«Балам тәрбиешілерін жақсы көреді»

Тәрбиеші – ол жүрегі жақсылық пен жаңалыққа толы ұлы тұлға. Сол бойындағы барлық білім мен білікті, тәрбиені баланың жүрегіне жеткізү – үлкен қасиет. Міне, сондай асыл қасиеттер өн бойынан табылатын тәрбиешілер туралы сөз қозғамақпын. Олар қаламыздағы «Өркен» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі міндетін атқарушы Бақытгүл Жақсылықызы Есенова, әдіскер Искакова Салтанат Әбішқызы, «Дарын» мектепалды тобының тәрбиешілері Жұбаева Нұржамал Ерсайынқызы, Жумалиева Жамила Бейбітбайқызы, көмекші апай Балжан Қасымқызы туралы болмақ.
Бала жанын терең ұғына білетін, талапшыл, мәдениетті, кішіпейіл, ата-аналармен жақсы қарым-қатынас орната білген баламның тәрбиешісі Нұржамал Ерсайынқызының жақсы қасиеттерін өз баламның бойынан танып, көріп келемін. Нұржамал Ерсайынқызына балам Байболсын 3 жасынан бастап барды. Балабақшаға барған кезден бастап осы апайын қатты жақсы көреді. Тәрбиешісіне бауыр басып, ашылып, пысық болды. Апайы іс-шараларға үнемі қатыстырады. Соның арқасында Байболсын түрлі ертегілер арқылы шындалып, қатысқан байқауларынан орын алып жүр. Әр орын алған сайын балам қуанып, алға қарай ұмтыла берді.
Жақында өткен Мұқағали Мақатаевтың жырларын оқудан балам I орын иеленді. Енді Абай оқуларына қатысқалы жатыр. Жанында сондай білікті тәрбиешілері бар да Байболсын тағы да жетістікке жетеді деп сенемін. Бастысы орын алуда емес, бастысы – тәрбиешісінің баламды талпындырып, шыңдап, байқауларға қатысуына құштарлығын оятуында. Ал оның осы жетістіктеріне біз бір мақрайып отырамыз. Ал Жамила Бейбітбайқызы Байболсынға осы жылдан бастап тәлім беруде. Осы аз уақыттың ішінде екеуі жақсы тіл табыса білді. Өте мықты маман. Баламен жақсы қарым-қатынаста. Мәдениетті, жүзі жылы. Шараларға қатыстырып, жүлделі орындар алуына септігін тигізіп жүр. Баламның жетістікке жетуі, алға ұмтылып талпынуы – осы тәрбиешілердің арқасы.

Таңертеңгісін Байболсын бақшаға кіргеннен "Апай сәлеметсіз бе!" деп, бар дауысымен шаттана амандасады. Үнемі өзім апарамын ғой. Көтеріңкі көңіл-күймен, сағынып, қуанып кіріп барады. Әрине бұл да тәрбиешілерінің жылы шырай танытып, қарсы алғандығы шығар деп ойлаймын. «Апай мені мақтады, апай құшақтады» деп мәз болып айтып отырады. Баламның осындай мейірімді, жаны жайсаң, кішіпейіл тәрбиешілерінің болғанына қуанамын.

Тәрбиешілері Нұржамал Ерсайынқызына, Жамила Бейбітбайқызына мықты денсаулық, еңбегіне мол табыс тілей отырып, үлкен алғысымды білдіремін!

«Өркен» бөбекжай-бақшасының «Дарын» мектепалды тобының тәрбиеленушісі Байболсынның атасы Бақтығали ЖИЕНҚҰЛОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521