ads_banner

Парасатты педагог, іскер басшы

Қазіргі таңда мұнда 900-ге жуық бала екі ауысымда білім алады. Бүгінде 55 жылдық тарихы бар оқу ордасын Майра Таңатарова басқарады. 1990 жылы осы мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі болып жұмысқа орналасқан ол жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қана қоймай, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен де таныла білді. Орыс тілін жақсы меңгеріп, математикаға ойы ұшқыр ұстаз сөз саптау шеберлігімен көзге түсетін. Әсіресе оқу кабинеттерін көрнекі құралдармен жабдықтауда алдына жан салмады.

Осындай өз ісіне ұқыпты ұстаз көп ұзамай мектептің оқу ісінің меңгерушілігіне көтерілді. Сол кезден бастап білім ошағының білім сапасы едәуір жақсарды. 2014 жылдан бастап №13 мектепке директор болып тағайындалған Майра Әбуғалиқызы оқу орнын басқарған бес жылдың ішінде өзін қолынан іс келетін басшы ретінде көрсете білді. Ең алдымен, мектеп жанындағы шағын орталықтар қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталды. 2016 жылы оқу орны ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өтіп, барлық парталар мен жиһаздар жаңартылды.

2015 жылдан бастап алғашқы әскери дайындық кабинеті жасақталып, өткен жылы жаңа модификациялық физика кабинеті алынды. Оқушылар асханасы да заманға сай жарақтанып, мектеп жаңа музыкалық аспаптармен қамтылды. Ол - үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл жан. Ғаламторды өзге мұғалімдерден бұрын меңгеруі де сондықтан болса керек. Оқу процесінде жаңа ақпараттық технологияны тиімді пайдалану мақсатында 5 интерактивті тақта орнатты. Мектеп алғашқылардың бірі болып ғаламтор желісіне қосылды. Қазіргідей кадр тапшылығы кезінде мектептің пән мұғалімдерімен толық қамтылуына баса назар аударуда. Олардың педагогикалық шеберлігін шыңдау арқылы білім сапасын көтеруге күш салып келеді.

Майра Таңатарова жастайынан көпбалалы отбасында тәрбиеленді. Оның ағасы мен екі апасы да - мұғалім. Осындай ортадан шыққан жанның мықты маман болуы заңды құбылыс еді. Аз жылдағы жетістігі үшін 2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс әкімінің алғысхатымен, биыл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ұлағатты ұстаз, парасатты педагог Майра Әбуғалиқызының алар асуы әлі де алда.

Зоя ЖҰБАНИЯЗОВА,

ардагер ұстаз

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

желтоқсан 2019
ПВСЧПСВ
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner