var base_url = 'http://www.ken-zhyloi.kz/index.php?option=com_sppolls'

ads_banner

НЕСИЕ КЕШІРІЛДІ

Қарапайым халық үшін биылғы жылдың басты жаңалығының бірі - 2019 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы болды. Жарлық жарқырап жарыққа шыққалы көп жұрт одан зор үміт күткені рас. Бірақ оның көңілді су сепкендей басатын көлеңкелі тұстары да бар болып шықты. Егер Жарлықты жақсылап мұқият оқысақ, онда Мемлекет басшысының «Өмірлік қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөнінде уақтылы көмек көрсету мақсатында» қаулы еткенін көреміз. Ал іс жүзінде қалай? Құжатта көрсетілгендей, ол шынымен де «қиын жағдайдағы» отбасыларды қарыз қамытынан құтқарды ма? Әрине, Жарлықтың жақсылығын көре алмай қалған отбасылар да бар. Әрине, оған Президент кінәлі емес. Мемлекеттің ортақ базалық ақпаратына отбасылық құрамы туралы толық мәліметті енгіздірмей қалған салғырттығымыз кінәлі.

«Қарыздарым жабылады» деп жайбарақат жүрген жұрттың жартысы қыркүйектің 3-інен бастап әбігерге түсті. Өйткені біз көрген жерде Үкіметке үміт артып отырған кейбір көпбалалы аналар мен асыраушысынан айрылғаны үшін жәрдемақы алып отырған әйелдердің сенімі ақталмай қалды. Неге екені белгісіз, олар Жарлықта көрсетілген санатқа жатқанымен, іс жүзінде қарызы кешірілетін жандардың тізімінен өздерін таба алмай дал болды. Ештеңеге түсінбей, беймаза күй кешкен жұрт, алдымен, банкке лап қойды. Ондағылар жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына жұмсады. ЦОН болса тек тізімде бар-жоғыңды ғана қарап бере алатын мемлекеттік мекеме болып шықты. «Неліктен тізімде жоқпын? Не себепті несием кешірілмеді?» деген сауалға ондағы бірде-бір маман нақты жауап бере алмайтыны белгілі болды.

Біз осыған орай аудандағы «Kaspi bank» пен «Халық банк» Құлсары филиалының басшылары Гүлмира Харесқызы мен Қуан Алтайұлынан аудан бойынша несиесі кешіріліп жатқан жандар туралы ақпарат білгіміз келген еді. Бірақ бұл жұмыстар жүйелі түрде жоғарғы министрлік пен несиелік бюроның келісімімен жасақталған жалпы ақпарат екенін алға тартып, мәлімет бере алмады. Дегенмен «Kaspi bank» басшысы Гүлмира ханым кейбір мәселелер бойынша түсінік беруден бас тартпады:

-Алдымен, айта кету керек, Жарлықта көрсетілген санатқа жататын азаматтардың 1 маусымға дейін алған несиесі ғана кешіріледі. Онда да өтеу кестесінде көрсетілгендей, жылдық пайыздарын қосқанда банкке қайтаратын сомасы 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Сонда ғана оның 300 мың теңгесі кешіріледі. Кей тұрғындардың есепшотына түсіп жатқан ақшаларға келсек, ол қайтарылып жатқан артық төлемдер деп білген жөн. Несиесін өтей алмай, мерзімін асырып, өсімпұлы мен айыппұлын арқалап жүрген азаматтардың мәселесіне тоқталсақ, оларға да дәл осы талап жүреді. Бірақ коллекторлық компанияға өтіп кеткен клиенттердің несиесі кешірілмейді,-деді ол.

Филиал басшысы, сондай-ақ, көпбалалы отбасы ретінде өзін тізімнен таппаған қарауындағы қызметкерінің Атырау қаласына барып, құжат тапсырып келгенін де жасырмады. Өз есімін жария етпеуді сұраған азамат төрт баласының барлығын, келіншегінің де, өзінің де маусымның 1-не дейін банктен несие алғанын айтты. Бірақ жұрттың кредиті жабылып жатқанда, неге екені белгісіз, олардың қарызы кешірілмеген. Белді бекем буған жігіт Атырау қаласына жол тартқан. Ондағы «Құрманғазы» мәдениет үйінде АХАЖ қызметкерлері өзін тізімнен таппаған халықтың құжатын қабылдап жатыр екен. Көпбалалы әке ретінде ол да бар құжатын өткізіп қайтқан. Бір қызығы, ондағылар Атырау қаласынан не ауданнан келдің деп бөліп жатқан жоқ. Келгенді кері қайтармайды. Банк қызметкерінің айтуынша, бұл жүйе барлық банктер Ұлттық банк алдында есеп беретін қыркүйектің 18-іне дейін жұмыс жасайды екен. Бірақ біз тілдескен «Халық банк» АҚ Атырау филиалының менеджері Әсел Аймұха-нова сәрсенбі күні жоғарғы жақтан еліміз бойынша «кредитті кешіру» процесінің аяқталғаны жөнінде хабарлама келгенін айтады.

Халыққа қызмет көрсету орталығында болса бұрынғыдай емес, халық саябырсыған. Орталықтың бөлім басшысы Е.Отарбаев бізге «Памятка по долговой нагрузке» деген қабырғада ілулі тұрған бір жапырақ қағазды көрсетті. Оның айтуынша, өзін тізімнен таба алмаған тұрғындар сонда көрсетілген еnbek.gov.kz сайтынан іздестіріп, болмаса, сонда өз ұсынысын беруі керек екен.

Мәселенің мәнісі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтық хал-актілерін жазу бөліміне барғанда белгілі болды. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, 2008 жылға дейін некеге отырған ерлі-зайыптылардың неке қию туралы куәлігі мен соған дейін туылған балаларының туу туралы куәліктері АХАЖ бөлімінің базасына қайта тіркеліп, жаңартылуы тиіс екен. Яғни сол кездегі құжаттар орысша айтқанда «оцифровкадан» өтуі тиіс. Онсыз куәлік иесінің отбасылық құрамы ортақ мемлекеттік база мәліметінде толық көрінбей қалады. Бұл жөнінде аудан тұрғындары 111 call-орталығына телефон шалғанда біліпті. Кейбір көпбалалы аналар мен отбасында асыраушысынан айрылған жалғызбасты әйелдердің тізімге ілікпей қалуы - дәл осы себептен болса керек.

-Бірақ базаны жаңарту -бұл кісілер тізімге еніп, несиесі кешіріледі деген сөз емес. Оған АХАЖ бөлімшесі жауап бермейді. Біз тек «оцифровка» жасап, базаға салып, жаңартып береміз,-дейді бөлімнің АХАЖ секторының жетекшісі Анар Ақбердиева.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, еліміз өркениетке тән цифрлық технологияға әлдеқашан көшсе де, осындай игі бастама кезінде кемшін тұстарымыз көрініс тауып жатады. Жалпы, халықтың несиесін кешіру осы жылдың аяғына дейін созылады деген жақсы хабар да бар. Ендеше, тізімнен өзін таппаған жандар «Үмітсіз – шайтан» дегендей, үмітін үзбегені жөн!

Ербол Қошақанов,

арнаулы тілшіміз

Жарнама

ads_banner2

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

қыркүйек 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Жарнама

ads_banner2

ads_banner