Бала ақыл-ойындағы ақау: алдын алу, емдеу жолдары

Үш күн бойы орталық аурухананың 3-қабатының дәлізінде кезекте тұрған жылыойлықтардың саны көп. Қолына бір-бір бала ұстаған тұрғындар Атырау қаласынан келген дәрігерлерден тегін кеңес алғалы тұр екен. «Дәрігерлер бізде де бар емес пе?» деуі мүмкін әлдекімдер. Бірақ реабилитолог дәрігер біздің аудан түгілі, облыстың өзінде бірен-сараң екенін жақсы білеміз. Сондықтан «Болашақ К» қоғамдық қорының оңалту орталығынан арнайы келген орталық директоры, реабилитолог Жібек Бисенова тұрғындар үшін аса қажет маман болып тұр. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда ақыл-ойы мен сөз сөйлеуі дамымай қалған балалар саны көбейіп кетті. Оның себебін әркім әртүрлі топшылайды. Біз бұл мәселенің мәнісін маманның өзінен сұрағанды жөн көрдік.

-Жібек Қуанғалиқызы, ауданға келудегі мақсатыңыз қандай еді?

-Бұрын аутизм, ақыл-ойы мен сөйлеу дамуының кешігуі деген диагноз қойылған балалар сирек кездесетін. Ал қазір олардың көптігі сонша, арнайы емдеу орындарына сыймай, үйден ем алуына тура келіп тұр. Соңғы жылдары көбейіп кеткен мұндай ауруларға немқұрайлы қарауға мүлдем болмайды. Біз еліміздің болашағы – балаларымыздың білімді, саналы, бәсекеге қабілетті болып өскенін армандаймыз ғой. Ал денсаулығында ақауы бар перзент көбейіп жатса, бұл – елдің қасіреті деп айтуға болады.

Сондықтан біздің Атырау қаласындағы «Болашақ К» қоғамдық қорының оңалту орталығы осы мәселені шешудің бірден-бір жолы – әлеуметтік жобаны іске асыру керектігін түсінді. Сондықтан бұл проблеманы қалай шешу керек, оған не қажет, соның барлығын жазып, «Теңізшевройл» компаниясына ұсынған болатынбыз. ТШО қаржыландыратын әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жобамыз қолдау тауып, бірнеше жылдан бері «Атырау облысында «Ерте араласу» бағдарламасы бойынша ерте оңалту» жобасы шеңберінде жұмыс жасап келеміз. Жобаның мақсаты - қозғалуы мен дамуы тежелген балаларды емдеу, оңалту жұмыстарын ерте бастау.

Біздің дәрігерлер бұған дейін осы ауданға келіп тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын медицина қызметкерлеріне дәріс берді. Яғни, оларды бала бойындағы қандай да бір ақауды ерте анықтауына үйреттік. Міне, бүгінгі мақсатымыз да аудандағы 3 жасқа дейінгі балаларды қабылдап, ата-анасына тегін кеңес беріп, бағыт-бағдар беру. Өзіммен бірге мұнда невролог-невропатолог дәрігерлер де келіп, қабылдау жүргізуде.

-Қанша баланы қабылдадыңыз? Біздегі жағдай қалай екен?

-Кешелі бері 40-қа жуық баланы қабылдадым. Мен тек 3 жасқа дейінгі емес, жасы одан жоғары ұл-қыздарды да қабылдап жатырмын. Өкінішке орай, жасы 4-ке келсе де сөйлем құрай алмайтын, сұрағыңа жауап бермейтін, айтқаныңды түсінбейтін бала көп болып шықты.

-Ақыл-ойы мен сөйлеу дамуының кешігуі бар балалар неге көбейіп кетті деп ойлайсыз? Оның себебін ерте анықтауға бола ма?

-Жалпы әйел адам жүктілікке дайындалғанда денсаулығын реттеуі керек. Әсіресе қаны аз адамдар гемоглобинін қалыпқа келтіруі қажет. Өйткені қаны аз әйелден іштегі балаға оттегі жетіспесе, сәбидің, ең алдымен басында ауру пайда болады. Әрине, сосын жүкті әйел көп күйзеліске түспеу, құнарлы тамақтанып, таза ауада көп серуендеу деген сияқты қарапайым қағидаларды орындамайды. Ал кішкентай балалар мезгілінде ұйықтамайды, дұрыс тамақтанбайды, таңертеңнен кешке дейін қолдарында ұялы телефон. Содан кейін олардың ештеңеге қызығушылығы жоқ, сөйлемейді, түсінбейді, мінез-құлқы коррекцияға жатпайды, тәртіпке бағынбайды. Сондай балалармен ата-ана қарқынды түрде жұмыс жасаудың орнына, телефонын беріп, бір сәтке тыныштандырғысы келеді. Бұл жағдайдың одан әрі ушығып жатқанын түсінбейді. Жалпы телефон, теледидардан жүретін жарнамалар, көптеген мультфильмдер, ең аяғы көлік жүргізушілері жиі қолданатын «Тугис» сияқты телефон қосымшалары адамның өздігінен ойлануына мүмкіндік бермейді. Керісінше миды жұмыс жасатпай, робот қылуға әкеледі.

Ал баладағы дамудың кешігуін сәбидің айлық кезінде басын көтермеуінен, өздігінен аунамауынан, былдырлап сөйлемеуінен, жан-жағындағы заттарға көзінің түспеуінен де анықтауға болады.

-Бұл мәселенің алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

-Жалпы ақыл-ой, сөйлеу дамуында кешігуі бар балаларға дер кезінде мән берілмесе, ол өсіп кеткен соң көп нәрсе кеш болуы мүмкін. Сондықтан сәби құрсаққа біткеннен бастап онымен сөйлесуді, оны дамыту үшін жұмыс жасауды қолға алуымыз керек. Әсіресе 3 жасқа дейінгі балалардың миын жетілдіру оңай, олар көбіне икемге келеді. Өйткені, кішкентай баланың миында қосымша клеткалар көп болады. Міне, сол клеткаларды әрекет жасауға үйретсек, бала жақсы дамып кетеді. Ол үшін 1 жасқа толмаған балаға «мұрның, көзің, құлағың қане?» деп сұрақ қойып, тілімен айтпаса да, қолымен көрсете алатындай үйретуіміз керек. Негізінде жақсы дамып келе жатқан бала, денсаулығында қандай да бір ақауы жоқ бала екі аяғымен бірдей, бір аяғымен де емін-еркін секіріп білуі керек. Осылардың барлығына бала өмірге келгеннен бастап ата-ана мән берсе, қадағалап отырса, баласының дамуы үшін көп уақытын бөлсе, онда біз жоғарыда айтқан аурулардың алдын алар едік.

-Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен: П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521