ads_banner

«Бізге еліміздің туын аспандатып, гимнін шарықтататын жастар керек»

o

Ол Құлсары қаласындағы Жастар үйінде жас спортшылармен және аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова ашып, келген қонаққа сөз берді.

-Бұған дейін Алматы облысын аралап шығып, енді міне, Жылыой ауданына келдім. Келгендегі мақсатым - осы жердегі спорт саласына қатысты ахуалмен танысу. Ұлттық олимпиада комитеті жеңіс тұғырында көк туымызды аспандататын, гимнімізді шарықтататын жастарды тәрбиелеуді мақсат тұтады. Ондай жастар өз араларыңызда бар,- деді Бақытбек Хамит залдағы жиналған көпшілікке қарап,- аудан әкімі Азамат Бекет талай жарыста еліміздің қоржынына жүлде салған өте беделді спортшы. Кезінде облыстың спорт саласын басқарды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Атырау облысынан спорттың әр түрінен чемпиондар шықты. Ол кісінің спортқа деген оң көзқарасы белгілі. Ол Жылыойға келген соң осы салаға көп көңіл бөледі деп ойлағанбыз, солай боп шықты да. Азамат Бауыржанұлы Құлсары қаласында үлкен спорттық жаттығу кешенін салып беруге ұсыныс берді.

Бақытбек Хамит бұдан соң ауданымызда спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында және спортпен айналысатын балалар мен жастардың саны туралы сұрады. Бұл сұраққа Жылыой балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Жарылғасов Мұрат жауап берді.

-Ауданымызда таэквондо, дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол, жекпе-жек сияқты спорт түрлері өте жақсы дамыған. Жалпы спортпен мыңдаған адам тұрақты әрі кәсіби түрде айналысады. Әр ауылда денешынықтыру - спорттық кешендері бар. Оларда жүздеген балалар мен жасөспірімдер, ересектер шұғылданады. Сондай-ақ ауылдық жерлерде 3 спорт мектебі бар. Спортшыларымыз әлемдік, республикалық, аймақтық жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Азия біріншілігіне жылойлық жастар да қатысқалы отыр,- деді аудандық спорт бөлімі басшысы.

Аудан әкімі орынбасары Фарида Ахметова ауданымыздағы спорт саласының бүгінгі деңгейі туралы айтты.

- Қазіргі кезде Жылыой ауданы халқының спортқа деген қызығушылығы өте жоғары. Ауданымызда халықаралық деңгейдегі спорт жарыстары өтті. Мәселен, ережесіз жекпе-жек сайысын тамашалауға келген жанкүйерлерде есеп болмады. Басқа да бұқаралық спорт жарыстары жиі өтеді. Қаладағы балалар мен қарияларға дейін қатысқан жаяу жүгіру марафоны табысты өткізілді. Жақында мемлекеттік қызметкерлер арасында баскетболдан ірі жарыс өтті, оған тек қыздар қатысты. Спорт саласы бойынша алда өткізілетін ауқымды спорттық шаралар жоспарланған,- деді ол.

Бүгінгі кездесуге жиналған жұртшылық арасында ардагер журналист, жазушы Қонаш Қалдыоразов отырған болатын. Ол Бақытбек Хамитке «Өзіңіз қандай спорт түрімен айналысасыз?» - деп сұрақ қойған еді, Б. Хамит «дзюдо және грек-рим күресіне айналысқанын» айтты. Ардагер ақсақал Қонаш ағамыз өзінің де жас кезінде спортпен шұғылданғанын, қазір ұлының өз спорт клубын ашқалы отырғанын айтып өтті. Кездесуге келген ақын Бүркіт Базарбаев орта білім беретін мектептердегі дене тәрбиесі мұғалімдерінің сапасына көңіл бөлу қажеттігін, шет мемлекеттерде бұған баса мән беретінін, Мұстафа Өзтүрік мектебін мемлекет қолдап отырғанын айтып, өз ұсынысын білдірді.

Залдан бір ата-ана «Ұлымды бес жасынан бастап таэквондоға қатыстыра аламын ба?»- деп сұрады. Бұл сұраққа орай Бақытбек Хамит өте түсінікті етіп мағлұмат берді. «Бес, жеті жаста әлі ойын баласы ғой. Дене құрылымы жетілмеген нәзік болғандықтан мұндай спорт түрімен шұғылданғанда шаршап қалуы мүмкін. Бес жаста көркем гимнастикамен айналысуға болар, бірақ спорттың ауыр түрлерімен айналысқанда абай болған жөн. Жалпы бала спортқа өз еркімен, өз жүрек қалауымен келгені дұрыс. Ол үшін оны алдымен үйірмелерге, спорт секцияларына апарып көрсету керек. Ол жерде баланың қызығушылығы оянады, болашаққа таңдау жасайды»,- деді ол.

Бақытбек Хамит айтқандай, еліміздегі Ұлттық олимпиада комитетінің мақсаты - Қазақстанның намысын шетелдерде қорғай білетін, еліміздің атын әлемге паш ететін мықты спортшылар дайындау. Ондай дүлділ спортшылар Жылыой ауданынан, қарапайым ауыл баласының ішінен шықпасына кім кепіл!

Ендеше бүгінгі кездесудің жастарға берер тәлім-тәрбиесі жоғары болғаны анық. Оны залға жиналған жастардың ұшқын шашқан жанарларынан да аңғардық. Кездесуден кейін Бақытбек Хамит жасөспірім спортшылармен бірге суретке түсті.

С.Тәжіқызы.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner