ads_banner

Қазақ қолөнерін жандандыруда

Осы аптада №19 мектепте әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту және қазақ қолөнерін жандандырып, кеңінен насихаттау мақсатында екі күндік шеберлік сабағы өтті. Бұл бастама Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен, Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр.

Оған ауданымыздағы ауылдық округтер мен қаладағы қыз-келіншектер қатысты. Шебер-жаттықтырушы Әсел Өтебаева заманауи технологиямен құрақ көрпе тігуді, ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар жасауды көрсетті.

-Біз облысымыз бойынша қазақ қолөнерін жандандыру жобасын ұсынып, грант ұтып алдық. Атырау қаласында «Қазақ қызы» академиясын аштық. Онда 7 жастан 18 жасқа дейінгі қыз балалар асхана әдебі, аспаздық шеберлік, қолөнер және тігу, хореография, ағылшын және тағы да басқа пәндер бойынша оқытамыз. Бүгінгі шеберлік сабағына аудандағы жиырма бес адам келіп отыр. Оларға алдымен теориялық сабақ өткізілді, енді тәжірибе жүзінде көрсетудеміз. Қолөнер және бейнелеу өнерінің шебері Әсел Өтебаева қыз-келіншектерді ісмерлікке баулуда. Бірінші күнгі сабақта құрақ көрпені қалай тігу керектігі көрсетілсе, екінші күні ұлттық нақыштағы әшекейлерді жасап үйренеді. Мұндай шеберлік сыныбы облысымыздағы барлық аудандарда өткізіледі. Тамыз айының 7-9-ы аралығында Атырау қаласында шеберлік сыныбын өткізіп, қорытындылаймыз. Сол жерде біздің шеберлік сыныптан өткен әр ауданның қыз-келіншектері өздерінің қолдарымен жасаған құрақ көрпелерін біріктіріп, үлкен панно жасалады,-дейді «Білім болашақ» ЖШС-нің директоры Әсия Мухсинова. Қатысушылар осындай пайдалы шараны ұйымдастырып отырған аудандық кәсіпкерлік бөліміне ризашылықтарын білдірді. Шара соңында қатысушыларға арнайы шеберлік сабақтан өткендігі туралы сертификат табыс етіледі.

Қ.Дүйсенбетов

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner