Бейнебақылау талапқа сай емес

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңының 10-3-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес «меншік нысанына қарамастан, террористік тұрғыдан осал объектілердің меншік иелері, иеленушілері, басшылары немесе өзге де лауазымды адамдары террористік әрекеттің алдын алу, сондай-ақ объектілерді терроризмге қарсы қорғау және олардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде сақтау мақсатында:

1) тиісті өткізу режимін, объектілерге қойылатын талаптарға сәйкес оларды қазіргі заманғы инженерлік-техникалық күзет жабдықтарымен жарақтауды қамтамасыз етуге;

2) үлгілік паспорттың негізінде өздеріне сеніп тапсырылған объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын әзірлеуге;

3) персоналды үй-жайларды қарап тексеру техникасына үйрету, жарғыш құрылғылардың орнатылуы мүмкін орындарды анықтау бойынша профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын өткізуге;

4) жасалған терроризм актісінің салдарынан туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлескен іс-қимылдарды жоспарлаумен пысықтауға;

5) объектінің ақпараттық желілерін қорғауды, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға міндетті».

«Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі №191 қаулысының 74) тармағында «Телевизиялық бейнебақылау жүйесі көрнекі ақпаратты күзет бөлімшесінің арнайы бөлінген үй-жайында (болған жағдайда) не болмаса орталықтандырылған күзет пунктінде орналасқан техникалық құралға немесе жинауға, өңдеуге, көрсетуге және тіркеуге арналған техникалық құрал жиынтығына беруді қамтамасыз етуі тиіс. Ақпаратты сақтау мерзімі кемінде 30 тәулікті құрауы тиіс» делінген.

Алайда 2011 жылы аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасына жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлігімен тіркелген бір құлсарылық кәсіпкер бұл заң талаптарын орындамаған. Ол үстіміздегі жылдың 6 маусымында аудандық ішкі істер бөлімінің полиция қызметкері тарапынан кәсіпкердің иелігіндегі Құлсары қаласында орналасқан мамандандырылған базарын террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуы және олардың басшыларымен Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл заңнамасында көзделген талаптарының сақталу жағдайына тексеру жүргізгенде белгілі болды. Нәтижесінде бейнебақылау камерасының ақпаратты 30 тәулік сақтамайтыны және 2018 жылға оқу-жаттығу жұмыстары ұйымдастырылмағаны, жарылғыш заттар орнатылуы мүмкін орындарды анықтау мақсатында іс-шаралар өткізілмегені анықталды. Бұл жөнінде акт жасақталып, арнайы нұсқама берілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 149-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін тиісті әкімшілік іс қозғалды.

Сот жеке кәсіпкердің әрекеті ӘҚБтК-нің 149-бабының 1-бөлігімен дұрыс сараланған деп тапты. Өйткені ол «террористiк тұрғыдан осал объектінің басшысы және меншік иесі бола тұра, объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттерiн тиісінше орындамаған». Кінәсі іс құжаттарымен толықтай дәлелденді.

Аудандық соттың қаулысымен кәсіпкер жоғарыдағы баппен кінәлі деп танылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 481 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бірақ ӘҚБтК-нің 819-бабының 2-бөлігі қолданылып, тағайындалған айыппұлдың жалпы сомасының 30 пайызы қысқартылды. Сөйтіп, ол 336700 теңге төлеуге міндеттелді.

Қ.ОРЫСПАЕВ,

аудандық соттың бас маманы,

сот отырысының хатшысы.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ,

өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521