АРАЛДА ҚАЛҒАН АУЫЛ

Тасқын кезінде тілсіз жаумен табанды түрде текетіреске түскен елді мекеннің бірі – Тұрғызба ауылы. Тасқын су аталған округ орталығын түгелдей қоршап алды. Картадан қарасаңыз, сол сәттегі ауыл мұхиттың ортасындағы Жапония мемлекетін көзге елестететін еді. Аудан орталығымен қатынасты ұстап тұрған жалғыз Тұрғызба-Құлсары тасжолын да су шайды. Бірақ тұрғызбалықтар мойымады. Алтын бесігін табиғи апаттан аман алып қалды.

Тасқын асфальтты алқымнан ала бастаған күні ауылға аудан әкімі Жұмабек Қаражанов келді. Ол тұрғындарды шұғыл түрде қауіпсіз аумаққа көшіру жөнінде түсінік жұмысын жүргізді. Алдыңғы кезекте әйел-балалар мен үлкен кісілер көшірілді. Бірақ ер-азаматтар мен оларға қызмет қылып жүрген жарлары, бірқатар ауыл тұрғындары қоныс аударудан бас тартты. Өйткені үміт нышаны әлі бар-ды. Ауылды қорғауда әсіресе жастар жағы ерледі. Оларды ұтымды ұйымдастыра білген Бағытжан Әбдісалықов, Түгелбай Бекжанов сынды бас көтерер азаматтар еді. Олармен ауыл әкімі Данияр Айтпенбет пен әкімдіктің бас маманы Сламғали Досқалиевтер де күш біріктірді. Бұл бір жергілікті билік пен халықтың бірлігін сынға салған сындарлы сәт болды. Ауыл маңындағы барлық жайылым жазықтығы телегей теңіздей суға толып, арыны алқымнан алғанда «кемедегінің жаны бір» болады екен.

Тасқын басталған алғашқы сәуірдің 2-сінен 3-іне қараған түнде ауданнан келген техника күші жоқ, ауыл тұрғындары өз қолындағы арнаулы көлігі мен тракторын ортаға шығарды. Тіпті, баяғы совхоздың сарқыты - «МТЗ», «Беларусь»-тер де пайдаға асып кетті. Ауылдың Абзал Балғынбаев, Ернұр Есқайыров,Асқар Әбілов,Аманқос Мұстафин, Түгелбай Тұрсынов, Тұрар Әбдешов, Асхат Алдабергенов сынды азаматтар қолда бар техникасымен топырақ тасып, жер күреп, жаға бекітуге тез кірісті. Бір түнде ауылдың қара жұмысқа жарамды ер-азаматтары мен жастары тынымсыз тер төгіп, Тұрғызбаны айналдыра жеті жерден бөгет тұрғызып шықты. Олар, негізінен, тасқын қауіп төндірген «Беріштөбе», «Ықсантүбек», «Ескі құрылыс» пен «Жаңа құрылыс», «Кебіркөл», «Орталық» және «Бірінші Қора» тұстарынан мықтап бөгелді. Қора-қопсыда, сарай мен шоланда жатқан қапшықтар жиналып, топырақ қапталып, дереу жаға бекіту жұмыстары да дереу қолға алынды. Оған жастармен бірге мектептің жоғарғы сынып оқушылары да жұмылды. Дер кезінде алынған шұғыл шаралардың арқасында тасқынның алғашқы толқынының тұмсығы тасқа тірелді. Бірақ қуануға әлі ерте еді. Құлсарының жартысына жуығын алған алапат тасқын ауданға үлкен шығын әкелді. Ағысы сағат сайын артып, көтерген бөгеттерге өршелене ұмтылды. Алғашқы қойылған қаз-қатар қаптар су астында қалып, су деңгейі күн санап көтеріліп бара жатты.

Бірақ тұрғызбалықтар қайтқан жоқ. Ауылды аман қалып қалу үшін белді бекем буған азаматтарға ауданның жедел штабынан да қосымша күш жеткізілді. Бұл ауыл әкімі Данияр Айтпенбет пен №4 мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Сымбат Қабдырахмановалардың ықпалымен келген транспорт құралдары еді. Нәтижесінде «КТЛ» «Интертаско», «Казкомсервис», «КазГлобалСолюшн», «АВС лимитед», «Сенімді құрылыс» сынды мердігер мекемелерден барлығы 6 погрузчик пен 10-ға тарта самосвал техникалары көмекке келіп, оларға ауылдың 4 тракторы да қосылды.

Соның арқасында бөгеттерді қосымша биіктету, нығайту және бекіту жұмыстары күшейтілді. Оларда түнімен кезекшілік ұйымдастырылып, бөгеттер тәулік бойына күзетілді. Қыз-келіншектер, шаруаға жарамды әйелдер жеті жерден тігілген палатканың ішінде асхана ұйымдастырып, еразаматтар мен жастарды үздіксіз тамақтандырып отырды. Орта мектеп спортзалы азық-түлік базасына айналды. Ондағы жұмысты Әлібек Мейірманов жүйелі түрде үйлестіріп тұрды.

Тұрғызбаны ала алмаған тілсіз жау қаламен қатынасты үзуге тырысты. Трассадағы көпірге қатер төндіріп, нөпір су асфальттың үстіне шығып кетті. Ауыл азаматтары сонда да табандылық танытты. Олардың бір бөлігі бүлінген көпірдің астын жөндеуге кіріссе, екінші бір тобы ағыс шайған жолдың жиегін бекітіп, қосымша топырақ төгіп, қалпына келтіруге жұмылды. Су тасжолды жарып кетсе, Жаңа Қаратонға қауіп төнеді. Сондықтан тұрғызбалықтар өз қамы үшін ғана емес, көршілес кенттің де қауіпсіздігі үшін күресті. Бұл – сәуірдің 6-сы күні еді. Бір мезетте ауыл халқы эвакуацияланып, қауіпсіз аймаққа көшіп жатты.

... Бүгін, міне, күні – түні тынымсыз төгілген тер текке кетпеді. Ауыл халқының бірлікпен қылған тірлігінің арқасында Тұрғызбаны тасқын су баса алмады. Қазір тұрғындар бұрынғы мамыражай өмірге қайта оралып, өңірдегі өзге жұртқа үлгіөнеге көрсете білді. «Бірлігі күштіні жау алмайды» деген осы да.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521