ads_banner

Күтумен өткен ғұмыр

Жауынгер атасын бауыры Жақсығали ғаламтор желісіндегі арнайы сайт арқылы тынбай іздестіріп, ақыры нақты нәтижеге қол жеткізіпті. Дегенмен:

-Ғаламтордағы мәліметтер бойынша көкеміздің сүйегі қойылған аймақ Украинаның Днепр өзенінің оң жақ жағалауындағы Полтава облысы, Переяслав ауданы екендігі көрсетілген-ді. Бірақ кейін нақты жерленген Черкасск облысының Канев ауданы, Бучак деревнясындағы бауырластар зираты екендігі анықталды. Бауырымыздың басына барып зиярат ету, туған жердің топырағын апарып салу мақсатында өткен мамыр айының 25-інде жиеніміз Асылбек Елешовпен бірге Днепр жағалауына жол тарттық.Сапар қарсаңында есіткен алып-қашпа әңгімелер бекер екен. Украина халқы, соның ішінде жергілікті Бучак деревнясының жұрты өте қарапайым, мейірімді, қонақжай болып шықты.Бізді жылы шыраймен қарсы алып, бауырластар монументіне алып барды. Көкеміздің ауыр шайқасты бастан өткеріп, өмірінің соңғы кездерін өткізген жерлерді өз көзімізбен көріп, рухына тағзым ету бізді ерекше тебіреністі сезімге бөледі, - дейді Айжан.

Жылыойлық жауынгер Күмісқали Сарбасов 1920 жылы Жылыой өңірінде дүниеге келіпті. Өзі үш ұлдың ортаншысы екен. Білімді жас еңбекке ерте араласып, 17 жасында ауылдық пошта меңгерушісі болып қызмет атқарды. Үлкен ағасы Түрке 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, Фин соғысына қатысқан. Ауыр жарақат алып, 1939 жылы елге оралады. Сол жылы әкесі Сарбас 54 жасында дүниеден озғанда інісі Шыңғали 9 жаста екен. Ал К.Сарбасов әскер қатарына 1942 жылы алынады. Башқұрстанның Бугуруслан қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Сол жерде жүріп, елге фотосуретін салып, хат жазады. Бірақ бұл жылыойлық жауынгердің анасы Разияға жолдаған соңғы хаты болатын.

Айжан Сарбасова мен Асылбек Елешов жат жерде жатқан көкесінің басына туған жердің топырағын салып, рухына дұға бағыштап, парызынан құтылған соң Переяславтағы тарихи мұражайда болды. Онда жерлестеріміз борышын өтеген 206-атқыштар дивизиясы туралы мәліметке қанықты. 3600 қазақ пен 2441 орыс, 853 татар, 841 башқұрт, 511 грузин, 411 украин, 248 азербайжан, қырғыз, мордвин, чуваш секілді басқа да көп ұлттардан құралған әскери құрама Воронеж, Курск, Белград түбіндегі шайқасқа қатысып, Букрин плацдармі арқылы Днепрден өту кезінде қанды қырғынға тап болады. Жауынгерлерге 1943 жылдың 2 қарашасына дейін Бучак деревнясындағы 243-ші биіктікте орналасқан нүктеден өзеннің батыс жағалауына кесіп өту тапсырылады. Мұндағы мақсат Украинаның астанасы Киев қаласын азат ету үшін жол ашу еді. Бірақ мұздай қаруланып, өзеннің арғы бетіндегі биік жарқабақтың басына мықтап бекініп алған жау дивизияны үлкен шығынға ұшыратады. Сондай ауыр шайқастың бірінде дивизияның 664-ротасының телефонисі, ефрейтор Күмісқали Сарбасов та оққа ұшты.

-Әлі есімде, үш бүктелген жерлері қиылып қалған көк қағазға жазылған, әріптері өшуге айналған, көкеміздің сонау соғыс жылдары елге жолдаған сәлем хатын әжем Разия маған қайта-қайта оқытатын. Онда ұлы өзінің аман-есен жүргенін, жақын арада майданға кіретінін және інісі Шыңғалиға тентек болмауын, анасына көмектесуін тапсырыпты. Әйтпесе «Ертең ауылға барғанда сазайын тартқызатынын» ескерткен тұстары есімде қалыпты. Хаттағы көкемнің әр сөзін тыңдап отырған әжем бейне баласы тірі жүргендей, ертең елге келіп, «Шыңғалидың сазайын беретіндей» күй кешіп, көзіне жас алып отыратын-ды,-дейді Айжан Сарбасова.

Расында да, жылыойлық жауынгер жігіттің анасы, ағасы мен інісі де оның қаза тапқанына сенбей, елге аман оралар деген үмітпен өмірден өтті.Өйткені оның амандығын айғақтайтын хаты мен фотосуреті бар-ды. Сол сәлемхат сарғайған сағыныш сезімінің куәсіндей болып ұзақ уақыт сақталды.

Ербол ҚОШАҚАНОВ,

арнаулы тілшіміз.

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қараша 2019
ПВСЧПСВ
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Жарнама

ads_banner2

ads_banner