Парасатты педагог

Ұстаз деген - ұлы ұғым. Ұлы деп танылған тұлғалардың бәрі де осы ұстаздан тәлім алған. Біз алғашқы ұстаз деп танитын Аристотельді де, әлемге аты әйгі Әл-Фарабиді де, ғылым қуған Диотты да ең алғаш білім нәрімен сусындатқан осы ұстаздар. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, шәкірттің зейінін ашып, белгілі бір салаға қанат қақтыратын да осы ұстаз болмақ. «Ұстазының дәрежесі төмен болған мемлекет дамымақ емес» немесе «Бүтін бір елді жойғың келсе, оның білім жүйесін құрт. Білім жүйесін құртсаң, ол ел соғыссыз-ақ өзінен-өзі құлдырайды» деген қағидалы сөздер бар әлем саясаткерлерінің арасында.

Әрине, бұл нақылды бекерден бекерге мысалға келтіріп отырған жоқпыз. Өйткені, біз де сол сөзден сабақ алып, ұлағатты ұстаздардың дәрежесін әркез көтеріп жүруіміз керек. Қазір де оқушысын өз баласынан артық уайымдап отыратын ұстаздар жетіп артылады. Соның бірі - №1 мектептің математика пәнінен дәріс беретін Фарида Төреханова. Қаталдық көрсеткенімен, оқушыға болсын деген мейірімді мінезі айрықша байқалады.

Фарида Бақтығалиқызы 1965 жылы 18 наурызда бұрынғы Гурьев қаласында дүние келген. 1990 жылы Гурьев педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетін математика және физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын осы өндірістік өңірде бастап, көптеген құлсарылық оқушының «ғылымның атасы – математикаға» деген құштарлығын оятқан. 1990-2014 жылдар аралығында қаладағы №1, кейін №7 мектепте, содан соң №24 мектеп-гимназияда ұстаздық қызметте болып, алғашқы жасаған оқу ордасына кері оралады. Міне, содан бері он жылға тарта уақыт осы №1 мектепте еселі еңбек кетіп келеді.

Осы жылдар ішінде Фарида Бақтығалиқызының еңбек жолында жеткен жеңісті жетістіктері де сан алуан. 2018 жылы республикалық «Қазақстан ұстазы» және «Дарын» қашықтық олимпиадасынан ІІ, ІІІ дәрежелі дипломды иеленіп, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сол жылы облыс орталығындағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісін омырауына тақты. 2019 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған ұстаз. 2020 жылы «ust.kz» халықаралық алгебра пәнінен өткен ұстаздар олимпиадасының І дәрежелі дипломын жеңіп алып, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен ұлығыланды.

Әрине, айта берсе, ұлағатты ұстаздың негізгі мамандығынан бөлек көпшілік біле бермейтін қасиеті мен жеткен жетістіктері аз емес. Фарида Бақтығалиқызы тек қана математикамен шектеліп қалмай, қазақ әдебиетінің классикалық туындыларын да асқан қызығушылықпен оқиды. Соның әсерімен кей кездерде қалам тербеп, жыр жазатыны да бар.

Шәкірттерге тек қана арнаулы пәнін ғана меңгертіп қоймай, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жаңа қанат қаққалы тұрған жас түлектерден ақыл-кеңесін де аяп көрген емес. Сондықтан да Фарида апайдың шәкірттері ұстазын 10, 20 30 жылдан кейін де ұмытпай, алтын ұясына кері оралып, мұғаліміне құрмет көрсетіп жатады. Бұл сөз жоқ, парасатты педагог мамандығының мәртебесі ел арасында, соның ішінде, жастар ортасында әлі де жоғары екендігін көрсетсе керек.

Ерназ Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521