ads_banner

Күй күмбірлеген күн

 

Талантты жастардың қабілетін ұштап, қастерлі өнер әлеміне қанат қақтырған колледж ұжымы өткен аптада ауданымызда болып, "Шаттық Отаны" атты концертін берді. Өнер ордасы Елбасының "Мәңгілік ел" ұлттық идеясын және "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында өнер мен мәдениет саласына кәсіби, орта буын мамандарды дайындауда үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Оған бүгінгі концертте де куә болдық. Даңқты күйші Дина әженің ізін жалғаған күйшілер мен жезтаңдай әншілер жылыойлықтарға ерекше сезім сыйлап, рухани нәр берді.

Сахна шымылдығын колледждің "Халықтық" студенттік ұлт-аспаптар оркестрі ашып, талантты композитор Сыдық Мұхамеджановтың "Шаттық Отаны" композициясын орындады. Бұдан соң Динаның "Әсем қоңыр" күйі мен Ықыластың "Жезкиігін" күмбірлетті. Кезек халық әні "Әләулімге" беріліп, оны Сардарбек Әбілов орындады. Келесі өнерпаз сахна төріне шыққанда көрермендер ду қол соқты. Ол жылыойлық талантты әнші Байбақты Ідірбай болатын. Абайдың "Сырымды тоқтатайын айта бермей" әнін шырқағанда үлкендер көзіне жас алып, жастар ұйып тыңдады. Халық Байбақтыға зор қошемет көрсетіп, ерекше ілтипатпен шығарып салды. Осындай үлкен құрмет жылыойлық дарынды күйшілер Азамат Жұмағалиев пен Аманжол Елешовтерге көрсетілді. Бұл күні күйшілер күй тартыс орындап, колледждің қыз-жігіттерінен құралған хор да өнер көрсетті.

Кеш соңында аудан әкімі Әлимұхаммед Құттұмұрат-ұлы сөз сөйлеп, жылыойлықтардың атынан колледж директоры Г.Садуақасоваға алғысхат табыс етті. Аудандарға гастрольге шыққан колледж ұжымы шетелге де жол жүргелі жатқанын, онда қазақтың ұлттық өнерін паш ететінін жеткізген колледж директоры жылыойлықтарға ыстық ықыластары үшін алғысын білдірді.

П.ЖАУЫНБАЙ.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner