ads_banner

Аллергия иммунитет жұмысы бұзылуынан болады

Қазір көпшілік адамдар аллергиядан зардап шегіп жүр. Аллергияны тұмаумен шатастырып алып жүргендер де бар. Газетіміздің өткен санында «Аллергиядан қалай құтыламыз?» тақырыбында қала тұрғыны Қ.Қожаназартегі өзекті мәселе де көтерген болатын. Сондықтан аллергияның қайдан пайда болатынын және оны емдеп жазудың жайын «INTERTEACH» клиникасының жалпы тәжірибелі дәрігері, аллерголог Гүлмира Жолдыбаевадан тәптіштеп сұрап, сұхбаттасқан болатынбыз.

allergolog

- Кейбір адамдар аллергия екенін білмей, тұмау деп жүре береді. Екеуінің көріністері бірдей: мұрын қышиды, көз қызарады. Аллергиямен ауырғаныңды қалай білуге болады?

-Аллергия - бүгінгі таңда ең көп тараған аурулардың бірі. Сырқат кішкене бүлдіршіндерден бастап, қарияларға дейін кездеседі. Аллергия ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсерінен болады. Иммунитет жұмысы бұзылса, сезімталдық артып, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаңның, өсімдіктердің, тағамдардың, дәрі-дәрмектердің, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Әсіресе көктем-жаз мезгілдерінде шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі кездеседі.

Жаз айларында өршитін себебі, осы мезгілде қаулап өсетін түрлі гүлдер және шөптермен байланысты. Аллергияға тап болған науқастың көзі, мұрны және денесі дуылдап қышып, қып-қызыл болып қызарады, бөртіп кетеді. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болып, терісі бөртеді, ісінеді, тамағын қысып, тыныс алуы нашарлайды. Мұны айналамыздағы аллергиялық аурудың зардабын шегіп жүрген адамдардан көріп жүрсіздер.

Кей кездері науқастың тыныс алуы нашарлағаны соншалық, демалысы тарылады, өкпесі қысылады немесе денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, дем ала алмай, тіпті аллергияның кесірінен естен танып қалуы да мүмкін. Сондықтан мұндай белгілер білінгенде науқас дәрігерге қаралғаны абзал.

-Көп аллергиялық ауру тұқым қуалайды дейді. Бұл қаншалықты рас?

-Аллергияның жиі кездесетін себептері туралы айтар болсақ. Біріншісі, егер ата-анасының бірі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырған болса, баланың сол аллергияға бейімділігі жоғары. Егер баланың әкесі бұрын аллергиялық аурудың бір түрімен ауырса, баланың аллергиялық ауруға шалдығу ықтималдылығы - 85 пайыз, ал анасы ауырған болса, баланың ауруға бейімділігі - 50 пайыз.

Екінші – жүре пайда болатын аллергия. Жүре пайда болған аллергияның бірнеше түрлері болады. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері жиі кездеседі. Бұл – маусымдық поллиноз, аллергиялық коньюктивтің кең тараған түрі.

Аллергия емінің біріншісі және ең дұрыс шарасы – аллергия шақыратын аллергеннен аулақ болу, яғни өзіңе жақпайтын аллергендерді анықтап, содан сақ болу.

Екіншісі – аллерголог дәрігермен кеңесіп, дәрі-дәрмектермен емделу. Үшіншісі – аллергенспецификалық иммунотерапия қабылдау.

-Аллергияның қалай алдын алуға болады? Қазір көп адамның шаң-тозаңнан аллергиясы бар. Жалпы бұған қандай ем бар?

-Аллергияның алдын алу үшін гүлдену күнтізбесі бойын­ша, өсімдігіңіздің гүлденетін ке­зе­ңінде қасына жоламау керек. Далада таңғы сағат 6.00-ден 10.00-ге дейін көп жүрмеуге тыры­сыңыз, себебі сол уақыт­та өсім­діктер тозаңды көп бөледі. Шаңсорғышпен жұмыс істегенде ылғал дәкеден жасалған маска тағыңыз. Жұмысыңызды бітіргесін сол бөлмеден тозаң арылғанша шыға тұрыңыз.

Құрғақ, ашық, желді күні далада жүрмеуге тырысыңыз. Әрине, аллергияның алдын алу, уақытында ем алу әр адамның өзіне байланысты. Ең бастысы, аурудың алдын алу, одан сақтану және толық ем алу, емдәм сақтау, оңалту шаралары жөнінде өзіңіздің жалпы тәжірибелі дәрігеріңізден және аллерголог дәрігерден толық кеңес алған дұрыс.

-Әңгімеңізге, жалпы пайдалы кеңестеріңізге рахмет.

Қ.Дүйсенбетов

Жарнама

ads_banner2

Күнтізбе

қазан 2019
ПВСЧПСВ
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Жарнама

ads_banner2

ads_banner