта су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысады.

Сонымен қатар АМӨЗ арнайы техникалар, жеке қорғаныс құралдары мен өзге де құрал-саймандармен қамтамасыз ететін болады. Қажет болған жағдайда халықты эвакуациялау үшін көлік құралдарын жұмылдыруға да дайын.
Бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ зауыт арқылы Жылыой ауданына 20 тонна дизель отынын жөнелтті. Бұдан бөлек АМӨЗ Махамбет ауданына жанар-жағармай сақтауға арналған сыйымдылықтар мен жағалауды қорғау жұмыстары үшін қажетті құрал-жабдықтар жіберетін болады.

ҚазМұнайГаз су тасқынынан зардап шеккен инфрақұрылымды, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру шараларына қатысады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өз қызметін жүргізетін өңірлердегі инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін қаржылай көмек көрсетеді.
Бүгін компания басшысы су тасқыны кезеңіне байланысты қалыптасқан жағдай бойынша жиналыс өткізді. ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев еншілес ұйымдарға жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, қажетті көмек көлемін шұғыл анықтауды тапсырды.

Компания қаражатты өндірістік қызметін жүргізетін өңірлерге (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары) жіберетін болады. Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны) эвакуациялық тікұшақтарға жанармай құю жұмыстарын жеделдету мақсатында Ақтөбе облысының зардап шеккен аудандарына барып, көмек беруде.

«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС қызметкерлері тәулік бойы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның ұшақтарын жанармаймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік қауіпсіздік шаралары жоспарын жүзеге асыру аясында Мұнайды қайта өңдеу және мұнай өнімдерін терең күкіртсіздендіру (МҚӨ және МӨТК) өндірісінің бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысында (БДГ ҚҚ) LOTO (Lockout/Tagout) – энергия көздерін оқшаулау жүйесі енгізілді. Жүйе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кезінде технологиялық түйіндерді (ілмекті арматура, дренаждық жүйелер, электр ажыратқыштары және т.б.) бұғаттап, ескерту белгілерін қою арқылы персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Энергия көздерін оқшаулау процесі тростық бұғаттау құрылғылары, шұралар, электравтоматтар, іске қосу түймелері мен қосқыштарды бұғаттауыштар, сондай-ақ көбейткіш ысырма секілді арнайы құрылғыларды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Зауыттың қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің мамандары ұйымдастырған оқыту барысында БДГ ҚҚ технологиялық қондырғысының өндірістік персоналына жөндеу және техникалық қызмет көрсету кезінде LOTO жүйесін қолдану арқылы қауіпсіз жұмыс жасау ережелері түсіндірілді.

Бұл жүйені пайдалану процестерді басқару арқылы жабдықтың кездейсоқ іске қосылуын болдырмауға мүмкіндік береді, өндірістік жарақаттар тәуекелдері мен потенциалды қауіпті жағдайларды азайтуға көмектеседі, сонымен қатар жасалып жатқан жұмыстардың қауіпсіздігін бақылау деңгейін арттырады.

Атырау мұнай өңдеу зауытында механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасының II кезеңін іске қосу-баптау жұмыстары жүруде. Бұл кезең аясында ағынды суларды орташа резервуарлары, сорғы станция ғимараттары, өзін-өзі шайғыш сүзгілер мен флотация блоктары салынған болатын. Қазіргі кезде қашықтықтан басқару, технологиялық қорғау мен бұғаттау, сондай-ақ автоматты өрт дабылы жүйелерін баптау жұмыстары жалғасуда.

Желдету және түтінге қарсы қорғау жүйелерінің жұмыстары тексеріліп, технологиялық, электротехникалық және бақылау-өлшеу аспаптары сынақтан өтіп жатыр. Iске қосу-баптау жұмыстары сәуір айында аяқталады деп күтілуде. Екінші кезеңді іске қосу мамыр айына жоспарланған.

Реконструкциялау нәтижесінде механикалық тазарту қондырғыларының өнімділігі 2 есе артпақ. Тазартылған судың бір бөлігі зауыттың өндірістік қажетіне жұмсалып, Жайық өзенінің суын пайдалану көлемі 9 %-ға азаяды.

Еске сала кетейік, Tazalyq экологиялық жобасы аясындағы механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жұмыстары Еуропалық қайта құру және даму банкінің қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы да Әз-Наурызды қарсы алды. Мереке күні зауыт аумағы этноауылға айналды: ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылып, ұлттық тағамдар әзірленді. Жұмыс киімдерін қазақы нақыштағы киімдерге ауыстырған зауыттықтар тойдың сәнін кіргізді. Сахна төрінен қалықтаған әсем әндер мен әдемі би мерекені қыздыра түсті.
Жиылған жұрт бауырсақ, наурыз көже мен қазы-қартадан дәм татып, мейрамның тарихы мен мән-мағынасынан сыр шертетін театрландырылған қойылымды тамашалады.

Спортқа жаны құмар зауыттықтар кір тасын көтеру, қой көтеру, ләңгі тебу мен арқан тартыстан бақтарын сынады. Бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары-бас инженердің м.а Еркін Сүлейменов Наурыз мейрамы салт-дәстүрлерді жаңғыртудың ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысымызды нығайту мүмкіндігі екенін атап өтті.

Іс-шара соңында зауыт ардагерлері елдің тыныштығы мен ауызбіршілігін тілеп, бата берді. Айта кету керек, биылдан бастап жаңа үлгіде атап өтілетін Наурыз мерекесі Атырау мұнай өңдеу зауытында 10 күнге жуық тойланды.

Наурызнама онкүндігінің шымылдығын ашқан Көрісу мерекесінен бастап кәсіпорында «Таза әлем» экологиялық акциясы, quiz форматында «Дәстүрден тағылым» зияткерлік ойыны, қайырымдылық жәрмеңкесі, асық ату, садақ ату, арқан тартыс және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «соңғы шақырым» туралы және «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың табиғи газды тікелей «QazaqGaz» АҚ ҰҚ-дан сатып алу жөнінде тапсырмасын орындау мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауыты «ҚазТрансГазАймақтан» газ жеткізу туралы келісім жасады.

2024 жылдың 6 наурызында «АМӨЗ» ЖШС газбен жабдықтаушы кәсіпорыннан өнімнің алғашқы партиясын қабылдады. Қазіргі таңда газ қабылдау жұмыстары штаттық режимде жүргізілуде.

2024 жылы «АМӨЗ» ЖШС-ның отын газын тұтыну көлемі 130 млн текше метрді құрайды деп күтілуде, бұл шамамен 700 млн тенге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Атырау мұнай өңдеу зауыты 2004 жылдан бері технологиялық пештерде жағу үшін ең экологиялық таза отын түрлерінің бірі – табиғи газды пайдаланады.

Қасиетті Рамазан айын тойлау аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында «Қамқорлық менен және сенен басталады» қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Іс-шарада зауыт қызметкерлері өз қолдарымен жасаған кондитерлік өнімдер, сусындар, қолөнер бұйымдары, балаларға арналған ойыншықтар мен кәдесыйлар сатылымға шығарылды. Қолайлы бағадағы сапалы өнімдерді сатып алуға жиналғандардың саны көп болды.

«Біздің зауытта жұмыстан тыс уақытта қолөнермен, тапсырысқа тәттілер дайындаумен айналысатын талантты жұмысшылар өте көп. Олардың туындыларын әріптестерге таныстыру үшін, сондай-ақ Рамазан айында қайырымды іс жасау мақсатында жәрмеңке ұйымдастырылды. Зауыттықтар бастамамызды қолдап, ұсынылған тауарларды белсенді түрде сатып алып жатыр. Қайырымдылық мақсаттағы мұндай шараларды жиі өткізу жоспарда бар», - деді «АМӨЗ» ЖШС бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан Нақпаев.

Жәрмеңке аясында жиналған қаражат аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге жұмсалатын болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521