Алаштың айбыны – Ақмешіт

Атырау облысындағы Қазақстанның киелі орындарының тізіміне енген 4 нысанның бірі – киелі Ақмешіт мекені. Ақмешіт – Құдіреттің күшімен таңғажайып қасиеттерге ие емші, болашақты болжай білген көріпкел, сәулет өнерінің қайталанбас шебері Пір Бекеттің туған жері.

Ертеректе Ақмешіт қорымы туралы білетіндер мен деректер аз болды. Еліміз егемендік алғаннан бастап бұл киелі жерге барушылар қатары көбейді. Бүгінде Ақмешіт тек қазақстандықтардың қадірлеп-қастерлеп, басына түнеп, тілек тілейтін, зиярат ететін мекені ғана емес, шетелдіктердің де назарын аударған тылсым құбылысқа ие, туристік мекенге айналып үлгерді.

Ақмешіттегі Бекет атаның ХVІІІ ғасырда салдырған алғашқы жер асты мешітін кезінде қызылдар оқ-дәрімен жарып, құлатып тастаған. Көнекөз қариялар мешіттің орнында қос шұңқыр ғана қалғанын айтады. Кейін жылыойлық азаматтар 1990 жылдың ортасында Маңғыстаудан шеберлер шақырып, қайта жаңғыртты. Борпылдақ бор таудан қашап салынған ақшағаладай аңшаңқан кесенелерді қайта қалпына келтіру жұмысының қандай қажырлы еңбекпен атқарылғаны күллі Жылыой жұртына аян. Ақмешіт жерінің басындағы мешіт құрылысына еңбегі сіңген жанашыр азаматтар көп. Сол істің бастамашысы, киелі орынның бүгінгідей сәулетті туристік мекенге айналуына үлес қосқан азамат Төкен Танаұлы болатын. Ұзақ жылдар түрлі ұжымда басшылық қызметте болған Төкен Танаұлы 1994 жылы аудан әкімі болып сайланады. Сол жылдары Бекет әулиенің кіндік қаны тамған жері, ата-анасы мәңгілік қоныс тепкен қорымы «Ақмешіт» кесенесін көтерту жолындағы төккен тері ел жадында.

Өткен жылдың сәуір айында Төкен Танаұлы елге белгілі бір топ ақсақал, азаматтармен бірге Бекет ата әруағына тағзым етіп, Ақмешітке зиярат жасаған болатын. Міне, сол уақытта басынан бітпей тұрған жаңа қонақ үй құрылысын көзіміз шалған-ды. Мұны көрген Төкен Танаұлы ауданның жанашыр азаматтарына қозғау салды. Жақында осы құрылыс жұмыстары өз мәресіне жетті де Көрісу күні қарсаңында ашылу рәсімі болып өтті.

Ақмешіттің басындағы қонақ үйдің іргетасы алғаш 2019 жылы қаланған еді. Алайда әлемдік пандемияға байланысты құрылыс жұмыстары бірнеше жыл бойы тұралап қалып, биылғы жылдың наурызында ғана қолданысқа берілді. Қонақ үй ғимаратының жалпы көлемі 18х40 метр. Ғимараттың ішін аралау барысында онда қонақтарды қарсы алуға арналған үлкен залдар, оң және сол жақ қапталында ер мен әйел адамдарға арналған намазхана, демалу бөлмелері мен Ақмешіт басындағы имам-шырақшыға арналған бөлменің бар екенін білдік. Одан бөлек, мұражай және асхана бөлмесі тағы бар.

Аудандағы ұйымдастыру алқасының төрағасы Ерқұл Дәулетбаевтың сөзінше, биылғы жылдың ақпан айының басынан бастап жылыойлық және маңғыстаулық азаматтар ұйымдасып 13-14 наурыз күндері Ақмешіттің басына барып ас беріп, Амал мерекесін өткізіп, қонақ үй ғимаратының тұсаукесер рәсімін ұйымдастыруды жоспарлаған екен. Дәл солай жоспарға сай іс-шаралар өтіп, қонақ үйдің лентасын Төкен Танаұлының өзі қиды. Жаңадан пайдалануға берілген ғимараттың ішкі жай-жапсарымен танысқан қонақтар Ақмешіт кесенесіне барып, зиярат етті. Жылыой мұсылмандар мешітінің бас имамы Жасұлан Қағазғалиев Құран оқып, ата рухына дұға бағыштады. Кесене ішіндегі құрылтай орнында көптеген мәнді-мағыналы сөздер айтылды.

Сол күні кешке Ақмешіттің жаңа қонақ үйінде қасиетті Рамазан айына орай ораза ұстаушыларға ауызашар дастарханы жайылды. Ал 14 наурыз күні жылыойлық және маңғыстаулық ата ұрпақтары жиналып, Амал мерекесін тойлады. «Бұл өткізілген іс-шаралардың мақсаты мен мәні - елдің бірлігі, ауызбіршілік пен ынтымақ» - дейді ұйымдастыру алқасының төрағасы Ерқұл Сабырұлы.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521